Basty bet
Қазақ тілін еркін меңгерген
Қазақ халқы ұлт болып қалыптасқалы бері қазақ тілі де бірге өмір сүріп келеді. Тілдің иесі – кешегі қазақ, бүгінгі қазақ және болашақтағы да қазақ. Ата Заңда «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп анық та айқын жазылған. Егеменді ел болғандықтан, мемлекеттік тіл – қазақ тілін білу – елдің әр азаматының міндетті борышы. Қазақ тілін білуді азаматтық міндетті борышым деп білетін ұлт өкілдерінің бірі – Лидия Симкина.
Лидияның қазақ тіліне деген құрметі оның бала күнінен басталған. Жуалы өңірінде дүниеге келген кейіпкеріміз қазақы салт-дәстүрдің қаймағы бұзылмаған құтты мекенде туып-өскенін мақтан тұтады. Биязы қыз өзінің балалық шағын Жуалы топырағында қазақтың қара домалақтарымен бірге өткізген. Қазақ тілін жетік меңгеруіне жанындағы достары мен ұстаздары ықпал еткен көрінеді. Үнемі сөздік қорын байытып, білім көкжиегін кеңейтуге тырысатындығын айтады. Қазақ топырағында өскен неміс қызы өз халқының мәдениетімен қатар қазақ жерін де қадір тұтады. Отбасында орысша және немісшені араластырып сөйлейтін Лидия ауылдағы достарымен тек қазақ тілінде тілдеседі. Лидия аралас отбасында дүниеге келген. Әкесі Николай Симкин неміс ұлты болса, ал анасы Татьяна Симкина орыс ұлтының өкілі.
Ата-анасы қазақ тілін үйренуге үлкен құлшыныс танытып, осылайша Лидияны қазақ сыныбына беруді жөн санайды. Ол Шыңбұлақ ауылындағы №24 Т.Рысқұлов атындағы орта мектепте білім алып, кейіннен Тараз қаласындағы «Парасат» колледжінде оқуын жалғастыруды ұйғарады. Мамандығы – дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Ол қазіргі таңда екінші курстың белсенді білімгері. Лидия оқу орындары арасында ұйымдастырылатын түрлі байқауларға да белсене қатысып келеді. Жастайынан саламатты өмір салтын ұстанып келе жатқан бойжеткеннің жанына волейбол спорты өте жақын. Ол аталған спорт түрін ойнағанды өте жақсы көреді. Болашақта оқуын аяқтап, шәкірттерге спорт саласындағы білгеніммен бөліссем деген жоспары бар.
-Қазақша білсең, қазақ ұлты сені өз туысындай жақсы көреді. Қазақ тілін еркін меңгерудің мен үшін мәні өте зор. Қасиетті қазақ елінде туып, осы жерде тұрған соң мемлекеттік тілді білу маңызды. Яғни, тіл – татулықтың тірегіне айналуы қажет, – дейді Лидия Симкина. Бір айта кетерлігі, ол мектеп қабырғасында оқып жүріп қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен ұйымдастырылған түрлі байқауларға қатысып, жүлдегер атанған.
«Ұлттың тілі – ұлттың ділі» деп халық даналары айтқандай, ана тілдің айбынын асқақтатып, қасиетті қазақ жерінде қазақ тілінің мәртебесін көтерейік! Елімізде өзге ұлт өкілдерінің арасында жыл санап мемлекеттік тілді еркін меңгергендер санының артып келе жатқандығы ана тіліміздің қолданыс аясын одан әрі кеңейте түспек.
Анар ТІЛЕНШИЕВА,
«Жаңа өмір»