Basty bet

Жайылымдық жер мәселесі қаралды

Аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаевтың төрағалығымен сегізінші шақырылған аудандық мәслихаттың кезекті сегізінші сессиясы өтті.
Сессия жұмысына аудан әкімі мен орынбасарлары, аудан әкімі аппаратының басшысы, бөлім, мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Күн тәртібінде бірінші жергілікті атқарушы органның Жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарды іске асырудың қорытындылары туралы аудан әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Қадырхан Жарасұлы есеп берді.
Ауданның жалпы жер көлемі 413 698 га. Оның ішінде, ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлер 216 334 га құрайды. Оның ішінде жайылым жер көлемі 114 559 га.
2023 жылы аудан әкімінің қаулысымен жалпы көлемі 915,5741 га. болатын 41 жер телімі мемлекеттік жер қорына қайтарылды. Оның ішінде егістігі 268,2723 га., жайылымы 586,1063 га., шабындық 45,0 га., басқа жерлер 16,1955 га.
Баяндамашының айтуынша, жайылым жерлер бойынша 2022 жылы Жуалы ауданы бойынша 2022-2023 жылдарға арналған Жайылым жоспары әзірленіп, аудандық мәслихатпен бекітілді. Аталған жоспар шаруа қожалықтардың, ауыл тұрғындарының малдарына (падаларына) жетіспейтін жайылым жер мәселесін шешу үшін қабылданған. Яғни, жайылым жоспарында ауылдық округтердің қауымдастық мүшелерімен келісе отырып бойдақ малдарды шалғайдағы жайылымдарға шығару арқылы елдімекенге жақын жайылымдарды сауынды сиырларға яғни, падаға босатып, жайылым жетіспеушілігін шешу жолдары толық қарастырылған. Бүгінгі күнге аталған Жоспардың орындалу барысы ауылдық округ әкімдерінің толық бақылауында.
“2022 жылы аудан әкімінің қаулысымен жалпы көлемі 5955,7 га. жер мемлекеттік жер қорына қайтарылды.
2022 жылы елдімекен айналасынан 5-7 шақырымда орналасқан жалпы көлемі 13 590 гектарды құрайтын 95 жер телімі анықталған. Оның ішінде, басым бөлігі Билікөл ауылдық округіне қарасты жалпы көлемі 10 144 гектарды құрайтын 56 шаруа қожалықпен ауылдық Қоғамдастық мүшелерімен жиналыс өткізіліп, жер телімдерін мемлекеттік жер қорына қайтармай-ақ ортақ пайдалану туралы келісіліп, бұл туралы облыстық жер қатынастары басқармасына қайтару жоспарынан алып тастау туралы хат жолданған.
Шаруа қожалықтардың жерлеріне кедергісіз мал жаюға Б.Момышұлы ауылы мен 13 ауылдық округ бойынша 103 шаруа қожалықпен 14,3 мың га жер телімімен келісім меморандум жасалды. Сонымен қатар мал басы көп тұрғындарды аудандық орман шаруашылығымен келісе отырып орман жер қорына шығару жоспарланған. Ағымдағы жылдың 1 тоқсанында аудан бойынша барлығы 80 жер пайдаланушыға 17 849 мың га. жер теліміне шартқа отырып 5 901 бас мал орман жер қорына шығарылды.
2022 жылы нысаналы мақсатында пайдаланылмай жатқан жалпы көлемі 10 887 гектарды құрайтын 3 жайылымдық жер телімі анықталып, Жамбыл облысы жер ресурстарын басқару департаменті тарапынан ескерту берілді. Оның ішінде Шақпақ ауылдық округінің тұрғыны Е.Райымқұловтың 1285,0 га. жайылым жері өз еркімен аудандық жер қорына қайтарды.
