Basty bet

Біткен істің бүтіні жақсы

Осыдан үш жыл бұрын күзде өзім он жыл білім нәрімен сусындаған, одан соң интернатында тәрбиеші, 1975 жылы әскери борышымды өтеп оралғаннан кейін төртінші, бесінші сынып оқушыларына қазақ тілі мен әдебиетімен сабақ берген мектебіме кіріп шықтым. Баяғы біз оқыған мектеп үйі ескіріп, ауылдың екінші шетінен тұрғызылған қос қабатты еңселі ғимаратқа көшіп барыпты. Бүгінгі ұл-қыздар сонда оқып жатыр екен. Директоры Жанар Өтегенова қарындасымыз асықпай аралатты. Тоқсан жылдай тарихы бар аудандағы іргелі мектептердің бірі ғой.
– Мұражайларың бар ма? – деп сұрадым.
– Жоқ, аға. Ол жағын ойластыру керек екен, – деді Жанар ыңғайсызданған үнмен.
– Егер соны ойластырсақ, орын бола ма? – деп едім, екінші қабаттағы дәліздің бір шетіне қарай бастады. Бір жақ қабырғасына мемлекеттік рәміздеріміз ілінген вестюбльге келген кезде:
– Осы жерді арнасақ, қырық шаршы метрдей болып қалады. Мына рәміздерді басқа бір көрнекті жерге орналастырамыз, – деді шешімді, кесімді ойын бірден аңғартып.
– Жөн екен. Ендеше мен ертеңнен бастап мұражай жасаудың әрекетіне білек сыбана кірісемін. Мектеп қашан ашылғанынан, алғашқы шәкірттер мен оларға білім берген ұстаздардан бастаймын. Мектептің бұрыннан сақталған мұрағаты бар шығар, соларды ақтарып, сендер де өткен тарихын зерттеңдер. Қаржы мәселесіне қарамаңдар. Мектеп бітірген түлектерді жұмылдырып, оны да біржақты етерміз, – дедім.
Адам шын ниетімен кіріссе, бітірмейтін ісі болмайды. Қолдаушыларым жан-жақтан хабарласып, алды 100 мың, ең азы 10 мың теңгеден айтқан шотыма аудара бастады. Аз уақытта-ақ бір миллиондай теңге жиналды. Мектеп директоры сол қаржыдан вестюбльдің дәліз жақ бетіне қалың шыныдан қабырға тұрғызып, темір есік салдырды, жәдігерлік заттарға арнап шкафтар жасатты. Өзім де мектеп өмірінен сыр шертетін, ұстаздарым мен оқыған шәкірттер жөнінде көп жылдар бойы жазылған материалымды, ауылдан шыққан ақын-жазушылардың кітаптары мен мерзімдік басылымдарда жарияланған мақалаларын жинадым. Қоғамдық өміріміздің сан түрлі саласында сараланып, дараланып шыққан тұлғаларды түгендедім, суреттерін алдырдым. Тіпті ауыл әкімі болып істеген Мұхтар Дербісәлиевке айтып, Батыр аналарды да қалтарыста қалдырмадық. Осылай өзіміз көріп жүрген мектеп мұражайларынан мүлде өзгеше мұражайдың ашылатын күніне де жеттік. Былай қарағанда, бәрі дұрыс, әп-әдемі секілді көрінген. Алайда біткен істің бір кемі соңында қылаң береді емес пе? Соның бірі Абай атындағы орта мектептен самғап ұшып, спорт әлемінде айрықша танылғандардың арасындағы үлкен биікке көтерілген бір ағамызға байланысты болды. Бокстан республикамыздың әлденеше дүркін чемпионы болыпты, бүкілодақтық жарыстарға қатысып, екі рет жүлдегер атанған Мырзайым Тойшыбеков сыныптасым Нұрмахан Жүнісәлиевке жетістіктерін айтып, кішкене ренішін білдіріпті.
– Талғат, көкем «жиен жиендігін жасады ғой» деп өкпелеп жатыр, – деді ол.
– Қап-ай, ә! – дедім мен де санымды бір соғып. – Ол кісіні қалай ұмыттық? Жарайды енді, бұл ісіміздің басы ғой, алда тағы да толықтырамыз. Басқа кемшіліктеріміз өстіп шығатын шығар, олардың да орнын толтырамыз.
