Basty bet
Әдеп кодексі қызметшілерге бағыт-бағдар береді
Қазіргі заманның мемлекеттік қызметшілері қоғам тарапынан қойылатын талаптарға сай болуы тиіс. Себебі олардың басты міндеті – азаматтардың қоғамдық мүдделері үшін қызмет ету болып табылады. Мемлекеттік аппарат ішіндегі және мемлекеттік қызметшілердің азаматтармен, қоғаммен өзара әрекеттесуіндегі қарым-қатынас мәдениеті тұрғысынан мемлекеттік қызметтің негізін қалаушы принциптерін анықтау барысында көбінесе адами қасиеттерге, яғни мемлекеттік қызметшінің моральдық ұстанымдары мен құндылықтарына жоғары мән беріледі. Өйткені мемлекеттік қызметшілердің бойында дәл осы моральдық ұстанымдардың болмауы түбінде жағымсыз құбылыстарға, құқық бұзушылықтарға, жемқорлыққа алып келеді. Бұл жағдай халықтың мемлекеттік билік институттарына деген сенімін азайтып, мемлекеттік қызметшінің беделіне нұқсан келтіреді.
Мемлекеттік мекемелерде ақпараттар ашық, әрі қолжетімді және халықтың барлық топтарына ұсынылатын мемлекеттік қызметтер сапалы және уақтылы қамтамасыз етілуде, бұл өз кезегінде адалдықтың, әділдіктің және кәсіпқойлықтың үлгісі болып табылады.
Әрбір мемлекеттік қызметші өз қызметінде мемлекеттік қызметтегі мінез-құлық қағидаларын реттейтін Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексін басшылыққа алуға міндеттелген. Кодекске сәйкес, олар жоғары кәсіби, адал, әділ, қарапайым болуға, жалпы қабылданған моральдық-әдептік нормаларды сақтауға тиіс. Әдептілік – өркениетті қоғамның адамгершілік қағидалары екенін есте ұстаған жөн.
Мемлекеттік қызметтегі жағымсыз құбылыстармен тек жазалау шараларын қолдана отырып күресудің тиімділігі шамалы. Өйткені ең алдымен бұл құбылыстардың түпкі себептерін жою қажет. Бұл жағдай да Әдеп кодексінің маңыздылығын көрсетіп отыр. Басқа сөзбен айтқанда, егер белгілі бір уәкілеттілікті теріс пайдаланудың, тәртіптік теріс қылықтардың, сыбайлас жемқорлықтың белгілі бір алғышарттары сақталатын болса, онда жағымсыз құбылыс жойылмайды. Сондықтан уақтылы алдын алу шаралары, оның ішінде Әдеп кодексінің нормаларын түсіндіру мемлекеттік қызметшілердің кәсіби дамуының маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Кәсіби әдеп пен іскерлік әдеп саласында қажетті білім деңгейін, оларды кәсіби қызметте пайдалану дағдыларын қамтамасыз етеді.
Мақсат Мәтен,
Ақсай ауылдық округінің әкімі