Basty bet

Жаңа медициналық пункт – тұрғындар игілігіне

Халықтың денсаулығын нығайту арқылы өмір сүру ұзақтығын арттыру – мемлекет үшін маңызды мәселе саналады. Осы ретте аудандық орталық аурухананың мамандар құрамы өңір тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін өз деңгейінде қамтамасыз етіп келеді.
Аудандық орталық аурухана 50 мыңнан аса тұрғынды медициналық көмекпен қамту үстінде. Ауылдық аймақтарда алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дәрігерлік амбулаториялар, медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункттер көрсетсе, ал ауданның орталығында орталық емхана мамандары өңір тұрғындарының денсаулығын жақсартуға көмек көрсетеді.
Айта кететін болсақ, бүгінде ауданға қарасты ауылдардың барлығында «басы ауырып, балтыры сыздаған» науқастарға алғашқы дәрігерлік және медициналық көмек көрсететін жаңа нысандардың қатары жыл санап артып келеді. 2022 жылдың өзінде қасиетті өңірге қарасты үлкен ауылдық округтер – Ақтөбе және Күреңбел ауылдық округтерінде екі бірдей заманауи дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүргізіліп, жыл соңында тұрғындардың игілігіне берілсе, 2023 жылдың бедерінде де өңірде бірқатар жаңа денсаулық сақтау нысандары салынып, қолданысқа берілді.
Өңір тұрғындарының денсаулығын нығайту және олардың өмір сүру жасын ұзарту мәселесі ешқашан назардан тыс қалмайды. Биыл да бұл үрдіс өз жалғасын тауып, ауданның денсаулық сақтау саласы бірқатар жаңа ғимараттармен толыққалы отыр. Биыл бірқатар ауылда денсаулық сақтау нысандарының құрылысы жүргізіліп жатса, соның бірі – Шақпақ ауылдық округіне қарасты Ынтымақ ауылынан бой көтеру үстінде. Ауылдық медициналық пункттің жаңа ғимараты 5 келушіге арнап салынуда.
Ынтымақ ауылындағы Б.Момышұлы көшесі №35 мекенжайында орын тебетін жаңа денсаулық сақтау нысанының құрылысына тапсырыс беруші – Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс басқармасы. Құрылыс жұмыстарын бас мердігер тараздық фирма – «Синдикат групп» ЖШС атқарса, нысанның техникалық қадағалаушысы – «АстанаДорАрхитекс» ЖШС. Аталған жаңа нысандағы құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың 20-шы мамырында басталған. Сәтін салса, бұл нысанның құрылысы үш ай мерзімде аяқталып, тұрғындардың игілігіне беріледі деп жоспарлануда.
Иә, бұл медициналық пункттің құрылысын ауыл тұрғындары ұзақ күтті. Себебі, бұған дейін ескі ғимаратта лаждап медициналық көмек алып келген жергілікті тұрғындар жаңа ғимараттың ашылуын тағатсыздана күтуде. Жалпы ғимараттың аумағы 154 шаршы метрді құрайды (көлемі – 12х13 метр). Құрылысқа 15 соттық жер телімі бөлініп беріліп, қазір құрылыс басындағы жұмыстар кестеге сәйкес жүргізілу үстінде. Ең алдымен ғимараттың іргетасы бетоннан құйылып, ендігі кезекте колонналарымен бірге, қабырғалары күйдірілген қызыл кірпіштен қалану үстінде. Құрылыс басында бірнеше жұмысшы еңбек етіп жатыр. Айта кету керек, құрылысқа жергілікті жерден де жұмысшы мамандар тартылған.
-Құрылыстың басталғанына бір айға жуық уақыт болды. Қабырға кірпіштерін қалау жұмыстары 95 пайызға аяқталды. Қабырғаларынан кейін оның үстіне бетон плиталар қойылып, шатыры сапалы материалмен жабылады. Құрылыс материалдарының дені отандық өнімдер. Оларды облыс орталығынан осында жеткізіп, жұмыс процесінің қарқынын бәсеңдетпеуге барынша күш салудамыз. Қазір мұнда құрылыс жұмыстарымен қатар, кәріз суы құйылатын шұңқыр қазылып, оның айналасы бетондалу үстінде. Нысанның жобалық-сметалық құжаттамасында нақты көрсетілгендей, жаңа нысанға газ, электр жарығы және ауызсу құбырының желілері тартылады. Онымен қоса, жаңа нысан тиісті медициналық құрал-жабдықтармен де қамтамасыз етілмек. Мұның барлығына құрылыс жобасында тиісті қаражат қарастырылған,- дейді құрылыс прорабы, кәсіби маман Қамбарбек Момынқұлов.
Айта кету керек, жаңа нысан құрылысының жалпы жобалық-сметалық құны – 173,307 млн теңгені құраса, оның 38 миллион теңгесі медициналық құрал-жабдықтар сатып алуға жұмсалады. Қазір құрылыс басында сегіз адам еңбек етіп жатса, жұмыс қарқыны артқан кезде қосымша бес адам жұмысқа тартылмақ.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close