Basty bet
Азаматтар тұрғын үй, жұмыссыздық мәселесімен қайырылды
Кеше аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Асхат Жабағы қоғамдық қабылдау жасады.
Қоғамдық қабылдауға екі азамат тұрғын үй мәселесімен, бір азамат жұмыссыздық мәселесімен келді.
Тұрғын үй сұрап келген жалғызбасты, көпбалалы анаға Асхат Базарбайұлы ауданда еліміз тәуелсіздік алғалы 18 пәтерден екі үй ғана салынғанын, биыл 60 пәтерлі бір үй салынып жатқанын, ал тұрғын үй кезегінде төрт санатта 800-ден аса азамат кезекте тұрғанын айта келіп, 60 пәтерлі үй құрылысы аяқталған соң, комиссия отырысына кезекте тұрған азаматтардың алда тұрған бір бөлігін шақырып, ретімен, кезегімен берілетінін түсіндірді.
Ал жұмыс сұрап келген тарих пәнінің мұғалімі мамандығын алған жасқа алдымен тест тапсырып, мұғалім мәртебесін білдіретін сертификат алуы қажеттігін айтты.
Асхат Базарбайұлы аудан әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Жатқанбаевқа тұрғын үй беру тәртібі, заңдылығы туралы аудан тұрғындарына аудандық басылым, ресми сайттар, әлеуметтік желілер арқылы ақпарат беруін тапсырды.
Перизат Шымыртайқызы,
“Жаңа өмір”