Basty bet
Ғаламның нұры
«Уама арсалнака илла рахматал лил аламин». Біз сені тек ғана барлық ғаламға бүкіл әлемдерге рахым етіп жібердік. Яғни, сенің келуің жер бетіне Алланың мейірім- шапағаты.
Өйткені, ол келмей тұрып, әлемнің жағдайы қара түнек еді. Асыл құнсызданып, құнсыз асылданған бір дәуір еді. Ақ, қара саналып, қара, ақ саналып, әлсіздер күштілердің құлына айланып, күштілер өздерін бейне бір құдайдай санаған заман еді. Қыз балалар тірідей көміліп, жалпы әйел адамзаты қорланған бір заман еді. Суреттеудің өзі жан түршігерлік. Осындай бір дәуірде, қара түнек заманда бір құтқарушыны күтті, біздің жағдайымыз, ертеңіміз не болмақ? Адамдардың бәрі азып-тозып, қолдан жасаған пұттарына табынып кетті. Міне, осындай бір дәуірде бүтін адам баласы бір құтқарушыны күтті. Пайғамбарымыз күтілген нұр еді.
Мұхаммеди діннен, Алланың, жіберген дінінен ұзақтаған кезде осындай жағдайға ұшырайды. Мұхаммед Пайғамбардың уағыздағы рахымдылық дінін түсінбегендіктен, осындай іс-әрекеттерге барады. Оған таң қалатын ештеңе жоқ. Осындай бір уақытта елдің бәрі түңіліп, құтқарушы адамды күткен.
Пайғамбарымыз келеді, бұл қоғамнан адамзаттың жағдайын көріп, қатты уайымдап қайғырады. Сөйтіп, ол 25 жасынан кейін Нұр тауындағы Хира үңгіріне жекеше құлшылық жасай бастайды. «Аллахым, мына ғаламға бір нұр жібер, соңғы дініңді жібер! Адамзат сенен адасты», деген шынайы ықылас пен ниетпен. Пайғамбарымыздың өзі қиналмай, Пайғамбар бола салған жоқ. Пайғамбарлығына дейін осындай бір ғұмыр кешіп, елін, халқын, адамзатты ойлап, осынау уайым-қайғының ішінде жүрген. Дінді уағыздау оңай бола салатын нәрсе емес. Пайғамбарымыз, пайғамбарлығына дейін, Пайғамбар секілді өмір сүрді. Сондықтан, Пайғамбарымыздың мына әлемге келуі адам үшін рақымдылық. Пайғамбарымызға бір күні бір сахаба келеді:
«Иа, Расулулла, мен сізге бастан өткен бір қайғылы оқиғамды жиіркенішті болса да айтып берейін», – дейді. Пайғамбарымыз: «Айт»-дейді. Сонда ол: «Менің кішкентай бір қызым бар еді. Бізде қыз бала дүниеге келсе отбасында ар-ұят, намыс дейді. Қыз бала дүниеге келді деген хабарды естіген сәтте жүздері қарайып, тұтығып кетеді, не істейтінін білмей қалады» дейді.
Қоғамның алдында қорғанып жүруі керек пе? Өйткені қызға ие болу – қорлық, ар-ұят деген сөз. Ар-ұятты көтеріп, қызын аман сақтап қалу керек пе, жоқ әлде ар-ұят үшін апарып көміп тастау керек пе? Осы екі жолдың көбінесе екінші жолын таңдаған.
Сөйтіп, жаңағы сахаба бастан кешкен оқиғаны айтады: «Менің бір қызым бар еді. Жаңадан жүріп тілі шыға бастаған кезде анасына біз нағашысына барамыз, киіндір дедім. Анасы оны түсінді, бірақ қарсы тұра алмады, егер қарсы тұрса оның да баратын жері белгілі. Сөйтіп, киіндіріп алып келіп бір шұңқырға итеріп жібереді, бірақ түспей қалады. Өзі шұңқырдан шығып жатып: «Әкешім, киіміңе шаң жұқты ғой» деп киімін қағып жатады. Мен оған қарамастан тағы бір итеріп шұңқырға түсірдім, қандай қиын».
Пайғамбарымыз егіле жылайды. Екі көзінен аққан жас сақалын жуады. Жанындағы сахабалар: «Ей, пәленше, Пайғамбарды сен уайым-қайғыға душар еттің ғой»,- дейді. Пайғамбарымыз: «Тағы да айт» дейді, тағы да айтады. Пайғамбарымыз қайталатумен мынандай мағына айтқысы келеді:
«Ей адамзат, Ислам келмес бұрын сендер осындай едіңдер. Дін ислам келіп сендерді түбегейлі өзгертті, олай болса осы Исламды берген Аллаға шүкір-тәуба етіңдер, бастарыңды сәждеге қойып дұға етіңдер». Пайғамбарымыз (с.ғ.у.) келіп адамзатты осылай өзгертуі, ол рахымдылық рахым етіп жібердік дегеннің мағынасы осы. Әрқашан дұғаларымызда айтатын аят бұл. Сахабалар жәндікті де өлтірмейтін, нәзік жүректі етін. Құмырсқаны басып кетпейін деп, аяқтарына қоңырау тағып жүретіндері де болған. Қандай мейірімділік, қандай рахымдылық! Дін мұсылманның бірінші сипаты – рахымдылық. Өйткені, пайғамбар рахман еткен рахим Алла Тағала, әр рахман еді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) осылай ғұмыр кешті. Осылай дінді адамдарға 23 жыл бойы уағыз етті. Осы аз бір уақытта Пайғамбарымыз жаңа дінді әлемге жая білді, хас тұлғалар дайындап кетті. Сахабалар өзінен кейін ісін жалғастыра білетін.
