Basty bet

Ақпараттық жүйелеу – заманауи мамандық

2014 жылдан бастап елдегі мамандар тапшы облыстарды мамандармен толықтыру үшін Қазақстанда «Серпін-2050», «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» бағдарламалары бастау алды. Бұл реттте, «Серпін-2050» бағдарламасы – сәтті басталған жобалардың қатарында. Бұл бағдарламаның арнайы оқу орнына түспекші болған оқушылар үшін пайдасы өте зор. Әсіресе Оңтүстік Қазақстан өңірлерінен шыққан оқушылар үшін. Себебі, Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесінде аз балл жинап қалса да, Серпін грантын пайдаланып еліміздің солтүстік, шығыс және де батыс өңірлеріне жоғарғы оқу орнына түсуге мүмкіндік алады.

«Серпін-2050» бағдарламасы – оқушылардың оқуға түсуіне үлкен мүмкіндік. Мысалға, бұл бағдарламамен ауданның өзінен 2018-2019 оқу жылдарында 23 түлек, ал 2019-2020 оқу жылдарында 7 түлек, 2020-2021 жылдары 11 түлек оқуға грантқа түссе, биыл 11 түлек оқуға түскен. Бағдарлама мақсаты – білім беру кеңістігін кеңейтіп, республиканың орталық және солтүстік аймақтарын толықтай қамтып, оңтүстік аймақтарындағы сұранысқа ие мамандық алғысы келетін жастарды кеңінен тарту. Сондай-ақ, бұл жерде қазақыландыру саясаты да бар.
Қазіргі таңда осы бағдарламамен Петропавл қаласында орналасқан М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде білім алып жүрген Рапия Нұржанқызымен сұхбаттасқан едік.
Ол 2021 жылы №11 Тайыр Тастандиев атындағы орта мектепті тамамдаған. Негізгі мамандығы – ақпараттық жүйелер. Ол өз мамандығы жайында:
-Мамандық таңдау мәселесі – адам өміріндегі ең күрделі және жауапты қадам. Мамандық таңдау әрбір адамның мұқиятылығын қажет етеді.
Мамандықты таңдау кезінде “Ақпараттық жүйелер” мамандығы жайлы достарымнан, интернеттен мәліметтер жинай бастадым. Бұл мамандықтың қазіргі жаһандану заманында сұраныста, әрі кез келген уақытта бұл мамандықпен жұмысқа орналасу оңай. Сонымен қатар, программа құру, компьютермен жұмыс істеу өзіме де ұнайды.
Ақпараттық жүйелер мен бағдарламалау тілдерін тереңірек зерттеуді білдіреді және нақты ғылымдарға, математикалық логикаға және аналитикалық ойға деген сүйіспеншілікті қажет етеді. Осы мамандықта оқу барысында студенттер Ақпараттық жүйелер саласында бірқатар қолданбалы дағдыларға ие болады, ақпараттық процестермен жұмыс істеуді және ақпараттық проблемалар мен міндеттерді шешудің тиімді әдістерін таңдауды үйренеді.
Ең алдымен оқушы өзінің бейімділігін анықтап алуы керек. Және де сол бейімділікке сай келетін пәнді таңдау керек. Кейбір оқушылар шығармашылыққа бейім болса, ал кейбірі спортқа бейім болады. Осыған байланысты мамандығын таңдайды. Сонымен қатар оқушылар өзіне сұрақ қоя білуі керек “осы мамандық маған керек пе? Және болашақта маған пайдасы тиеді ме?”,- деп, сонда ғана мамандықтағы өзіндік орнын таңдай алады. Жалпы мамандықта таңдау кезінде оқушылар таңдап жатқан мамандығын болашақ ұрпақтарға да пайдасын қарастырғаны жөн, – дейді студент Рапия.
Рапия Нұржанқызы көпбалалы отбасыда өскен. Үйінің үлкені. Өзінен бөлек үш сіңілісі мен бір інісі бар. Қазір үздік студенттердің қатарында. Оның арманы өз саласында кәсіби маман болып, Қазақстанның IT саласын дамыту. Қазірдің өзінде бірнеше бағдарламаларды меңгерген, кодтарын еркін жаза алады. Оның тобында Рапиядан бөлек те суденттер «Серпін-2050» бағдарламасымен оқуға түскен.
-Біздің топта 29 студент білім алады. Соның ішінде бұл бағдарламамен 22 студент білім алады. Менің группаластарым өте керемет жандар. Көбісі сабақтарын жақсы оқиды. Университетте студенттер ноутбук, компьютерлермен толық қамтамасыз етілген. Корпустары да жаңа. Жалпы айтқанда, Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті ең үздік университет деп айта аламын. Маған бұл университет қатты ұнайды. Мен бұл университетте оқып жатқаныма қуанамын. Бұл үлкен мақтаныш деп айта аламын, – дейді кейіпкеріміз өз университеті жайында.
«Серпін-2050» бағдарламасымен білім алып жүрген студенттер орта есеппен 36 660 теңге шәкіртақыларын да, әрі әрі қысқы әрі жазғы демалыста үйлеріне барып-қайту үшін жолақыларын да алады. Жатақханалары да бар. Бастысы, студенттер сабағын жақсы оқып, оқуын аяқтаған соң үш жыл келісімшарт негізінде өздері оқып жатқан қалада жұмыс істеуі қажет. Былайша айтқанда, жұмысы да дайын.
Қорыта келе, «Білім басы – бейнет, соңы – зейнет», – демекші кейіпкеріміз Рапия Нұржанқызына қазір еңбектеніп оқып, білім алып, кейін сол бейнетінің жақсы нәтижесін көруді тілейміз.

Үміт Мадиярбек,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close