Basty bet

Адал еңбектің нәтижесі

Кәсіп ашып, еңбек ету, бұл бүгінгі күннің талабы. Бұл заман «алма піс, ауызға түс» деп керіліп жататын кез емес. Мемлекет кәсіп ашып, ырзық табуға ниеттілерді қашанда қолдап келді. Оны күнделікті көзімізбен көріп те, естіп те жүрміз. Біздің ауданымызда да жеке кәсібін ашып, өз ісін дөңгелетіп отырған жандар жетерлік. Басым бөлігі мемлекет тарапынан қаржылай қолдау алса, бірқатары барын салып кәсібін бастауда.

Қазір елімізде шағын бизнеспен айналысушылар саны күннен-күнге артып келеді. Ел экономикасын арттыруда да, өз тұрмысын жақсартуда да мұндай қадамдардың жасалуы өте құптарлық іс. Белгілі бір кәсіпті мақсат етушілердің табыс көзі – ауыл шаруашылығы, құрылыс және әртүрлі шағын бизнес. Сондықтан олардың жұмысын жеңілдетіп және оны жетілдіріп отыру үшін түрлі техника қажет. Демек, кәсіпкерлер сапалы техниканы көбірек пайдаланса, оның жұмысының тиімділігі артып, табысқа қол жеткізіп, мақсат үдесінен шығатыны белгілі. Республика экономикасы дамуының басым бағытының бірі бола отырып, ауыл шаруашылығы аса зор әлеует пен үлкен қорға ие. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы саласын техникасыз көзге елестету мүмкін емес. Қажетті техника сатып алу – әрбір шаруаның арманы. Дегенмен, оны қолма-қол ақшаға сатып алуға екінің бірінің шамасы жете бермейді.
Президенттің Қазақстан халқына Жолдауларында ауыл шаруашылығы саласына мемлекеттік қолдауға ерекше мән беріліп келеді. Ауыл мен селолардың өмір сапасын жақсарту-мемлекеттік саясаттың басым бағыты. Ендеше ауылды түлетуді ауыл шаруашылығын өркендетуді отанымызды түлету деп түсінген жөн.
Кәсіптің көзін тауып, ісін өрге домалататын еңбекқор адамдар жайлы газетіміздің әр нөмірінде жазып келеміз. Бұл жолғы бағытымыз – Қарасаз ауылдық округі .Үкіметтің елге берген үлесін кәдеге жаратып, еңбектің тәтті дәмін татқан Александр Баранов егін шаруашылығын қолға алған тәжірбиелі кәсіпкер.
Бейбіт қоғамда бейнетшіл пендеге қандай кәсіппен айналысамын десе де қолайлы жағдай жасалған. Қайшы алып шаш қисаңыз да, қамшы алып төрт түлік соңына түссеңіз де, дүкен ашып саудамен айналысамын десеңіз де, ешкім бетіңізден қақпайды. Керісінше, мемлекет тиімді жобалар ұсынып, несие беруде.
Бүгінгі кейіпкеріміз Александр Петрович «Жеңілдетілген лизинг» бағдаламасына қатысып, жеңіл несие алады. Мемлекеттің жәрдемі қолға тиген соң 13 миллион 500 мыңға трактор алып егін шаруашылығына бет бұрады. Одан бөлек, өз иелігінде үш ауыл шаруашылығына жарайтын техникасы да бар. Көлігі бар адам техниканың тілін түсінбесе, ойыншықтай шашып-жинайтындай болмаса қиын-ақ. Анау-мынау жерлерің өзі ауыстырып, жөндеп ала береді. Онымен қоса, елдікін де жөндеп, тұрғындардың ризашылығына бөленіп жүрген еңбеккор азамат. Трактордың майынан қап-қара болған қолдарын көрсетіп «Адал еңбектің нәтижесі». Мына қара қолдың арқасында ақ нан жеп, қарнымыз тоқ отырмыз»,-дейді кәсіпкер. Алып көлікті жөндеу үшін ақылдың да, қара күштің қажеті өте көп. Бірде білектің, бірде білімнің күшімен нанын тауып жүрген азамат бүтіндей бір отбасының отағасы да. Бір ұл, бір қыздан бүгінгі таңда екі немере сүйіп отыр. Жер-Ана еңбек еткен адамнан несібесін аямайды. Бұл сөз дәл бүгінгі шаруа қожалыққа қаратылып айтылғандай. Себебі, қолда бар 100 гектар жерден табысқа кенеліп, мол өнім алып отыр. Әрекет бар жерде, берекет қашық емес. Қашаннан да солай. Нарықтық қатынас қызып тұрған шақта күнбе-күн ізденіп, еселі еңбек етпей табысқа жете алмасың анық. Байқай білгенге, расында, қазір де жұмыстың көзі көп, бейнет ете жүріп, дәулетін арттырудың жолы да сан тарау. Тек, шыдамдылықпен ерінбей жұмыс істей білгеннің, бірге бірді жаңылыспай қоса алғанның бәсі артық екенін бүгінгі кейіпкерімізден анық байқауға болады.
Бүгінге дейін күнкөрістің қамына айналған ата кәсіппен бірі мал бағу болса, кейіпкеріміздің иелігінде он бас сауынды сиыры да бар,шұғылданғандардың ырысы мол. Мал – баққанға бітеді. Қазақ халқы қашан да мал бағып, сол бейнеттен береке тапқан. Сондықтан, мал шаруашылығымен айналысқанды да жөн санадық» – дейді кәсіпкер.
Александр Баранов еңбекті сүйетіні, алға қойған мақсатқа жету үшін әрбір істі бағамдап, икеміне қарай еңбек етуді басты ұстанымына айналдырғанын сөз ауанынан байқадық. «Кәсіптің өзін тапқан байлықтың көзін табады» деген қазақ тәмсілі тегін айтылмаса керек. Біздің кейіпкеріміз сол аталы сөздің астарын аңдап, нағыз білекті түргізіп, маңдайды сүрткізіп, белшеден берекеге кенелтетін адал еңбекті тапқан жан.Ал, енді ғана кәсіп ашып, нәпақасын табуға бекінген жандарға үлгі болуға әбден лайық.

Анар ТІЛЕНШИЕВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close