Пайғамбарымыз айтады: «Малләярхам, кімде-кім өзгелерге рахымдылық етпесе, Алла Тағала, оған рахым етпейді». Пайғамбарымыздың мейірімділігі соншалықты, намаз оқып жатқан кезде бала жыласа, намазын тоқтатып: «Анасының жүрегі ауырмасын» деп сол баланы жұбататын.
Сахабалар бірде құстың балапанын алып ойнап отырады. Сол кезде анасы төбесінде шырылдап жүреді. Пайғамбарымыз сахабаларға реніш білдіреді де: «Дереу апарып орнына қойыңдар» дейді. Құстарға да, бізде мейірімділік бар. Тіпті, аттың өзін алдауға болмайды, жем салған сияқты қылып ыдысты көрсетіп, атты шақыруға да болмайды.
Бір руаятта айтады: «Бір әйел мысықты аштан өлтірген, ол хайуанға істеген зұлымдығы үшін тозаққа барады». Ислам діні бір баланы өлтіру емес, хайуанды өлтірудің өзін зұлымдық санаған. Ал, тағы бір әйел бір итке су бергені үшін, күнәлары кешірілген.
Исламға қараңыздар, хайуанға осындай рахымдылық жасап жатса, адамға неге рахымдылық жасамаймыз. Сондықтан бізге қатыгез болып, жаман жат іс-әрекеттер істеу жараспайды.
Пайғамбарымыз осындай тұлға болғандықтан, оның жанындағы сахабалар да оған ерекше бір сүйіспеншілігін танытқан. Пайғамбар (с.ғ.у.) былай деген еді: «Лә иумену ахадукум хатта йакун алла уарасулуху хабба илайхи», Аллахты және оның расулын барлық нәрседен де жақсы көрмейінше, толық Иман еткен болып саналмайсың. Неге расулын жақсы көрген адам, оның барлық айтқан нәрсесін істейді, соның артынан ереді?
Сондықтан, «Әшхадуәллә илаха иллала» сөзін әр намазымызда, каматымызда, әр азанымызда айтамыз. Жай бір адам сияқты қабылдамау керек. Пайғамбар болмай тұрып бізді уайымдаған. Сондықтан оны бүкіл сахабалар мойындаған. Мысалға бір-екі сахабаның сүйіспеншілігін айтайық.
Бір сахаба келеді де:
«Иа, Расулулла, мен үйде отырсам сен есіме түсесің, ішіп отырған асымды тастап сенің жаныңа келемін, сені сағынамын, жүрегімде саған деген бір сағыныш бар, бірақ менің қорқатын нәрсем, ертең сен ахиретте Пайғамбарлармен боласың, дережең жоғары болады, мен болсам күнәхар бір құлмын, жәннатқа кіруім екіталай, сенімен бірге болуды былай қоя тұрғанда, мен осы ертеңгі күнді ойлап қатты қайғырам. Жәннатқа кіре алмауым емес, сенен ажырап қаламын ба деп, қайғырам» дейді де осындай бір жүрегіндегі сағыныштан туындаған сұрағын қояды.
Пайғамбар (с.ғ.у.) былай дейді: «Қорықпа. Мәй иутағиллаха уаррасулла уа улайка маллазина наалаха алайхи минан набии». Кімде-кім Аллахқа бой ұсынса, Алланың әмірлерін орындаса, Пайғамбарымызға итағат қылса, ол ахирет күні Алланың нығметіне бөленген Пайғамбарлармен бірге, шыншыл құлдармен бірге, мәйіттер мен салих құлдармен бірге оның жүрегіне тыныштық сыйлайды».
Әннас разиаллаху айтады: «Бір күні Пайғамбар (с.ғ.у), «Иа, Әннас, ахиретке не дайындадың?» дегенде, Әннас: «Еш нәрсе дайындай алмадым, я расулла, бірақ сені қатты жақсы көремін» дейді. Пайғамбар (с.ғ.у) айтады: «Әл марру мааба махаббаба». Кісі сүйгенімен бірге болады. Сөйтіп, сахабалардың бәрі осы сүйінші хабардан қатты қуанады. Өйткені, сахабаның бәрі Аллахты және оның расулын жақсы көреді. «Иншалла, біз жәннатта Пайғамбармен бірге болады екенбіз, егер шынайы сүйсек» дегенде жүректе махаббат оянады.
