Basty bet
Ұрпақ қамын ойлаған ұтымды бағдарлама
Адам капиталын дамыту – ұлт сапасын арттырып, қоғамның ілгері басуына бастайтын іргелі бағыт. Бұны әуелден басшылыққа алған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пәрменді бастамалар көтеріп, ілкімді істердің атқарылуына оң ықпал етіп келеді.
Әсіресе, болашағымыз – балаларға мемлекеттің қамқорлығы, жан-жақты жағдай жасауы өте маңызды. Осы орайда Мемлекет басшысының «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарламасын халық ұлт байлығының үлесін сезінер үлкен бастама санап, үміт артып, қуана қабылдады. Әрбірден соң, бұл бағдарламаның ел болашағына салынып отырған стратегиялық инвестиция екені анық.
Президент ел көңілінен шыққан тың бағдарлама туралы «Әділетті қоғам. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтқан болатын. Оның бұл бастамасы әділетті қоғамның орнауы ұлт байлығын тең бөлу мен баршаға бірдей мүмкіндік беруден басталады дейтін ойымен толық үйлесіп тұр.
Балалық шақты қорғау – Қазақстанның мемлекеттік саясатының стратегиялық басым бағыттарының бірі. Бүгінде қазақстандық отбасылар баланың туылуынан бастап оның ересек өмірге енуіне дейінгі әрбір кезеңде мемлекеттің көмегіне жүгіне алады. 2022 жылдың қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында болашақ ұрпақтың әл-ауқатын арттыруға, жастардың білім алуын табысты бастау және қолдау үшін жағдай жасауға бағытталған «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасына бастама бергені белгілі.
Осы бағдарлама шеңберінде 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 18 жасқа толмаған қазақстандық балаларға туылған кезде автоматты түрде ашылған дербес шоттарға жыл сайын Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50%-ы аударылады. Егер 2024 жылы әр балаға 100,52 АҚШ доллары есептелсе, 2025 жылы есептеу сомасы 129,38 АҚШ долларына дейін өсті. Бұл ретте алушылар саны да өсуде – 2024 жылы 304 815 мың баладан 2025 жылы 324 430 мыңға дейін.
Кәмелетке толғаннан кейін балалар жинақталған ақшаны тұрғын үй немесе жоғары білім үшін алғашқы жарнаны төлеу мақсатында пайдалана алады. Мұндай ашық тетік ата-аналардың немесе балалардың қамқоршыларының оларды ағымдағы жұмсау қаупін жояды. Осылайша, мемлекет ересек өмірге қаржылық жастықпен кіретін жас қазақстандықтардың ұрпағын қалыптастыруда. Бұл – өмір сапасын жақсартуға ықпал етіп, болашақта жас қазақстандықтарға сенімділік ұялататыны анық.
Қазақстан экономикалық өсу драйвері ретінде талантқа бәс тігуде, сондықтан Президент 2023 жылы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесіне бастамашы болып, 2025 жылдың басында тиісті заңға қол қойған болатын.
Бастаманың мақсаты – өскелең ұрпаққа сапалы білім алуға кепілдік беру. Ерікті жоба бола отырып, «Келешек» жүйесі бөлінген мемлекеттік гранттарға қосымша қаражат жинауға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік қолдау тетігі ретінде бұл бағдарлама 5 жастан асқан балаларға ақша қаражатын тұрақты жинақтауға мол мүмкіндік сыйлауда. 18 жасқа толғаннан кейін балалар техникалық, кәсіптік, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді қоса алғанда, Қазақстанда және шетелде білім беру қызметтерін жинақталған қаражатпен төлей алады. Сондай-ақ тұрғын үй үшін пайдалана алу мүмкіндігіне ие. Бұған қоса, балалар жинақталған қаражатты туыстарының (туған бауырлары) қатарынан үшінші тұлғаларға аудара алатыны тағы бар.