Осылай уақыт өте берді. Өткен күзде маған да шынайы жанашырлық жасап жүрген сол Нұрмахан досым ауыр сырқаттан айыға алмай бақилық болды. Алматыдан топырақ салуға арнап бардым. Келген көп кісілердің арасында Мырзайым Тойшыбекұлы да жүр екен. «Әй, жиен, мектепте айта жүрерлік жақсы бір іс жасаған екенсің» дей бастағаннан алдын орап: «Көке, сіздің спорттағы үлкен жетістіктеріңіз өскелең ұрпақтарға үлгі-өнеге ғой. Сізбен сөйлесемін. Бар әңгімеңізді өз аузыңыздан естіп, жазып аламын. Мұражай экспонаттарын қайта қарап, толықтыруды ниет етіп отырмын», – дедім. Өйткені қаралы жиын, қамыққан елдің арасында өткен өмір жолы жөнінде алаңсыз әңгімелесудің орайы келмеді.
Кейін үйде емін-еркін отырып, қалта телефоныммен ұзақ сөйлестім. Мырзекеңнің әңгімесі қызық, естіген сайын еліктіре берді. Әсіресе соған ілік болған былайғы жұрт біле бермейтін «құпия сырлары».
– Мен жастар арасында өткен республикалық жарысқа басқа біреудің атынан қатысып, екі рет бірінші орын алдым ғой. Оны растайтын құжаттарым бар, – дейді күліп. – Біреу болғанда, өзің де жақсы білетін Мейрамбек Жаманбайұлы Нұрбеков!
Екеу ара өрілген әңгіме аясында қалай болғанын тігісін жатқызып әңгімеледі. Ал оған дейін 1969 жылы орта мектеп бітіргенін, институтқа барып тауы шағылып қайтқанын тілге тиек етті. Ауылға келген соң колхоздың бордақылайтын бұқаларын бағып, келесі жылы жазда Мейрамбек, Әділ Айнабеков үшеуі Семейдің зооветеринарлық институтына барады. Мейрамбек екеуі оқуға түсіп кетеді.
– Ауылда да бокспен айналысып едім. Үлкен ағайым Беган бірінші разрядты боксшы болатын, сол кісі үйде ерінбей баулыды. Соның арқасында спорттың бұл түрінің біраз қыр-сырларын меңгеріп алдым. Сабақ басталысымен институттағы бокс секциясына жазылып, жаттығуға кірістім. Содан бес жыл бойы қол үзбей айналыстым, – дейді. Айтуынша, 75 килограмдық салмақ дәрежесінде әуелі Семей облысының үш дүркін, Семей қаласының төрт дүркін чемпионы болады. Ресейдің Омск, Рубцовка, Барнаул қалаларында өткен жолдастық кездесулерде үш қаласының да чемпиондық тұғырына көтеріледі. Ал енді республикалық, бүкілодақтық деңгейдегі бәсекелерге баруы 1972 жылдан басталыпты. Сол жылы жастар арасында жас мөлшеріне байланысты шек қойған дүрмекті бәсеке өтеді. Жаттықтырушылары апарайын десе, жасы бір жарым ай асып кетіпті. Жаттықтырушысына басқа біреудің атынан барсам қайтеді?» дейді. Сөйтіп, мектептес досы Мейрамбек Жаманбаев болып қатысып, бүкіл қарсыластарынан басым түсіп, бірінші орын алады. Одан кейін де Мейрамбектің атынан бақ сынап, екінші рет республика чемпионы атанады. Осылай досының атынан алған үш грамотасы бар екен.
– 1973-1975 жылдары ауылшаруашылығы институттары арасында ұйымдастырылған спартакиадаларға қатысып, екі рет бірінші орынды иелендім, – дейді Мырзекең. Республикалық «Қайрат» ерікті спорт қоғамы бәсекесінде де дараланып көзге түседі. Осы аралықта бүкілодақтық ауқымда болған жарыстарға республика атынан қатысады. Қатысқан жарыстарының ешқайсысынан олжасыз оралмайды. Солардың бірі 1973 жылдың ақпан айында Қазан қаласында өткен жарыс. Республикамыздың ең таңдаулы боксшылары қатысқан осы жарыста өз салмақ дәрежесінде үшінші орын алса, 1975 жылы Ташкентте ұйымдастырылған дәл осындай бәсекеде жүлделі екінші орынды еншілейді.
