Basty bet
Азық-түлік бағасы басты назарда болуы тиіс
Елдегі қымбатшылықтың ырыққа көнбей тұрғаны рас. 2021 жылы елдегі инфляция деңгейі қазан айында 8,9 пайызға дейін шарықтады. 5 қаңтар күні елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына байланысты Ақордада шұғыл жиналыс өткізген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атқарушы биліктің инфляцияны тежеу міндетін атқара алмағанын айтты. Ал 11 қаңтар күнгі Мәжіліс отырысында Мемлекет басшысы Қазақстан үшін жаңа кезең басталатынын қадап айтып, баға мәселесіне тағы да тоқталды.
Қымбатшылық дегенде, əуелі азық-түлік мəселесі алға шығады. Азық-түлік инфляциясының жеделдеуі – көкөніс бағасының күрт өсуіне, соңында оның ауқымды тапшылығына алып келді. Сəйкесінше, жанар-жағармай, киім-кешек, басқа да тұрмыстық заттардың қымбаттауы азық-түліктік емес инфляцияның шарықтауына əсер етті. Сонымен қатар, ақылы қызметтердің, оның ішінде электр энергиясы мен газ бағасы сияқты қадағаланбайтын коммуналдық қызметтердің тарифі де көтерілді. Мəжіліс отырысында Қ.Тоқаев біраз жылдан бері «сыздаған жараға» айналған инфляцияның экономика мен əлеуметтік саясатқа көлеңке түсіріп келе жатқанын ашық айтты. Бір қуантарлығы, Президент пәрменімен коммуналдық қызметтердің тарифтерін өсіруге 180 күнге мораторий жарияланып отыр. Осы аралықта жағдайды толықтай ретке келтіру керек.
Азық-түлік қауіпсіздігі – бұл стратегиялық мәселе. Қазіргі таңда азық-түлікке деген сұраныстың артып отырғанын, сонымен қатар, халық күнделікті тұтынатын азық-түліктік тауарлардың күн санап қымбаттап бара жатқаны жасырын емес. Қазір халықтың елеулі бөлігі әсіресе, азық-түлік бағасының жиі-жиі құбылатынына наразы. «Мал ашуы – жан ашуы» деген. Өткенде ел өңірлерінде орын алған жаппай тәртіпсіздіктердің астарында осы азық-түлік бағасы мен жанар-жағармай, одан қала берді сұйытылған газ бағасы, сонымен қатар, ақылы қызметтер тарифінің тым шарықтап кетуі сияқты мәселелердің жатқаны анық. Осындай әлеуметтік мәселелерге ашынған халықтың Үкіметке деген өкпе-реніші бір жағынан орынды. Қайткенде де бағаны тұрақты ұстап тұру мәселесі жаңадан жасақталған ел Үкіметінің алдында тұрған маңызды мәселелердің бірі болып қала бермек.
Азық-түлік бағасы жөнінен Президенттің жергілікті атқарушы орган басшыларына берген арнайы тапсырмасы бар. Оның сапалы орындалуын қамтамасыз ету де дәл осы жергілікті атқарушы орган өкілдерінің тікелей міндеті. Осы ретте, біз бұған дейін де аудандағы азық-түлік, оның ішінде әлеуметтік азық-түлік тауарларының тұрғындарға қолжетімділігін, сонымен қатар, бағаның өсу себептері туралы бірнеше рет талдамалық мақалалар жазған болатынбыз.
Жуалы ауданы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары, жанар-жағармай және сұйытылған автогаз бағалары, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы туралы аудан әкімінің орынбасары Жарқынбек Шоғалов былай деп түсінік берген еді.
-19 әлеуметтік азық-түлік тауарларының 11 түрі (бөлке нан, сиыр еті, тауық еті, майлылығы 2,5% пастерленген сүт, майлылығы 2,5% пастерленген айран, майлылығы 5,9% сүзбе, сары май, өсімдік майы, қырыққабат, сәбіз, картоп) аудан аумағында өндірілсе, сегіз тауар (күріш, бірінші сортты бидай ұны, қарақұмық жармасы, рожки, тауық жұмыртқасы, ақ қант, ас тұзы) ауданға басқа өңірлерден жеткізілуде. Қазіргі таңда Үкіметтің тапсырмасына сәйкес, аудандағы сауда орындарындағы азық-түлік қорының көлемі анықталып және аптасына екі мәрте жаңартылуда. Қазіргі таңда сауда орындарындағы азық-түлік қоры 125 тоннаның аралығында. Оның ішінде – 28 тонна ұн қоры, 2,5 тонна макарон, 1 тонна қарақұмық, 10 тонна ақ-қант, 3 тонна ас тұзы қоры қалыптасқан. Сонымен қатар, 12 000 данаға жуық тауық жұмыртқасы бар.
