Basty bet
Порталдың жетістіктері жетерлік
БҰҰ-ның электрондық үкіметтің даму деңгейі бойынша әлем елдерінің рейтингісінде Қазақстан 193 елдің ішінде 28 орында тұр.
Қазақстан Республикасы электрондық үкіметінің порталы – мемлекеттік қызметтер туралы ең қажетті ақпарат алуға бірыңғай қол жеткізу нүктесін қамтамасыз ететін және мемлекеттік қызметтер мен сервистерді электрондық түрде ұсынатын, ақпараттық-анықтамалық интерактивтік веб-портал. Қарапайым тілмен жеткізіп көрсек, электрондық үкіметтің порталы – ол сіз бен біздің күнделікті электрондық цифрлық қолтаңба арқылы өзімізге қажетті мемлекеттік қызметтерді алатын «egov.kz» порталы.
Бәрі қалай басталды?
Электрондық үкімет құру идеясы ең алғаш рет 2004 жылы 19 наурызда Президенттің халыққа арнаған жылсайынғы Жолдауында айтылған болатын. Дәл осы жылы оның негізгі кезеңдерін анықтайтын электрондық үкіметті қалыптастыру бағдарламасы бекітілді. 2006 жылы «egov.kz» веб-порталы іске қосылды. Басында ол тек мемлекеттік қызметтер туралы ақпараттық-анықтамалық түрдегі материалдардан тұрған еді.
«Электрондық үкімет» деген не және оның халық үшін қандай пайдасы бар?
Ақпараттық технологиялар күнделікті өмірімізде маңызды рөлге ие болғалы қашан. IT мемлекеттік басқару процесіне үйлесімді енгені соншалық, онсыз бүкіл жүйенің жұмыс істеуін елестету қиын. Мемлекеттік билік органдары мен халық арасындағы сандық өзара іс-қимылды ұйымдастыру әлемдік тәжірибеде электрондық үкімет жүйесі арқылы жүзеге асырылады, ол e-Government деп аталады.
Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану арқылы мемлекеттік басқаруды жетілдіру процесін «электрондық үкімет» құру деп атау қабылданған.
«Электрондық үкімет» – бұл ақпараттық технологияларды кеңінен қолдануға негізделген және азаматтар мен ұйымдарға, оның ішінде Интернет желісі арқылы қызмет көрсетуге барынша бағытталған мемлекеттік органдардың жұмыс істеу тетігі.
«Электрондық үкімет» азаматтардың мемлекеттік билікпен, түрлі әлеуметтік қызметтермен тікелей және ашық диалогын жүргізу мүмкіндігін қамтамасыз етеді, сайып келгенде кез келген дәрежедегі және мәртебедегі мемлекеттік органдағы әрбір басшымен диалогты «электрондық үкімет» қолжетімді қылып ғана қоймайды, сонымен қатар интерактивті етеді.
«Электрондық үкіметті» құру – бұл субъективті фактордың әсерін төмендете отырып, мемлекеттік қызметшіні қарапайым халыққа жақындату тәсілі. Шенеунікпен қарапайым азаматтың электрондық қарым-қатынас түрімен байланысуы, азаматтың өз мәселесінің шешілу процесін өзі қадағалап, бақылауға мүмкіндік алуы, – міне, «электрондық үкімет» құрудың мақсаты және бұл жеке тұлғалардың да бизнес құрылымдардың да қалауы еді.
2003 жылдың қыркүйегінде Еуропалық комиссия электрондық үкіметтің маңызын атап өтекеле, оған мынадай анықтама берген еді: «Электрондық үкімет азаматтар мен бизнеске тиімді мемлекеттік қызмет көрсетуді арттыру құралы болып табылады. Ол: бір жағынан – қызмет көрсету көлемін кеңейтіп және олардың сапасын арттыра отырып, екінші жағынан-ресурстарды үнемдей отырып , мемлекеттік саясатты жүзеге асыруды жеңілдетеді және мемлекеттік секторға қарама-қайшы талаптарды орындауға көмектеседі».
«Электрондық үкіметті» енгізу мемлекет үшін сыбайлас жемқорлық сияқты зиянды құбылыстың азаюына ықпал етіп, мемлекеттік құрылымдардың ашықтығын арттыра түсті және мемлекеттік органдағыларға өтініш қалдыру жеңілдеді.
Үйден шықпай-ақ бар шаруаңды тындырасың.
Осыдан он шақты жыл бұрын бір құжатты алу үшін бірінде бар ақпарат келесісінде қайталанатын, басқа да құшақ-құшақ құжаттар жинау жиі болатын құбылыс еді. Ол құжаттардың әрбіреуін бөлек-бөлек мемлекеттік мекемелер береді. Оны алу үшін адамдар сол ұйымдардың есігінің алдында сағаттап кезекте тұратын. Жүйкесі сыр беріп, шыдамы таусылғандар осы құжаттарды аяғына дейін жинай алмай, орта жолда қалатын жағдайлар да кездесетін. Сондықтан «электрондық үкімет» құрудың маңызды себептерінің бірі – мемлекеттің қолда бар барлық ақпараттық ресурстарын, оның нақты бөлігіне қол жеткізу құқықтарын шектей отырып, біртұтас ортақ алаңға біріктіру жолымен «бір терезе» қағидатын енгізу болды. Осыдан кейін халыққа мемлекеттік аппараттың күрделі ішкі құрылымын талдап, өздеріне қатысты жеке деректерін бірнеше рет ұсынып, қажетті құжаттарды ресімдеу үшін сағаттап кезекте тұрудың қажеті жоқ болып қалды. Электрондық үкіметтің арқасында мемлекеттік қызмет күніне 24 сағат, аптасына 7 күн қолжетімді болып тұр.
Бір кездері ертегідей көрінген дүниелерді «Электрондық үкімет порталы» қазір шындыққа айналдырғаны жасырын емес. Белгілі бір қызметті алу үшін кететін уақытымызды барынша азайтқанын мойындауымыз керек. Азаматтардың үйден шықпай-ақ өзіне қажетті қызметті алу үшін жағдайлар жасалып, жан-жақты мүмкіндіктер қарастырылып отыр. Оған мысал, қазір мемлекеттік қызмет пен сервистерді бірнеше жолмен алуға болады.
«Адырна»
ұлттық порталы