Basty bet

«Жаңа Қазақстанды» бірге құрайық!

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне «AMANAT» партиясынан сайланған жамбылдық депутат Гүлдара Нұрымова еңбек демалысына шығар алдында Жуалы ауданына жұмыс сапарымен келіп, өңірдің ауыл шаруашылығы және әлеуметтік салаларындағы проблемаларға қанығып, Қарасаз ауылдық мәдениет үйінде тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдады.

Нұрлыкент ауылдық округінің Нұрлыкент ауылында орналасқан «Гамбург» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2018 жылы 1 200 бас сауынды сиырға арналған заманауи кешеннің құрылысын бастаған. Құрылыс жұмыстары екі жыл бойына қарқынды жүргізіліп, кешеннің іргетасы мен қабырғасы тұрғызылып, төбесіне бетон итарқалар тасталған.
Ауқымды жобаға бастапқыда «Бизнестің жол картасы-2020» деп айдар тағылғанымен, серіктестік директоры Г.Кох мемлекеттен бір теңге де алмай, кешен құрылысын өз қаражаты есебінен жүргізген. Араға пандемия килігіп, іске біраз қолбайлау болған. Оған қоса дәл осы тұста серіктестіктің басты табыс көздерінің бірі болып есептелетін жол құрылысы саласынан да мардымды пайда түспейді. Жобадағы жұмыстардың 70-80 проценті орындалғанда, құрылыс тоқырап қалады.
Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова серіктестік директоры Георг Кохтан мәселенің мәнісін сұрағанда, ол былай деп жауап берді:
– Қазірдің өзінде кешен құрылысына 2 млрд. теңгедей қаражат жұмсалды. Енді әрі қарай құрылыс жұмыстарын аяқтауға қаржылай мүмкіндік жоқ. Несиеге алынған жаңбырлатып суғару қондырғысының өзіне жылына 40 млн. теңге төлеп отырмыз. Бұл жай кешен емес, тауарлы-сүт фермасы, мұнда сауынды сиырлар бағылады. Оларға тиісті күтім мен бап керек. Сондықтан да оның технологиялық жабдықталуына, жем-шөп құрамына қойылатын талаптар жоғары.
Кешен құрылысын аяқтау үшін орташа есеппен тағы 800 млн. теңге қажет. Қаражат сұрап, екінші деңгейдегі бірнеше банкпен келіссөздер жүргіздік. Бірақ, ешқайсысы жермен, ауыл шаруашылығымен жұмыс істегісі келмейді.
Мемлекет осындай ірі кешендерге субсидия бөлгенде, шаруашылықтардың жағдайымен есептесіп, субсидияны объекті мемлекеттік қабылдаудан өткеннен кейін емес, оның құрылысы барысында кезең-кезеңмен бөліп берсе, сонда септігі көп болар еді, – деген ұсынысын жеткізді.
– Сіздің көтеріп отырған мәселеңіз орынды. Дегенмен, кәсіпкерлердің бәрі бірдей мемлекет қаржысына ұқыппен қарайды деп айта алмаймын. Осындай адами факторлардың салдарынан кейбір объектілердегі жұмыстың сапасы сын көтермейді. Сіздің жеке жауапкершілігіңіз жоғары шығар. Оған күмәнім жоқ, – деген Гүлдара Алданышқызы қазір Парламент қабырғасында көптеген заңдардың қайта қаралып жатқанын, Үкіметтің де, министрлердің де жаңа жағдайда жұмыс істеуге көшкенін айта келе, шаруашылық басшысы көтерген бұл мәселенің де таяу уақытта шешімін табатынына сенім білдірді.
Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымованың келесі аялдаған орны Қарасаз ауылдық округіне қарасты Ақбастау ауылындағы бұрынғы орта кәсіптік-техникалық училищенің жатақханасы болды.
Айта кететіні, мұндағы бес қабатты екі жатақхана ондаған жылдар бойы қаңырап бос тұр. Ал ауданда баспана кезегінде тұрғандар саны 800 адам. Осы екі жатақхананы күрделі жөндеуден өткізсе, 65 отбасына баспаналы болу бақыты бұйырғалы тұр.