Күнделікті 11 наубайханада 3 145 дана нан пісірілсе, Тараз қаласынан «ХД» сауда белгісі бар зауыт нандары осында жеткізіліп, дүкендерге таратылуда. Одан бөлек, сегіз кәсіпорында сүт және сүт өнімдері және бір кәсіпорында өсімдік майы күнделікті өндірілуде. Тауық етін өндіру бойынша «Ахмадбекова.А» ЖК-да 3000 бас етті тауық бордақыланып, тамыз-қаңтар айларының арасында, айына 500 бас бройлер тауығы сойылып, етке дайындалды. Бүгінгі күнге жарты тонна дайын тауық еті сатылымда бар.
«Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның «Империя» ЖК тарапынан аудан көлемінде азық-түлік тауарларының бағасын төмендету үшін әлеуметтік павильон орнату және қызмет көрсету үшін аудан орталығы Б.Момышұлы ауылында аталған кәсіпкерлік тарапынан өткен жылдың соңында павильон құрылысы толықтай аяқталып, іске қосылды. Әлеуметтік дүкенде әлеуметтік тауарлар бағалары Үкімет белгілеген шекті бағада сатылуда.
Аудандық кәсіпкерлік бөлімі тарапынан әлеуметтік дүкендерде, супермаркеттерде тауарлар бағасының көрсетіліп тұруы және бекітілген шекті мәннен асырмау жұмыстары апта сайын жүргізіліп, негізгі әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларына үстеме бағаны 15%-тен артық көтермеуге аудан орталығындағы үлкен 13 көтерме сауда дүкен иелерімен меморандум жасалған,- дейді аудан әкімінің орынбасары Ж.Шоғалов.
Елімізде өзекті мәселелердің бірі болып отырған жанар-жағармай және сұйытылған газ бағалары туралы айтатын болсақ, қазір бұл жөнінде жағдай тұрақты. Әрине, бұған дейін жанармай мен сұйытылған газ тапшылығы мен бағаның өсуі бір емес, бірнеше рет орын алған еді. Бұл ретте де біздің аудандық газеттің тілшілері үнсіз қалған жоқ. Тапшылықтың не себептен орын алып отырғанын, бағаның неге жиі қымбаттайтыны жөнінде де бірнеше мақалалар жазылды. Бағаның қолдан өсірілуі өз пайдасын ғана көздеген белгілі бір «топтың мүддесі» екенін Президент сөзінен енді ғана түсінгендейміз. Әйтпесе, табиғи ресурстарға бай елде тұрып, түрлі қажеттіліктерге де келгенде тапшылыққа жиі ұрына беретініміз қандай жаман. Халықтың «өз қолы өз аузына» жететін күн де алыс емес деген сенімдеміз. Онда да Президенттің пәрмені мен Үкіметтің тапсырмасы жергілікті атқарушы орган өкілдері тарапынан сапалы орындалса ғана.
Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің мәліметінше, аудан аумағында 10 жанар-жағармай құю бекеті орналасқан. Бүгінде оның ішінде сегіз бекет қана жұмыс істеп тұр. Орташа бағалары бекітілген шекті бағадан аспаған. Атап айтқанда, АИ-92 – 182, АИ-95 маркалы бензиннің бір литрі – 205, дизель отыны – 230 теңгеден сатылуда. Сұйытылған автогаз құятын үш бекетте де автогаз бағасы тиісті бекітілген шекті бағада, дәлірек айтқанда, сұйытылған газдың бір литрі 60 теңгеден сатылымға шығарылуда.
Иә, қазір қай салада да баға тұрақтылығы халықтың «бас ауруына» айналғалы қашан. Ел мен жердің байлығының халыққа қолжетімділігін арттыруға келгенде, Үкімет осы уақытқа дейін үнсіз қалып, әсіресе, азық-түлік бағасына мүлдем қадағалау жасаған жоқ деуге болады. Бұл туралы Президент Қ.Тоқаев айтты. Бұрынғы Үкіметтің де отставкаға жіберілуі дәл осындай әлеуметтік мәселелердің ушығуымен тікелей байланысты.
Соның салдарынан табысы аз, ең төменгі жалақыға күнін зорға көріп отырған қарапайым халықтың қиналысын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Мұны біз өз жанымыздан шығарып отырған жоқпыз. Ел ішінде, халық арасында шыққанда тұрғындардың жеткізген өкпе-назын тиісті орындарға жеткізбеске тағы да амалымыз жоқ… Бастысы, баға тұрақтылығы мен әлеуметтік саясаттың басты назарда болғаны дұрыс.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»