Basty bet
Ұлт көсемі, Алаш қайраткері
Алашорда үкіметінің төрағасы, мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым – Әлихан Бөкейханов ұлттық және әлемдік ой-сана биігіндегі алып тұлға. Тарих толқынындағы жанкешті арпалысқа толы ұлттық бұлқыныстар мен азаттыққа ұмтылған көтерілістердің жеңісі мен жеңілісіндегі тағылымын бойына сіңірген қыр перзенті жаңа тұрпаттағы қайраткерлік күресінде зайырлы ұстанымдағы реформаторлық әдіске иек артты.
Ол ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ даласында кеңінен қанат жайған ұлт-азаттық Алаш қозғалысының негізін қалаушы және жетекшісі, Алашорда ұлттық автономиясы халық кеңесінің төрағасы болды. Оның азаматтық ұстанымы мен өмірлік мақсаты – тәуелсіз қазақ мемлекетін құру болған. Ол «қазақ үшін жүрек майын шам қылған» ұлт қайраткері, өзінің бар саналы ғұмырын қазақ халқының азаттығы мен дамуына, ел тәуелсіздігі мен ұлт мүддесі жолындағы күреске арнаған. Ұлттың қамын ойлап, жеке басын қатерге тіккен ұлт қайраткерінің айтқан әрбір қанатты сөзі бүгінгі жас ұрпаққа ерекше мотивация сыйлайды деп ойлаймын.
Әлихан Бөкейханов мемлекет қайраткері ғана емес, Оксфорд, Кембриджде мойындалған қазақ ғалымы. ЮНЕСКО Алаш көсемін, «бүкіл дүниежүзілік маңызы бар шынайы даңқты қайраткер» деп мойындады.
Ұлы бабалар аманатына ғасырлар бойы жүргізген күрестің нәтижесінде қазақ халқы 1990 жылдары ғана қол жеткізді. Қарға тамырлы қазақ жұрты таза жолмен тура жолға бастаған Тұңғыш Президент, Елбасы Н.Ә.Назарбаевпен бірге азаттық айдынына шықты. Көш түзелді, ел егемендігі баянды болды.
Ғұмыр бойы күресті күндерді басынан өткізген Әлихан Бөкейхановтың туғанына биыл 155 жыл толып отыр. Рух майданының шын мәніндегі күрескері болып өмірден өткен аяулы жанның туған халқының қамын ойлап айтқан қадау-қадау қағидаттары өте көп. Танымы мол, тағылымы терең ойлардың берер ғибраты кеше мен бүгіннің, ертеңгі болашақтың жемісі болып тәуелсіз ұрпақтың санасында мәңгі жаңғырып қалары сөзсіз. Ол қазақ елі үшін қанын да, жанын да аямаған, өзінің басын қатерге тіккен ұлы тұлға. Тарих бедерінде ол қазақтың мұңын мұңдаған дара көсем болып қала бермек.
Әлихан Бөкейханның сан салалы ғылыми және рухани мұрасы ұлттық жаңғырудағы белесті кезеңдерді тануымызға әрі келер күндері алар асуларымызды бағамдауға өзінің өлшеусіз қызметін атқаруда. Ел мен жер тағдыры, ұлт азаттығы мен рухани кемелділігі, ана тілі мен ата тарихы, мәдениеті мен әдебиеті, саяси және оқу-ағарту саласындағы реформалар, экономикалық даму мен аграрлық мәселелер, әлемнің алдыңғы қатарлы елдерімен теңелуге нақтылы теориялық және практикалық бағыт-бағдар берген зерделі ойлары мен өзекжарды толғамдары бүгін де, ертеңгі күнде де маңызды болмақ.
Қыр перзентінің өзгеше бітімдегі бекзат болмысы мен асыл қасиеттерін танытатын елдік сана мен мемлекетшілдік ұстанымдағы терең ойлары мен ұтқыр пікірлері өміршеңдігімен ерекшеленеді. “Біз – суды теріс ағызған атаның баласымыз!” дейді қайраткер. “Ұлтына, жұртына қызмет қылу білімнен емес, мінезден” екенін сөз бен істің үйлесімі, пенделіктен ада ақжүрек мінезіндегі ірілігі, елдік жолдағы қилы қиындықтарға толы күрестерде сертке адал болып қалудағы азаматтығымен дәлелдей білді. Бұл ретте Әлиханның қайраткерлік күреске толы жылдарындағы арман-аңсарын, мұрат-мақсатын: “…Оқыдым” деп басына пайда қылмаған, мал жинамаған, үй салмаған, үй тігіп, бие байлап, қымыз ішіп, қазақша дәурен сүрмеген. “Қазағым, елім!”- деп кеткен. Пара алмаған, қазақтың елін, жерін аралап көрген. Өмірін “қазақты ел қыламын” деп сарт еткен…”,- деп жеткізген Смахан төре пікірі жан-жақты ашық, әрі анық көрсетеді, сонымен қатар жан-жүрегіңді толқытады.
Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов өз кезінің тәлім-тәрбиесі жеткілікті әлеуметтік ортада өсті. Азаттық пен еркіндікті жырлаған ұлтымыздың аса бай ауыз әдебиеті оның әлеуметтік танымын қалыптастырды. Алайда, болашақ саясаткердің өмірінде Санк-Петербургтегі Орман институындағы оқу ерекше рөл атқарды. Бұл орыс қоғамына капиталистік қарым-қатынастар еніп, жұмысшы табы түрлі саяси партияларға бірігіп, марксизм ілімі олардың идеологиясы ретінде насихатталып, орталық жерлерде ереуілдер бой көтере бастаған кез болатын. Ә.Бөкейханов сабақтан тыс кездерде студенттік қозғалыстарға белсенді қатысып, жаңа ілім туралы қызу пікірталастарда экономикалық материализм қағидаларын қорғаған көрінеді. Осылардың барлығы оның Ресейдің қазақ даласындағы отаршылдық саясатының қыр-сырын ұғынуға, түсінуге игі ықпал етеді.
“Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын” деген қыр перзенті “Жұрт ісін түс көрмей, ояу жүріп іздену мақсат” екенін сенімді үзеңгілестері мен соңынан ерген ізбасарлар інілеріне кемел істерімен көрсетті. Майданның қара жұмысындағы қандастарына қорған болып, жандарынан табылды. Сталиндік қара түнек жылдары қуғын-сүргінге түскен мұраттастарына көмек қолын созуда аянып қалғаны жоқ.
“Тәңірден соңғы күпті халық қой”. Міне, туған жерінен нәр алып, қасиетті елінен қуаттанған дегдар “Өз күшіне, өз қуатына сенбеген адам да, халық та ғұмыр жүзінде бәйге алмайды”, “Бауырларым, дені сау, жас шақтарыңда жұрт үшін шауып қал!” деген байрақты сөздерімен қашанда харакеттегі істерде табандылықта болуға ой салып отырды.
Әлихан Бөкейхан Алаштың жасампаздығына, ұлттық бірегейлігін сақтап қалудағы қазақтың жанкештілігіне сенім артты. “Озғандарға жету керек, жеткендерімізден озу керек. Дүниенің төріне тырмысқандар, төрден орын алып жатыр. Тырмыспағандар есікте қалып жатыр, есікте қалмай, төрге тырмысалық” деген ұлағатымен елдіктің айқын жолдарын нұсқады.
Ата тарихын қадірлеуде “Дүние де өңге жұрттар қатарында кім қор болмайын, тұқымым құрып қалмасын деген халық өзінің шежіресін иманы дәрежесінде ұғып білуге тиіс болады”, ана тілін ардақтауда “Ғұмыр жүзінде біздің қазақ тілі өз бәйгесін алар”, туған жерін қастерлеуде “Жер ұжмағы – Түркістан”, “Қан төгіп, кір жуып, кіндік кескен атақонысымыз Ертіс” сипатындағы кемел ойларымен “Қияметке шейін қазақ қазақ болып жасамақ” деп түйді. “Қазақ жұрты мал бағуға жалпы шебер” екенін мақтан тұтты. “Мал бақ, егін ал, әдіс қыл, амал қыл, шебер бол, мерген бол, еңбекке, білімге жалын” деп қалың елін кәсіби шеберлікке баулыды.
«Тірі болсақ, алдымызда үлкен той», –деп қазақтың таяу арада ұлттық тәуелсіздік алатынына зор сеніммен жазды Әлихан 1917 жылдың тамызындағы «Қазақ депутаттары» айдарлы мақаласында, – Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар. Бізді бірлік болып, іс қыла білетін шебер табылса, алаштың баласы бақыт жолына түсті. Кейінгі үрім-бұтақ не алғыс, не қарғыс бере жүретін алдымызда зор шарттар бар. Осыны аңғар, жұртым қазақ!».
ХХ ғасырдың 1905-1917 жылдарында Әлихан қазақты «Алаш» идеясы мен туының астына жинап, біртұтас алашқазақ ұлтын қалыптастырды, қазіргі қазақ ұлтының атасы болды деген пікірлер асыра айтылмаса керек-ті. Мысалға, көрнекті Алаш қайраткері Қошке Кемеңгерұлы 1924 жылы Мәскеуде жарық көрген «Қазақ тарихынан» атты очеркінде мынадай пікір жазды: «Үкiметтiң қара қуғын жасаған күндерiнде айдауына да, абақтысына да шыдап, ел үшiн басын құрбан қылған ат төбелiндей ғана азамат тобы болды. Бұл топты баулыған – Әлихан. Әлиханның қазақ еліне істеген тарихи қызметі: әдеби тіл тууына себеп болды, өзіне ерген топты діни фанатизмге қарсы тәрбиеледі. Бұдан барып татардан іргесін аулақ салған қазақ ұлты туды».