Аудан әкімінің орынбасары Рақымғазы Құниязов Гүлдара Алданышқызына екі жатақхананың таяуда № 16 Жуалы колледжінен аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің теңгеріміне алынғанын, өткен жылы облыс әкімдігі экономика және бюджетті жоспарлау басқармасына екі жатақхананың ғимаратын күрделі жөндеуге бюджеттік өтінім берілгенін, алайда бұл сұраныстың қолдау таппағанын айтты.
Гүлдара Алданышқызы аудан әкімдігінің бұл ұсынысын толық қолдайтынын жеткізіп, осы жұмыс сапары аясында аталған мәселені облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің алдында көтеретінін айтты.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова өңірге жұмыс сапары аясында Қарасаз ауылдық мәдениет үйінде азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдады.
Қабылдауға барлығы бес азамат қайырылды. Аудандық Аналар алқасы төрайымының орынбасары Айгүл Омарова көпұлтты округ халқының ынтымағы мен тату-тәтті тіршілігіне, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы салаларындағы қол жеткен табыстарға ризашылығын білдіре келе, ауыл-аймақтағы жол жөндеу, ауызсу тарту секілді маңызды жобалардың тендер арқылы жүргізілетінін, сондықтан сатып алу заңнамасын жетілдіру керектігін еске салды.
Ауылдық округ ардагерлер кеңесінің төрағасы, билер кеңесінің мүшесі, медиатор Сағындық Тоқбергенов ауыл-аймақта әлі де бірқатар проблемалардың бар екеніне назар аударды.
– Қазір ауыл тұрғындарын қинайтын мәселенің бірі – жол. Кеңес заманында ауыл көшелерінің басым бөлігі асфальт еді. Су, газ жүргізді, жолдың асфальты бұзылды. Былтыр ауылдағы үш көшемізге асфальт төселуі тиіс еді, алайда қаражат басқа өңірге бөлініп кетті. Тым болмаса, Қарасаз ауылындағы екі көшеге орта жөндеу жұмыстары жүргізілсе, – деді ол.
Қарасаз ауылының тұрғыны Құралбай Сағынбаев ұлы Айбектің қаңтар оқиғасы кезінде облыс орталығында тәртіпсіздікке қатысып, ұсталғанын, қазір уақытша ұстау абақтысында отырғанын айтып, оны ақтап алуға жәрдемдесуді сұранды. Гүлдара Алданышқызы қаңтар оқиғасына қатысушыларды ақтау жөніндегі комиссия мүшесі ретінде облыстағы бірқатар тергеу абақтыларында болып, қамалғандардың жағдайымен танысқанын айта келіп, істің ақ-қарасын сот шешетінін жеткізді.
Қарасаз ауылдық округі жергілікті қоғамдастығының төрағасы Ермахан Қойлыбаев округке қарасты халық саны аз Қарасу, Көктас ауылдарына ауызсу жүргізу, жайылым тапшылығы мәселелерін қозғаса, аудан әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығының ауылдық округтегі ассистенті Толқын Қарабекова баспана мәселесімен қайырылды.
Қабылдауға келген азаматтардың шағымдарын мұқият тыңдаған Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова ауыл халқының өмір сүру сапасын жақсарту үшін қабылдауда айтылған барлық сын-ескертпелердің бақылауға алынатынын айтты.
– Бүгін баршамыздың алдымызда «Жаңа Қазақстанды» құру міндеті тұр. Оны құруды әр азамат өзінен бастауы керек. Сондықтан аудан тұрғындарын «Жаңа Қазақстанды» бірге құруға шақырамын, – деді Гүлдара Алданышқызы.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова өңірге жұмыс сапары кезінде аудан әкімінің орынбасары Рақымазы Құниязов, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Марат Нарымбеков, тиісті ауылдық округтер әкімдері онымен бірге жүрді.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close