Basty bet

Өнер мектебінің шәкірті үздіктер қатарында

Талабы таудай жас өнерпаздардың қатары артып, елдің көз қуанышына айналғаны көңіл қуантады. Өнер – адамның бойындағы белгілі бір құдіретті күш секілді. Кейде асау өзендей арнасына сыймай сарқырап ақса, енді бірде бастау бұлақтай мөлдіреп қана алға жылжиды. Ал оның өзі қандай керемет дүние. Осынау төрт әріптен ғана құралған кішкентай сөз – бүкіл адамзаттың және барлық әлемнің рухани қазыналарын байытып келеді.
Бүгінде аудандағы №1 Балалар өнер мектебі шәкірттерінің бірнеше байқауларда қол жеткізген жетістіктерін ауыз толтырып айтуға болады. Демек, бұл өнер мектебі өңір мәдениетінің өркендеуіне елеулі үлес қосып, өнерлі шәкірт дайындауда алдыңғы қатарда келеді деген сөз.
Қаршадайынан-ақ байқауларға қатысып, жүлдегерлердің қатарынан көрініп, бүгінде республика көлеміндегі байқауларда бақ сынасып жүрген жас өрен, №1 Балалар өнер мектебінің үздік шәкірттерінің бірі – Ерасыл Тұрар. Ол өнер мектебіне 2021 жылы эстрадалық вокал сыныбына қабылданады. Жас өнерпазды өнер атты өмірге қанат қағуына өнер мектебінің қосқан үлесі зор.
Вокал сыныбының мұғалімі Сымбат Төребекованың айтуынша, Ерасыл сабырлы, мейірімді, ойлау қабілеті жоғары оқушы. Өзіне берілген тапсырмаларды тиянақты орындайды. Мектепішілік, аудандық, облыстық іс-шараларға белсене қатысады. Оның қоңыр дауысты тембрі, дауыс регистрі (тенор), вокалдық техникасы, әнді сүйемелдеу шеберлігі ерекше және ән табиғатын дөп басып, сезіне айта біледі. Айтқан әні қалықтап құлақта қалып қояды. Бұл бір әншіліктің тылсым құпиясы іспетті. Сөз мәтініне аса мән бере отырып, әнді нақышына келтіріп, шебер орындайды.
– Нағашыларым өнерден алыс емес. Маған өнер сол кісілерден дарыған. Одан бөлек өнер мектебінен тәлім алып, әннің қыр-сырына қаныға түстім. Ұстазым Сымбат Тимурқызынан да үйренерім көп болды. Ән айтқанда жүйке жүйем тыныштық тауып, рақаттанады. Әнді орындау барысында вокал техникасын жан-жақты меңгеріп, өз репертуарыма алған шығармамды рухани байыта отырып, сахнада барынша өзімді еркін ұстауға тырысамын. Үлкен сахналарға шыққанда бойымды қорқыныш билеген жоқ. Алдағы уақытта тағы да ауқымды байқауларға қатысып, өнерімді одан әрі шыңдағым келеді,- дейді өнерлі жас.
Ол алғаш рет 2022 жылы балалар мен жасөспірімдер арасындағы республикалық «Жас жұлдыз» байқауында I орынды иеленсе, араға көп уақыт салмай халықаралық өнер байқауынан I орын, халықаралық «Шабыт шыңы» фестивалінен II орын алып, «Өнерге қанат қаққандар» халықаралық байқауынан және 2023 жылы республикалық «Талантты жастар» байқауынан, облыстық «Жас сарбаз» әскери-патриоттық әндер фестивалінен Бас жүлдені иеленген. Сонымен қатар, ҚР Қорғаныс министрінің Алғыс хатымен және аудан әкімінің «Үздік жас талант» Дипломымен марапатталды.
Айта кетерлігі, мекеме басшысы Қанат Мұратаев Қазақстан Республикасы қосымша білім беру ұйымдарындағы талантты балалардың Ұлттық энциклопедиясына үздік шәкірт ретінде Ерасыл Тұрарды ұсынатынын айтты.
Жас өнерпаз қазан айында Алматы қаласында өтетін республикалық байқауға қызу дайындық үстінде.
Аида Тұрғұмбекова,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close