Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының құрылғанына 100 жыл толуына орай “Білім кәсіподағы: 100 жыл – бір бағыт, бір мақсат” тақырыбында педагогикалық ұжымдар көркемөнерпаздары шығармашылығының VІІІ фестивалі өтті.
Аймақтағы барша білім саласы қызметкерлерінің арасында дәстүрлі мерекеге айналған “Тәуелсіз елдің ұлағатты ұстаздары” атты педагогикалық ұжымдар көркемөнерпаздары шығармашылығының фестивалі алғаш рет Тәуелсіздігіміздің 10 жылдығына орай 2001 жылы бастау алған болатын.
Фестивальдің мақсаты – білім саласының шығармашылықпен айналысатын дарынды қызметкерлерін анықтау, олардың шығармашылық мүмкіндіктерін ұштау, қолдау көрсету, педагогикалық ұжымдардың ауызбіршілігі мен ынтымағын арттыру.
Ауданда өткен өнер фестиваліне “Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Ерұлан Мағзымбеков және өнер-білімнің түрлі саласынан өз ісінің нағыз майталмандары қазылық етті.
Фестивальді аудан әкімі Жалғас Мұртаза бастаған аудан басшылығы мен зиялы қауым өкілдері де тамашалады.
Өнер додасының шымылдығы №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназия ұжымының орындауындағы “Қазақстаным” хорымен ашылды.
Келесі кезекте аудан ұстаздарынан құралған фольклорлық ансамбльдің орындауындағы М.Огинскийдің “Полонез” шығармасы мен осы ансамбльдің сүйемелдеуімен №1 Балалар өнер мектебінің ұстаздары Ажар Райымбекова мен Сымбат Төребекованың орындауындағы халық әндерінен поппури көрерменнің көңілінен шықты.
Фестиваль барысында барлық жанр қамтылды.
Көркемсөз оқыған үш педагогтің да өнері көрермен жүрегін тебірентті. Атап айтқанда, “Қасиетті тіліңді сақта, балам!” шығармасын орындаған №13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің математика пәнінің мұғалімі Қуат Ғазиздің дауысы, дикциясы ерекше.
Шыңғыс Айтматовтың “Жан пида” шығармасын оқыған №1 Өнер мектебінің мұғалімі Ошархан Диананың өнеріне де көрермен тәнті болды.
Үшінші көркемсөз оқыған “Нұршуақ” бөбекжай-балабақшасының тәрбиешісі Нұржамал Ыдырысова “Тәуелсіздік” атты прозалық шығармасында халқымыздың басынан өткен нәубет жылдар, қысқасы, Тәуелсіздікті армандаған халқымыздың басынан өткен қиындықтарды, тарихымызды көз алдымыздан өткізіп, қасиетті, қастерлі тәуелсіздігіміздің бағасын, құндылығын әдемі жеткізе білді.
Ерекше тоқталып өтетін нөмірлер №7 Тұрсын Әкімов атындағы орта мектептің ұстаздары орындаған Мұхтар Мағауиннің “Бір уыс бидай” драмасы мен №16 Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектеп ұстаздарының орындауындағы Қанат Жүнісовтың “Сұңқар Сәкен” драмасы. Көрерменнің көзіне жас алдырған тарихи шығармаларды шебер орындай білген ұстаздардың өнерін көрермендер де, қазылар алқасы да жоғары бағалады.
Абылай Торы мен Бағдат Сувалиевтың орындауындағы “Жұлдызы биік Жуалым!”, Төребекова Сымбаттың орындауындағы “Құсни-Қорлан”, Әлішер Әбілдаевтың орындауындағы “Майлықожаның термесі”, №1 Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназияның ұстаздарынан құралған “Әсем саз” фольклорлық ансамблінің орындауындағы “Көкшолақ” әні, №27 Диқан орта мектебі, №29 М.Жұмабев атындағы орта мектептің ұстаздары мен “Аягүл” балабақшасы тәрбиешілерінің халық әні “Құмған алған”, №13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Гүлжайна Кауканованың орындауындағы “Гауһартас”, трионың “Туған жер”, әндері сәтті орындалды.
Фестиваль барысында орындалған “Мектеп вальсі”, “Жастар биі”, “Овация”, ұйғыр, үнді биі, “Аққу”, “Киіз басу”, “Қамажай” билері де үлкен еңбектің жемісі.
“Мен қазақтың баласы” оригиналдық жанрда №7 Т.Әкімов атындағы орта мектептің мұғалімі Қалқатай Әділов өнер көрсетті.
№4 Қ.Сағындықов атындағы орта мектеп пен №4 Балалар өнер мектебі ұстаздарының орындауындағы “Қазақстан – Отаным!” хоры мен №1 Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназияның ұжымы орындаған “Жас ұстаздар ұраны” хоры да сәтті шыққан нөмірлер.
Үш сағатқа созылған фестиваль көрермендерін жалықтырған жоқ. Өнердің құдіреті сол, бір жылатып, бір сүйсінтіп, жүрегіңді тебірентіп, рух беріп, рухани тамаша сезімдерге бөледі.
Фестиваль қорытындысымен “Білім қызметкерлері кәсіподағының Жуалы аудандық комитетінің” төрағасы Мәжит Айжанов №1 Шерхан Мұртаза атындағы, №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиялары мен №4 Қ.Сағындықов атындағы орта мектептің ұжымдарына қомақты көлемдегі ақшалай сертификаттар тапсырды. Сонымен қатар, фестивальға қатысып, үздік өнер көрсеткен барлық ұжымдарға, жекелеген ұстаздарға Алғысхаттар мен сыйлықтар тапсырылды.
Гала концертті әділқазылар алқасы қорытындылады.
Қазылар алқасының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков фестивальдің жоғары деңгейде өткенін атап өтіп, шараның өтуіне қолдау көрсеткен аудан басшылығына, жалпы, қатысушыларға алғысын білдірді.
-Фестиваль барысынан біз үлкен дайындықты, қанық түстерге боялған әдемі дүниелерді көріп, көңіліміз марқайып қалды.
Бұл – ұстаздар қауымының жан-жақтылығын көрсететін және бір мақсатқа жұмылдыруға үндеген сәтті жоба.
Сахнаның мәдениетін, қадірін түсінген әріптестерімізге шеберліктері үшін алғыс білдіреміз. Сахналық костьюм, музыка, қимыл барлығы үйлесіп тұр. Әр нөмірден мамандардың қолтаңбасы анық байқалады. Бұл – ауданда бағыт-бағдар беретін мықты мамандардың барының дәлелі. Әсіресе, классикалық шығармаларды, халық әндерін орындаушылардың шеберлігі, жан-жақты, құлпыртып орындауы өте тамаша.
Драмалар мен көркем сөздердің мазмұнының өзектілігі мен құндылығы, яғни шығарманы дұрыс таңдау және оны орындау барлығы керемет,- дей келіп, Ерұлан Мағзымбеков әріптестерімен бірге қатысушыларды марапаттады.
Облыстық гала концертке “Нұршуақ” бөбекжай-балабақшасының тәрбиешісі Нұржамал Ыдырысованың “Тәуелсіздік” атты прозалық шығармасы таңдалып алынды.
Перизат Шымыртайқызы,
“Жаңа өмір”