Basty bet

ТЫЛДА ТЕР ТӨККЕН…

90 жастағы тыл ардагері, ақ жаулықты ана Бүбізия Тұрлыбекованың өмірі көпке өнеге

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында майдандағы сарбаздар соңғы демі қалғанша жан аямай жаумен күрессе, тылдағы еңбек те толас тауып көрген жоқ. Ауыл шаруашылығында еңбек еткен ерлердің майданға тартылуына байланысты, олардың орнын елде қалған қариялар, әйелдер мен балалар басты. Сол кезеңдерде еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек майданы қызып жатты. Бәрі қолынан келгенше көмектесіп, жауды жеңуге үлес қосқысы келді. Кәрі-жас, ер-әйел демей талмай еңбек етіп, астық егу, жинау, мал бағу мен мал санын көбейтуге ден қойды. Жұртпен қолда барын бөлісіп, артығы болса майдан даласына жіберіп отырды.
Осы ретте тылдағы тірліктің бел ортасында жүріп, еңбек еткен ардагерлердің бірі, Б.Момышұлы ауылының қарт тұрғыны Бүбізия Тұрлыбековамен мерейлі мерейтойының қарсаңында жүздесіп, әңгімелескен едік.
Екі ғасырдың куәсі болған жандар қаршадайынан ауыр жұмысқа араласты. Бірі шопан-бақташы, бірі көмекші боп, соғыс ауыртпашылығының бір шетін арқалады. Сөйте жүріп, балаларына қамқор ата-ана да бола білді. Балдәурен шағы соғыс уақытымен тұспа-тұс келген кейуана көптеген қиындықты бастан өткерген. Дегенмен, бойындағы ерік-жігерінің арқасында жолында кездескен кедергілерден сүрінбей өтті деуге болады. 1935 жылы Қайрат ауылында дүниеге келген Бүбізия әже 10 жасынан бастап сиыр сауып, мал бағып, егін шаруашылығымен айналысқан. Аяулы ана, ардақты әженің бүгінде жастарға айтары көп…
–Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлердің көбі Ұлы Жеңіс мерекесін көре алмады. Бірақ олардың артында өшпестей із, ұрпаққа үлгі болатындай ерлігі мен естеліктері қалды. Талай отбасына қасірет әкелген осы соғыстың куәгерлерінің қатарында менің әкем Тұрлыбек те болды. Әкем Ұлы Отан соғысына бас-аяғы 1942-1945 жылдары қатысқан. Осы бір қан майданнан әкем еліне аман-есен оралды. Бірақ соғыста жараланып, бір аяғынан айырылды. Көп ұзамай дүниеден де өтті.
Соғыстан кейінгі өмір – нағыз қиын-қыстау кезең болды. Соғыс біткенімен, халықтың тұрмысы өте ауыр еді. Жоқшылық пен аштық жайлаған уақыт. Қаншама адам үйінен, туған-туысынан айырылды. Жұмыс жоқ, азық-түлік тапшы. Тірі қалғандар тек алға жылжуды ойлап, бар қиындыққа төтеп беруге тырысты. Ол заманның ауыртпалығын сөзбен айтып жеткізу оңай емес. Бірақ соғыс аяқталғаннан кейін ел бірте-бірте есін жиып, тіршілік қайта жандана бастады. Әркім өзіне жұмыс іздеп, болашағын қайта құруға тырысты.
Өкінішке орай, қазіргі жас ұрпақтың көбі бейбіт заманның қадірін толық сезіне бермейді. Оған кінәлі де емес шығар. Өйткені олар соғыстың азабын, аштықтың ауыртпалығын, жоқшылықтың тауқыметін көрген жоқ. Біз көрген қиындықтарды бастан өткермегеннен кейін, олардың бейбітшіліктің мәнін терең ұғынбауы да содан болар. Олар соғысты көрмей-ақ қойсын деп тілеймін,- дейді тыл ардагері Бүбізия Тұрлыбекова.
– Қазіргі жастардың барлығын бірдей жаман демеймін, бірақ кейбірі тоқшылықтан қолда бардың қадірін білмей жатады. Әрине, заман басқа. Қазіргі жастардың көзқарасы да, өмір сүру салты да біздікіне мүлде ұқсамайды. Дегенмен, олардың бейбітшіліктің, тыныш өмірдің қаншалықты бағалы екендігін түсінсе деймін. Өйткені тыныштық пен бейбітшілік – кез келген халықтың, кез келген елдің ең басты арманы. Осы нәрсенің маңызын түсініп, соны сақтауға тырысса, нағыз саналы ұрпақ солар болар еді,- деп әжей ойын жалғады.
Оның айтуынша, сол кезеңдегі қатал сындар әжейді шыдамды, төзімді болуға үйретіп, бойында қайтпас қайсар мінез қалыптастырды. 1972 жылы тағдыр жолы тоғыстырып, Құдайберген Төлендиев есімді азаматпен шаңырақ көтереді. Жолдасы Құдайберген Қошқарата ауылының тумасы. Тұрғылықты мекенінен отбасымен аудан орталығы Б.Момышұлы ауылына 1993 жылы қоныс аударған. Ол қаншама жылдар колхозда тракторшы болып еңбек етіпті. Өкініштісі, отағасы өмірден ерте озған. «Ол өмірден өткеннен кейін сынбай, өзімді бекем ұстауға тырыстым. Екі қыз, екі ұлды дүниеге әкеліп, тәрбиелеп, өсірдік. Қазір барлығы өз алдына отбасын құрып, өніп-өсуде. Қазіргі таңда балаларымнан тараған 15 немерем, 28 шөберем бар. Солардың амандығы мен бақытын тілеп, осы күнге жеткеніме шүкір деймін. Ұрпақтарымыз аман болсын, біз көрген бейнетті көрмесін!
Біраз нәрсе қазір есіме түспей тұр, қарттық деген өзінікін алады екен ғой,- деді кейуана әңгімесін аяқтап.
Тыл ардагері Бүбізия Тұрлыбекова жаңарудың, жаңғырудың айы сәуірде жарық дүниенің есігін ашып, бүгінде мерейлі 90 жасқа аяқ басып отыр. Ардақты әже әлі де тың. Тыл ардагері ретінде сый-құрметтен кенде емес. Түрлі Алғысхаттарға ие болып, Жеңіс күніне арналған бірқатар мерекелік медальдармен де марапатталған. Дегенмен, ардақты әжей үшін басты сыйлық – Тәуелсіз, бейбіт елде өмір сүру және балалары мен немелерінің амандығы.

Аида ТҰРҒҰМБЕКОВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close