Basty bet
Жамбыл облысында өрт қауіпсіздігі нығая түсті: Мойынқұм ауылында жаңғыртылған өрт сөндіру бөлімі ашылды
Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Алтай Әлі, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Арман Тоқанов, аудан әкімі Ермек Карентаев және ауыл тұрғындары қатысты. Жиында сөз алған ресми тұлғалар бөлімшені жаңғырту – қызметкерлер үшін заманауи әрі қолайлы еңбек жағдайын қалыптастырып қана қоймай, аудан халқының қауіпсіздігін арттыруға бағытталғанын атап өтті.
1987 жылы салынған ғимаратқа алғаш рет күрделі жөндеу жүргізіліп, инженерлік желілер толық жаңартылды. Бөлімше заманауи талаптарға сай жабдықталып, газ-түтіннен қорғау қызметінің бекеті, оқу сыныбы, тұрмыстық және демалыс бөлмелері, техникаға арналған бокстармен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар жеке құрамның дене даярлығын нығайту мақсатында талапқа сай «Batyr team» спорт залы жасақталған.
Бүгінде бұл бөлімше ауданның 28 мыңнан астам тұрғынының қауіпсіздігіне жауап береді. Мұнда 22 қызметкер еңбек етеді. Өткен жылы олар 43 өртке және 80 өзге де шақыртуға шығып, 10 адамның өмірін сақтап қалған.
Ашылу рәсімі барысында министр департамент қызметкерлеріне жаңа өрт сөндіру және құтқару техникасының кілттерін табыстады. Жоғары өтімді автокөліктер, автоцистерна, катер және вахталық көлік заманауи байланыс, навигация және авариялық-құтқару құралдарымен жабдықталған. Бұл техника шалғай және күрделі климаттық жағдайларда жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Жұмыс сапары аясында Шыңғыс Аринов облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жаңартылған дағдарыс орталығының жұмысымен де танысты. Операциялық басқару залы цифрлық мониторинг жүйелерімен жарақтандырылып, нақты уақыт режимінде ақпарат алмасуға және жедел шешім қабылдауға жағдай жасалған. Қазіргі таңда мұндай орталықтар елдің 20 өңірінде жұмыс істейді.
Министр өңірдегі азаматтық қорғау жүйесін одан әрі дамыту, материалдық-техникалық базаны күшейту және заманауи технологияларды енгізу бойынша нақты тапсырмалар берді.
Жаңғыртылған өрт сөндіру бөлімі мен заманауи техниканың пайдалануға берілуі – Жамбыл облысында қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі. Бұл қадам өңір тұрғындарының әл-ауқатын нығайтып, төтенше жағдайларға дайындықты жаңа деңгейге көтереді.