Basty bet
Өңір өнерін өрге жүздіргендерге құрмет
Талапты ауылында мәдениет және өнер қызметкерлері күні мерекесі атап өтілді
21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күні кәсіби мерекесіне арналған облыстық деңгейдегі мерекелік іс-шара Жуалы ауданында, оның ішінде, Талапты ауылындағы Шерхан Мұртаза әдеби-мемориалдық үйінде өткізілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлт мәдениет – халық өмірінің айнасы» деп атап өткендей, бұл мереке – ұлт өнері мен руханиятқа байланысты. Салада тер төгіп жүрген әрбір қызметкерге жасалған құрмет – ұлт руханиятына жасалған құрмет.
Айта кету керек, аталған кәсіби мереке мереке ретінде Президент Жарлығына сәйкес 2013 жылы белгіленді.
Облыстық іс-шараның да Жуалы ауданында өтуі жайдан жай емес. Қасиетті топырақ ұлт қайраткерлерін және генералдарды, спорт саңлақтарын түлетумен қатар, елдің мәдениеті мен әдебиетінде, жалпы руханиятта есімдері елге белгілі мәдениет және өнер қайраткерлерін дүниеге әкелген. Мерекенің ұлт қайраткері, жазушы Шерхан Мұртазаның әдеби-мемориалдық үйінде ұйымдастырылуы да үйлесім тапқан. Аптаның сенбі күні ұйымдастырылған іс-шараның жоғары деңгейде өткенін баса айтуымыз қажет. Музей үйінің ауласында тақырыпқа байланысты көрме, оның ішінде қасиетті Жамбыл өңірінің мәдениет саласының дамуына байланысты фотошежірелер, ұлт руханиятының дамуына еңбек сіңірген тұлғалардың тұтынған жеке заттарынан көрме жасалған. Одан бөлек, жергілікті ақын-жазушылардың кітаптарының макеттері жасалған.
Ал бір шетте қазақ халқының ұлттық тағамдары, оның ішінде, таба нан, бауырсақ пісіріліп, күбіде май шайқалып, қымыз-қымыран пісіліп жатты. Бір сөзбен айтқанда, мерекеде салт-дәстүрдің иісі айқын сезіліп тұрды.
Мәдениет және өнер қызметкерлері күні кәсіби мерекесіне Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов, генерал-лейтенант, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев және Қазақстанның халық артисі, танымал композитор Алтынбек Қоразбаев, тағы басқа өңірге белгілі азаматтар арнайы келіп, қатысты.
Ең бірінші кезекте кеш қонақтары көрмемен танысты. Содан кейін іс-шараның ресми бөлімінде облыс әкімі Нұржан Нұржігітов сала қызметкерлерін құттықтады.
-Құрметті мәдениет және өнер саласының ардагерлері мен қызметкерлері және қадірменді көпшілік!
Сіздерді Мәдениет және өнер қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Сіздер ғасырлар бойы атадан балаға мұра болған асыл қазынамыз төл өнеріміз бен мәдениетімізді өскелең ұрпаққа жеткізу жолында аянбай еңбек етіп келесіздер.
«Ұлт мәдениеті – халық өмірінің айнасы, оның болмысы. Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты. Сол себепті азаматтарымыздың рухы әрқашан биік болуы үшін мәдениетімізге, яғни руханиятымызға баса мән бергеніміз жөн»,- деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, мәдениет саласы ешқашан назардан тыс қалған емес.
Жалпы, ағымдағы жылы мәдениет саласына 11,9 млрд теңге бөлініп, 14 нысанның (1,5 млрд. теңге) құрылысы және
4 нысанда (424,3 млн. теңге) күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, мәдениет үлеріне қосымша 94 штат беріліп, 143 үйірме ашылды.
Өткен жылы облыс орталығында мемлекет және қоғам қайраткерлері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың және Шерхан Мұртазаның еңселі ескерткіштері бой көтерді. Сондай-ақ, Асанәлі Әшімов, Илья Жақанов, Мұхтар Шаханов сынды тұлғалардың мерейтойлары кең көлемде аталып өтті. Ал, халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына орай республикалық деңгейде айтулы мерейтойлық іс-шара өтіп, туған ауылында әдеби-мемориалдық үйі ашылды.
Жамбыл жері таланттарға бай, киелі мекен. Өңірдің мәдениет қызметкерлері мен өнерпаздары халықаралық, республикалық деңгейдегі түрлі байқауларда топ жарып, облыс беделін арттыруда.
Атап айтар болсам, өткен жылы «Жеті қазына» телевизиялық жобасында және республикалық «Асыл домбыра» айтысында облысымыз бас жүлделерге ие болды. Облыстың мәдениет саласындағы жетістігі ретінде жоба жетекшілері «Асыл домбыраны» облыстық тарихи-өлкетану музейіне табыстады. Айта берсек, ауыз толтырып айтар жетістіктеріміз көп.
Құрметті мәдениет саласының қызметкерлері!
Сіздерге осындай жауапкершілігі мол, жүгі ауыр саладағы еңбектеріңізге шынайы ризашылығымды білдіремін. Еліміздің рухани-мәдениетін нығайту жолындағы еңбектеріңізге шығармашылық табыс, зор денсаулық, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын,- деді Нұржан Молдиярұлы.
Аймақ басшысы сондай-ақ сала қызметкерлерінің үлкен тобына Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің Құрмет грамотасын, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің Алғысхатын, Жамбыл облысы әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісі, облыс әкімінің арнайы стипендиясын және облыс әкімінің Құрмет Грамотасы мен Алғысхаттарын салтанатты жағдайда табыстады.
Марапатталушылардың арасында Жамбыл облысы әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісін аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің бөлім меңгерушісі Күләш Таубалдиева иеленді.
Сала қызметкерлерін генерал-лейтенант, Халық Қаһарманы, жерлесіміз Бақытжан Ертаев және Қазақстанның халық артисі Алтынбек Қоразбаев құттықтап, өңір өнерін өрге жүздірген өнердің өз өкілдеріне шығармашылық табыс, елімізге амандық тілейтіндерін жеткізді.
Мерекелік іс-шаралардың барысында оған қатысушылар ұлттық спорттық ойындардан көріністерді, театрландырылған көріністі және концерттік бағдарламаларды тамашалауға мүмкіндік алды.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»