– Айналайын жиен, өзің білесің ғой, бір үйде өскен ағайынды Тойшыбековтердің төртеуі спорттың төрт саласында көзге түстік. Үлкеніміз Беган көкем 50-ші жылдардың соңына салым мектепті Қаратау қаласында оқып, бокспен шұғылданған. Әттең, шофер болып қалмай, бокстың соңына түсіп, кәсіпке айналдырғанда, сөз жоқ, үлкен биіктерді бағындырар еді. Өмірін ұрпақ тәрбиесіне арнаған Бимат ағам шахмат ойынының қас шебері. Талай бәсекелерге қатысқан ол кісі КСРО спорт шеберлігіне кандидат болатын. Өмірінің ақырғы жылдарында Тараз қаласындағы спорт клубтарының бірінде жаттықтырушылықпен айналысты. Мырзан көкем де мұғалім ғой, өздеріңе математикадан сабақ берді. Ол кісі жүгірген кезде алдына жан салмайтын желаяқтың нақ өзі болған. Спорт шеберлігіне кандидат. Ондай төсбелгі республикалық жарыстарда жүлдегер болғандарға ғана берілетін, – дейді Мырзайым Тойшыбекұлы.
Осымен спортқа байланысты әңгімеміз аяқталған шығар десем, тіпті олай емес! 1975 жылы жандары жарасып отбасын құрған жары Сағида Қалмұханқызы Сапарғалиева да нағыз спортшы екен. Сол кездегі Жамбылдың Абай атындағы педагогикалық училищесінде оқып жүріп, жүгіруден I разрядтық нормасын орындапты. Осыдан-ақ Сағида жеңешеміздің жарыс жолында талай байрақты бәсекелердің жеңімпазы атанғанын анық аңғардым. Бірақ ол өз биігіме шықтым ғой демей, әрмен қарай да жүгіруді жалғастырады. 1972 жылы КСРО спорт шеберлігіне кандидат атанады.
– Мырзеке-ау, сол кезде екеуіңіздің де спортты кәсіпке айналдырып, нәсіп іздеулеріңізге әбден-ақ болатын еді ғой, – деп, әрмен қарайғы өмір жолдары жөнінде сыр суыртпақтадым.
– Онда не үшін оқыдық? – дейді ағынан ақжарыла күліп. – Дипломымызды алған соң институттың берген жолдамасы бойынша Целиноград облысы, Сілеті ауданындағы «Степногорск» совхозына жол тарттық. Жеңгең – мұғалім, мен шаруашылықта бас мал дәрігері болып бес жыл жемісті қызмет еттік. Басымызға бас қосылды. Тәжірибе жинадық. Енді еңбегімізді туған Жуалымызда да көрсетейік деп «Карл Маркс» совхозына келіп, мал дәрігері болып орналастым. Жұмыстың орайы солай келді. Кейін ферма басқардым. Мәселе қай жерде де абыройлы қызмет етуде ғой, бауырым…
Жөн-ақ! Келе салып кеуде кермей, бұйырған қызметте өзін көрсете білгенінің нәтижесі емес пе, бірер жылдан кейін Мал бордақылау совхозына бас мал дәрігері болып ауысады. 1999 жылдан 2004 жылға дейін совхоз директорының орынбасары, директор қызметін атқарады. Әрмен қарай өзінің «Достық» шаруа қожалығын құрып, күні бүгінге дейін басшысы болып жүр.
Иә, бұның бәрі түздегі атқарған шаруалары дейікші, ал енді отбасының аясындағы жетістіктері ше? Енді оны да айналып өтпейік: өмірлік сыңары Сағида екеуі екі ұл, екі қызды өмірге әкеледі. Бауыржан мен Жандостың туу туралы куәлігін Арқада жүрген кездерінде алса, Нәриза мен Гүлнара Жуалыда көрген қыздары. Бәрі заманға сай жоғары білім алып, қоғамдық өміріміздің әр саласында абыройлы қызмет атқарып жүр. Олардан көрген немере, жиен немерелердің үшеуі – Ақтөре, Мейіржан, Жанерке студент. Бәрі өздері қалаған мамандықтары бойынша білім алуда. Олардан кейінгілерінің ішінен Нұрай биыл мектеп бітірсе, қалғандары: Әлішер, Ділнәз, Айзере, Шәріп, Асылбек, Бейбарыс, Мансұр, Алдияр бірінші, екінші, алтыншы сыныптың оқушылары.
– Біз шама-шарқымызша әке-шешелеріміздің атына кір келтірмей тірлік кештік қой. Енді өмірімізді ұластыратын ұрпақтарымыз Тәуелсіз елімізге лайықты түлек, таяныш-тірек бола білсе деген ізгі ойдамыз. Келешек – солардікі, – дейді Мырзайым Тойшыбекұлы.

Талғат Айтбайұлы,
публицист-жазушы

Таңдаулы материалдар

Close