Енді бір жазбасында Қошке Кемеңгерұлы замандасы Әлихан жайлы: “Үкіметтің қара қуғын жасаған күндерінде, айдауында да, абақтысына да шыдап, ел үшін басын құрбан қылған ат төбеліндей ғана азамат тобы болды. Бұл топты баулыған Әлихан. Басқа жұрттардың басшылары тым-тырақай болып шет патшалықтарға шығып кеткенде, Әлиханның қоныс аудармай қалуы да – елін сүйгендікке дәлел” деп жазады. Расында, теңіз шайқалып, орман өртенген, аққа қара жағылған жылдары Әлихан бастаған қазақ қайраткерлері қыл мойындарына қылыш тіреліп тұрса да, қаймана қазағын тастап кетпеді. Бұдан артық мұрат болуы мүмкін бе?
Саяси көреген Әлихан Бөкейханов: “мемлекеттігі жоқ халық, жетім халық” деген берік ұстанымда бола отырып, болашағынан үміті бар кез-келген халық үшін негізгі құндылығы тәуелсіздік екенін жақсы білді. Тарихшы Мәмбет Қойгелдиев өз еңбегінде: Бөкейхан бастаған Алаш арыстарының мұраты туралы: “…олар қазақ елінің сан ғасырлық даму тәжірибесін, салт-дәстүрін революциялық әдіспен күрт өзгертулі емес, қайта оларды эволюциялық жолмен, басқа өркениетті елдердің өмір тәжірибесін ескере отырып, одан әрі жетілдіре түсуді көздеді. Ең негізгісі, бұл жол қазақ еліне өзін-өзі билеуге, сөйтіп елінің ішкі қоғамдық мәселелерін өзі шешуге, өз атамекеніне өзі ие болуға мүмкіндік беретін жол еді”,- деп жазады.
Енді мынаны қараңыз, ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров 1918 жылы жазылған “Таныстыру” атты поэмасында:
“Дулатов, Байтұрсынов, Бөкейханов,
Білемін бұл үш ердің айтпай жайын.
Кешегі қара күнде болмап па еді,
Бірі – күн, бірі – шолпан, бірі – айым.
Солардан басқа кеше кім бар еді,
Қазақ үшін шам қылған жүрек майын” дейді. Не деген керемет баға, не деген керемет теңеу.
Сол сияқты “Әлиханның Семейге келуі” (Cарыарқа, 1917, 30 қараша) атты мақаласында Сұлтанмахмұт ел еңбегі сіңген ерін күтіп алғанын суреттей келіп, “Ол ері-елі үшін құрбандыққа жанын берген, бит, бүрге, қандалаға қанын берген, көрдей сасық ауа, темірлі үйде алаш үшін зарығып бейнет көрген, басқан аяқ кер кеткен заманда жасымай алашына қызмет еткен, болса да қалың тұман, қараңғы түн, туатын бақ жұлдызына көзі жеткен, түймеге жарқылдаған алданбаған, басқадай бір басы үшін жалданбаған, қайткенде алаш көркейер деген ойдан басқа ойды өмірінде малданбаған Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов еді”- деп жазады. Осы сөздерден Әлиханның кім болғаны тайға таңба басқандай айтылып тұрған жоқ па?!
Әлихан Бөкейхан саяси көзқарасы бойынша қазақтан шыққан тұңғыш шынайы демократ, либерал болатын. 1917 жылдың 13 желтоқсанында Әлихан өзімен бірге Алаш автономиясының төрағалығына ІІ Думаның депутаты Бақыткерей Құлманұлы мен заңгер Айдархан Тұрлыбайұлының дауысқа түскенін қалап, шынайы демократиялық сайлауда басым дауыспен жеңіске жеткені мәлім. Әлихан Бөкейханның бұл әрекетінен Қазақстанда демократиялық сайлау дәстүрінің негізін қалағысы келгені байқалады. Алаш автономиясының заманынан озық туған тағы бір ерекшелігі – ол дін істері мемлекеттен бөлінген зайырлы, болашақта толық тәуелсіздігін алып, дербес мемлекет болатынына күмән келтірмеді.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ, Әлихан жапондардың тәжірибесін үлгі ете отырып, қазақ елін қысқа уақыттың ішінде мәдениеті мен экономикасы өркендеген әлемдегі жетекші мемлекеттердің қатарына жеткізуді ойлаған қазақ тарихындағы бірегей тұлға.
Гауһар Сатылғанова,
№15 мектеп-лицейдің тарих пәнінің мұғалімі.
Б.Момышұлы ауылы