Basty bet
«Жүзі нұрға, жүрегі иманға толы еді…»
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашевтың анасы Ұлтуар Жұмашева туралы
-Менің анам Ұлтуар Жұмашева 1932 жылы Түркістан облысы Түлкібасы ауданы Азаттылық ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Анам 16-дан 17-ге аяқ басқан кезде атам Жұмаш анамның үйіне барып, ата-анасының алдынан өтіп, құда түскен екен. Осылайша анам Жұмашевтар әулетіне келін болып түседі.
Әкем мен анам талай жыл тауда қой бағып, қойшы болған адамдар. Тынбай еңбек етіп, балаларының қамы үшін аянбай тер төкті.
Анам он құрсақ көтерген. Оның екеуі жастайынан шетінеді.
1975 жылы әкем Шералхан ауыр науқастан о дүниеге аттанды. Сонда сегіз баланы асырап, бағуда анама барлық ауыртпалық түсті. Күндіз-түні тынбай еңбектенетін еңбекқор, ашық-жарқын мінезді еді, жарықтық. Тез ашуланып, тез басылатын. Бала тәрбиесінде аса қатал болды. Үнемі ақыл айтып, дұрыс пен бұрысты ажыратып беретін еді. Жастайымыздан еңбекқор, адал болуға баулып, «біреудің ала жібін аттамаңдар, біздің әулетке біреуге қиянат жасаған жақпайды» деп айтып, санамызға құйып отырды.
Үйдің тұңғыш баласы мен болғандықтан, анамның жанын түсінетінмін. Өсе келе үй шаруасына, совхоздағы жұмысына да көмектесіп, қолғабыс ететінмін.
Анамның пысықтығы сонша, үй шаруасына да, өзі жұмыс істеген совхоздың шаруасына да бірдей үлгеретін. Шаршамайтын. Билікөл ауылдық округіне қарасты Дарбаза ауылында ауданның барлық қойларын қырқатын үлкен база болатын. Сол базада қой қырқу науқанына белсене қатысып, жылда жүлделі орындарға ие болып, көңілі бір марқайып қалатын. Орын алғаннан кейін аудандық газеттер де жарыса жазушы еді. Мұндай кезде анамның төбесі бір елі көкке жетпей қуанатын. Бұл мені де риза қылатын. Осындай еңбектері еленіп, «Тыл ардагері» төсбелгісімен және бірнеше мемлекеттік наградалармен өз деңгейінде марапатталды. Одан бөлек, «Алқын алқа» алқасының иегері атанды.
Анам біздің қарнымыз тоқ, көйлегіміз көк болуы үшін, сауатты азаматтар болып, қоғамнан өз орнымызды тапсын деп, жоғарғы оқу орындарында оқытты. Біреуге алақан жаймай, өз қажеттіліктерін өздері тапсын дегені ғой.
Өкінішке орай, анам жарықтық 2021 жылы коронавирус індетінен қатты ауырып, сұм ажал өз мекеніне алып кете барды. Қабырғам қайысты. Мұңға баттық. Амал қанша…
Бала биікке жетсе қуанатын – ата-анасы. Көзі тірісінде біздің жеткен жетістіктерімізбен мақтанатын. Біздің қызығымызды, жақсылығымызды көріп, разылығын беріп кетті…
Бауырларымның барлығы үйлі-жайлы болды, беделді қызметтер атқарды. Соның барлығына анамыз риза болатын. Ал, баланың жеткен жетістігі, қашанда ананың жасаған дұғасымен келеді.
Осылайша қарапайым отбасында өскен мен ана сүтімен берілген еңбекқорлықтың арқасында, жұмысқа деген жауапкершілікпен беріліп, адал жұмыс істеудің нәтижесінде аудандық орталық ауруханада 40 жылдай еңбек етіп, оның 25 жылында бас дәрігерлік міндетті абыроймен атқардым.
Анашым, жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын!
Жазып алған
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»