2022-2023 жылдары елдімекен тұрғындарының мал жайылымына мұқтажын шешу мақсатында ауданның босалқы жер қорындағы жалпы көлемі 15 425 гектар болатын жайылым жер телімдерін ауылдық округтердің теңгеріміне беру туралы жерге орналастыру жобасы дайындалды. Ағымдағы жылдың қыркүйек айында мәслихатқа бекітуге ұсынылады. Бекітілген соң жалпы ауылдық округтердің елдімекендерге тиесілі жайылымдық алқаптары 15 425 гектарға ұлғаятын болады”,-деді жайылымдық жер мәселесі жөнінде баяндама жасаған бөлім басшысы.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев жайылым жерлерді ортақ қолданысқа қайтару жұмыстары жүргізіліп жатқанымен, мал басының көбеюіне байланысты әлі де тұрғындар арасында дау-дамайлар орын алып жатқаны туралы айтты. Аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы жеке шаруаларға жер беру мәселесінде әлі де Ереже талаптары толық орындалмай отырғаны жөнінде айта келіп, Алатаудың етегіндегі жайылымдық жерлерге орналасқан малшылар сырттан мал қабылдайтынын, келер жылы мұндай жағдайларға құқық қорғау органдары мен тиісті басшылар бірлесіп халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тыйым салынатынын жеткізді.
Аудандық мәслихаттың депутаты Айбек Елекбаев жергілікті атқарушы органның Жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарды іске асырылуына мәслихат тарапынан жүргізілген зерделеу қорытындысы туралы айтып өтті.
Депутат Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің Ақсай, Көксайдағы жерлерін шаруа қожалықтарға беру мәселесінде іс жүзіндегі мен қағаз жүзіндегі іс-әрекеті сай келмейтінін, сонымен бірге Мойынқұмдағы Жуалы ауданының жерінде бір ғана жуалылық шаруаның отырғанын, қалған жерде Талас, Жамбыл және Байзақ аудандарының шаруалары отырғанын айта келіп, осы жерлерді өзімізге қайтару қажеттігін айтты. Сондай-ақ, қазіргі таңда Мойынқұмдағы Жуалының жеріне 15 шаруаның көшуге өтініші барын жеткізді.
Аудан әкімі тиісті мекеме басшысына бұл мәселені де мұқият қарап, реттеуді тапсыратынын баса айтты.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Жетітөбе ауылдық округінің әкімі Қайнарбек Беделбеков өзіне жүктелген функциялар мен міндеттерді орындауы жөнінде есеп берді.
Баяндамашыға аудандық мәслихаттың депутаты Мұхамеджан Әсемов ауылдық округ аумағында карантинге байланысты қойылған постта ешқандай жол белгілері қойылмағанын, бұл қателіктері көлік жүргізушілерге үлкен қауіп-қатер тудыратынын айтты.
Аудан басшысы сынды дұрыс қабылдап, тиісті мекемелер кемшіліктерді алдағы уақытта қайталамауын ескертті.
Баяндамаға қатысты яғни, Жетітөбе ауылдық округі әкімінің өзіне жүктелген функциялары мен міндеттерін орындауына мәслихат тарапынан жүргізілген зерделеу қорытындысы туралы аудандық мәслихаттың депутаты Қанат Наушабаев сөйлеп, ауылдық округте атқарылып жатқан жұмыстардың барысына, сапасына тоқталды. Аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев жұмыс барысындағы кемшіліктерді ауыл әкіміммен бірлесіп бақылауда ұстау қажеттігін айтты.
Күн тәртібіндегі аудандық мәслихаты әкімшілік-аумақтық құрылым, аумақты әлеуметтік-экономикалық дамыту, бюджет және жергілікті салықтар мәселелері, адамдардың құқығын қорғау жөніндегі тұрақты комиссиясының жұмысы туралы есебі; аудандық мәслихаты халықты әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту, ұлтаралық және азаматтық келісімді дамыту, білім, денсаулық сақтау, жастар ісі, мәдениет, спорт және қоршаған ортаны қорғау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының жұмысы туралы есебі; «Учаскелік сайлау комиссияларының құрамдары туралы» Жуалы аудандық мәслихатының 2019 жылғы 09 қаңтардағы №38-3 шешіміне өзгерістер енгізу туралы; Жуалы аудандық мәслихатының 2023 жылғы 28 сәуірдегі «Жуалы ауданы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясының дербес құрамын бекіту туралы» №2-9 шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселелер қаралды.
Сессия отырысының барысында аудандық мәслихаттың депутаты Ұлан Айхожаев ауылдық округ әкімдерін ынталандыру мақсатында олардың жылдық жұмыстарын бағалап, қорытындысы бойынша бір жылда бір ауыл әкіміне жаңа қызметтік көлік берілсе деген ұсынысын білдірді.
Аудан әкімі ұсыныстың орынды екенін айтып, оның методикасын әзірлеу керектігін, жалпы ұсынысты қолдайтынын жеткізді.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close