Basty bet
Ұлық мерекенің құрметіне арналды
Құрбан айт ұлық мерекесі өңірлерде спорттық іс-шаралармен қат-қабат өрбіп отырды. Құрбан айттың алғашқы күнінде Билікөл ауылдық округінің орталығы Қарабастау ауылындағы мешітте айт намазы оқылып болған соң, құрбандық шалынды. Жамағат көтеріңкі көңіл-күймен үйме-үй аралап, айттың құрметіне жайылған дастарханнан ауыз тиісті.
Әрі қарай мешіт жамағаты мен ауыл жастарының ұйымдастыруымен спорттық ойындардан іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтсақ, қазақша күрес, қол күрес, гір тасын көтеру, қошқар көтеру, арқан тартыс, қаппен жүгіру, бұқа тартыс және әйелдер арасында арқан тартыс пен қол күрестен қызықты бәсеке жарысы болды. Бұл жерде кіл мықтылар өзара бақ сынасты.
Жаспыз, кәріміз демей ауыл тұрғындары түгелдей белсене атсалысты. Бұл жерде ауыл тұрғындарының ұйымшылдығын байқадым.
Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтармен дипломдар табысталды.
Тараз қаласынан кішкентай бүлдіршіндер үшін арнайы батут және бірнеше ойын түрлерін алдырттық. Балалардың қуанышында шек болған жоқ. Оған қоса 600 дана балмұздақ таратылды.
Осындай іс-шараның басы-қасында жүрген ауылдық округ әкімінің аппаратына, ауыл тұрғындары мен жастарына және мешіт жамағатына алғысымды айтамын.
Мейірім мен ізгіліктің, бауырмалдық пен сыйластықтың жаршысы болған Құрбан айт мерекесі ауылымызда да тиісті деңгейде өтті десем болады.
Қуаныш Орынбасарұлы,
Билікөл ауылдық
округінің имамы