Basty bet
Азаматтардың мұң-мұқтажына мұқият назар аударылды
Бейсенбі күні аудан әкімі Жалғас Мұртаза «АМАNAT» партиясының аудандық филиалының ғимаратында өңір тұрғындарының бірқатарын жеке сұрақтарымен қабылдау өткізді. Қабылдау барысында жекелеген азаматтар, атап айтқанда, Көкбастау ауылдық округіне қарасты Теріс ауылының тұрғыны Оралбек Махашев жер телімін алу мәселесімен қайырылған екен. Түсінікті тілмен айтқанда, ауыл тұрғыны 2021 жылы Теріс өзенінің бойынан кәсіпкерлік мақсатта жер телімін алуға өтініш бергенімен, оның өтініші белгісіз себептермен қанағаттандырылмаған. О.Махашев жерді арендалық тәртіппен алуға өтініш білдірді.
Ауыл тұрғынының мәселесімен мұқият танысқан аудан басшысы Ж.Мұртаза, жер алу тек екі тәсілмен, атап айтқанда, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің конкурстық негізде және кәсіпкерлік нысан ашу мақсатында берілетін жер телімдері аукцион тәртібімен берілетінін айтып, аталған мәселенің тек заңдылық аясында ғана шешілетінін баса айтты.
Аудан әкімінің қабылдауына келген келесі азаматша Б.Момышұлы ауылының тұрғыны Нағима Алемкулова қоғамдық жұмысқа орналасуға көмек сұрап келген екен. Азаматшаның өтінішіне назар аударған аудан басшысы халықты жұмыспен қамтуға жауапты мекеменің басшысына өтініш иесін заңдылықтардың аясында қоғамдық жұмысқа орналастыруға көмек көрсету жөнінде тапсырма берді.
Аудан әкімінің қабылдауына жазылған келесі азаматтың өтінішіне тоқталсақ, Билікөл ауылдық округінің Қарабастау ауылының тұрғыны, зейнеткер Бекболат Қорлыбаев аудан басшысына бірнеше мәселемен қайырылған екен. Оның ең негізгісі – Билікөл ауылдық округіне қарасты ауылдарға табиғи газ құбырын тарту мәселесі. Бұл мәселе бұдан бұрын да бірнеше мәрте айтылған. Екінші мәселе – Билікөл көліне табиғи жолмен су жіберу. Ауыл азаматының айтуынша, қазіргі таңда көл тартылып барады екен. Одан бөлек, округтегі «Дарбаза» су қоймасының каналдарын қайта қалпына келтіру мәселесі де көтерілді.
Иә, Б.Қорлыбаевтың айтуына қарағанда, Билікөл көлі суының азаюы және «Дарбаза» су қоймасы арнасының және одан су ағып шығатын каналдың тазаланбауы сол төңіректе бірқатар экологиялық проблеманы туындатуы мүмкін көрінеді. Ауыл-аймаққа қатысты басқа да осындай бірқатар маңызды проблемаларды аудан басшысының назарына салған белсенді азамат Жалғас Әлижанұлына ауылдық округ тұрғындарының атынан айтылып отырған әлеуметтік тұрғыдағы ұсыныс-тілектердің көп уақыт оздырмай ескерілетініне сенім білдірді. Ауыл азаматының сұрағына аудан басшысы Ж.Мұртаза жан-жақты және зерделей отырып жауап беріп, көтерілген мәселелерге байланысты атқарылып жатқан бірқатар жұмыстарды да атап өтті.
Бұдан кейінгі кезекте де аудан әкімі Ж.Мұртазаның жеке қабылдауына жазылған барлық азаматтың сұрақтары назарға алынып, оларға тыңғылықты жауаптар берілді.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»