Жинақтау үшін мемлекет 60 АЕК (2025 жылы 235 920 теңгені құрайды) және жетім балалар үшін – 120 АЕК (471 840 теңге) мөлшерінде бастапқы білім беру капиталын, сондай-ақ 5-7 пайыз мөлшерінде мемлекеттік сыйақының жыл сайынғы төлемін және екінші деңгейдегі банктің сыйақысын немесе өмірді сақтандыру бойынша компанияның инвестициялық табысын бөледі. Ата-ана немесе қамқоршы, өз кезегінде, халықтың әлеуметтік осал топтарындағы балалар үшін кемінде 12 АЕК және балалардың қалған санаттары үшін 24 АЕК мөлшерінде жыл сайынғы ең төменгі жарна енгізеді.
Осылайша, елдегі демографиялық өсу аясында «Келешек» бағдарламасы «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасымен бірге қолжетімді білім беруге, қолайлы кәсіпті игерумен қатар, тұрғын үй проблемасын шешуге мүмкіндік беріп отыр. Сол арқылы ата-аналардың қаржылық жүктемесін азайтпақ.
Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, бағдарлама аясында жыл сайын аударылатын төлемді 2025 жылғы 31 қаңтардан бастап egov пен «БЖЗҚ» сайттарынан, сондай-ақ мобильді қосымшалардан (egov, «БЖЗҚ», Kaspi.kz, Halyk) көруге болады.
Былтыр 100,52 доллар аударылса, биылғы көрсеткіш 129,38 долларға тең. Аударымның мөлшері, ең алдымен, Ұлттық қордағы қаражаттың көлеміне, сондай-ақ инвестициялық табысқа байланысты. Инвестициялық кірісті ескерсек, бағдарламаға екі жылдан бері қатысып келе жатқан балалардың жалпы жинақ сомасы 232,94 долларға артқан.
Қазақстан азаматтығынан айырылған жағдайда бұған дейін аударылған барлық қаражат қайтарылып, елдегі кәмелетке толмаған азаматтары арасында қайта бөлінеді.
Бағдарлама жаңа болған соң қатысушылардың тізімін қалыптастыруда кемшілік болуы мүмкін. Сол себепті, жыл сайын тізім қайта тексеріледі. Мәселен, БЖЗҚ деректерді салыстырғаннан кейін мәліметтерде сәйкессіздіктердің бар екенін анықтаған. Осыған байланысты тиісті сомаға түзетулер енгізілді. Осыдан кейін аударымдардың кейбірін кері қайтарып, басқа азаматтардың шотын толықтыру арқылы қайта есептеу жүргізіліпті. Осылайша, 2024 жылы шамамен 6 млн доллар көлемінде қаражат қайта бөлінген.
Қатысушының өздігінен тұрып жүруге немесе басқа да іс-қимылға қабілеті болмаған жағдайда оның заңды өкілі (ата-анасы, асырап алушысы, қорғаншысы, қамқоршысы және өзге де адамдар) бағдарламаның шеңберінде жиналған соманы тек аталған баланың мақсатына, яғни оның баспана жағдайын жақсартуға ғана пайдалана алады.
Сонымен қоса, бағдарламаға тек Қазақстан азаматтары қатысады. Егер шетел азаматтарының немесе азаматтығы жоқ адамдардың балалары Қазақстан азаматтығын алса, онда азаматтықты алған сәттен бастап 18 жасқа дейін оларға «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша қаражат төленеді.
Айта кететін жайт, 18 жасқа толған жас азамат осы ақшаның көмегімен ата-анасының ипотекасын жаба алмайды. Ол мүмкін емес. 18 жасқа толғаннан кейін азамат ақшасын тек жылжымайтын мүлік сатып алуға, ипотекалық тұрғын үй қарызын алу үшін бастапқы жарнаны төлеуге, тұрғын үй құрылыс жинағына салым аударуға (оның ішінде ақшаны одан әрі жинақтау үшін), ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша берешекті ішінара немесе толық өтеуге, «Ислам» банкінің қаржыландыру шеңберінде тұрғын үй сатып алуға, сатып алу құқығымен тұрғын үйді ұзақ мерзімді жалдау келісім шарттары бойынша ақыны төлеуге және жекеменшік тұрғын үйді салуға жұмсауға хақылы.
Egemen.kz