Біләл рахым Пайғамбарымыздан бір елі ажырамаған. Біз XIV ғасырдан кейін бір түсімізде көрсек: «Иа, Расулулла» дейміз, аты аталған кезде салауат айтамыз. Біләл хабаши Пайғамбарымызды өте жақсы көреді, түнде түсінде, күндіз өңінде көреді.
Пайғамбарымыздың азаншысы – Ислам әлемінің тұңғыш азаншысы.
Пайғамбарымыз қайтыс болған кезде бір сахаба егіле жылайды, тіпті өзінің не істеп жүргенін білмейтіндей дәрежеде түңіліп кетеді. Өйткені, ең жақсы көретін адамынан ажырап отыр.
Жаратылыстың мәйегі, ең бірінші жаратылған нұрдың иесі Пайғамбар (с.ғ.у). Біз осы дүниеде жүріп көргіміз келеді, аңсаймыз. Ал бірге жүріп ажырап қалу, қандай қиын. Омарлар қатты жақсы көргені соншалық «Пайғамбар (с.ғ.у) өлген жоқ, кім Мұхаммед өлді десе, басын шабамын» дейді. Әубәкір ғана сабыр сақтап, Алланың аятын оқыған.
«Пайғамбарымыз да басқа пайғамбарлар секілді Пайғамбар, ол да ана дүниеден кетеді» деген аятты оқиды. Содан кейін ғана, Омар өзіне келіп, есін жинайды. Біләл да азан айтуды тоқтатады, азанда: «Әшхадуәнна мухаммедар расулулла». Осы сөзді Пайғамбарымыз бар кезде айтатын, ал енді айтайын десе, жүрегі елжіреп, діріл қағып, көзі жасқа толып, булығып даусы шықпай қалады, буындары босап, құлап қала жаздайды. Кейін Біләл Исламды басқа жаққа жаю үшін әрихат жасап, Әубәкірден сұранып, Шам шаһарына кетеді. Бір күні түс көріп, қайтадан Шам шаһарынан Мәдинаға келеді. Келсе, Хасан мен Хусейн жүреді, олар Пайғамбардың ең жақсы көрген немерелері. «Менің мына дүниеде екі райханым бар, олар – Хасен мен Хусейн» деген.
Хазірет Әлі Рази Аллаху әнһу Біләлға: «Азан шақыршы, сағындық азанды» дейді. Біләл бар даусымен, шын ықыласымен азан шақырған уақытта, бүкіл сахабалар бейне бір Пайғамбарымыз тіріліп келгендей сезінеді. Сөйтіп, мешітке жүгіріп келеді. Пайғамбарға деген сүйіспеншілігі жүректерін лүпіл қақтырады.
Пайғамбар бір шашын қиса, оны сахабалар тәбәрік деп, жерге түсірмей алған. Бұны табыну деп қате түсінбеу керек. Бұл Пайғамбарға деген махаббат, ең болмаса бір тал шашы менің жанымда болсын деген ниет.
Бір күні Әубәкір қағбаға барып, дінін уағыздайды. Сол кезде мүшіріктер қарсы шығып, Әубәкірді ұрып тастайды да, туысқандары келіп ажыратып алғанда, ол есінен танып қалады. Пайғамбар екеуі мешітке барғанда, Пайғамбарға ештеңе болмайды. Әубәкір есін жияды да, алғашқы сөзі «Расуллаға не болды, не хабар бар, бір зиян болды ма?» дейді.
Пайғамбарға деген сүйіспеншілікті, махаббатты қараңыздар. «Ол жақсы, аман-есен» дейді. Алдына сорпа әкеліп қояды, оны да ішпейді.
-Мен қалай сорпаны іше аламын, расулулланы көрмесем,- дейді. Сөйтіп, өзі өлермендей боп жатса да, екі қолтығынан екі адам келіп қолтықтап отырып, Пайғамбарды көрсетеді. Пайғамбарды көріп, егіліп жылайды, өйткені, Пайғамбарға деген махаббаттың орнын біледі. Сондықтан олар сүннетін істейді, жанынан да артық көрген. Бүкіл бар мал-мүлкінен де артық көргендіктен, олар Исламды осы күнге жеткізді.
Ешбір қиыншылық көрмеген Омар, Әубәкір сияқты тұлғалар қиыншылықтың басында жүрді.
«Уама арсалнака рахматал лил аламин» деген сөздің мағынасы «Алла Тағала біздің жүрегімізде». Пайғамбарға деген сүйіспеншілікті нәсіп етсін! Аллаға деген сүйіспеншілікті нәсіп етсін! Оған әрдайым салауат айтып, оның сүннетін үлгі тұтуды нәсіп етсін! Әмин!
Сейітқазы қажы Медетбеков,
«Жуалы» көпшілік мешітінің имамы,
ауданның Құрметті азаматы,
аудандық билер кеңесінің мүшесі