Basty bet

ҚАРҒАЛАР НЕГЕ ҚАРҚЫЛДАЙДЫ?

Жәутік кітап оқымаса да, күнделікті шығып жататын басылым атаулыға сирек болса да көз тастап қоятын адамдардың санатына жатады. Бүгінде үлкен көзілдірігі қоңқақ мұрнына түсіп, бір-екі газетті сүзіп қарап шыққан болатын. Қысыңқы көздері баласы Кәкіш туралы жазылған мақалаға түскенде отырған жерінен су шыққандай ыршып түсіп, әлгі мақалаға жата кеп шұқшиды.
– Мына ит не істеп жүр, ә? – деді газетті асығыс оқып шыққан Жәутік күйіп-пісіп – жекешелендіру кезінде ебін тауып, ие болып қалған балалар бақшасын болмашы тиын-тебенге қалалық әкімшілікке қайтарғаны несі. Осы күнге дейін мал соңында салпақтап жүрген нағашыларына тартып кеткен мына Кәкіште қарғаның миындай ақыл болса – мұрнымды кесіп берейін. Тірнектеп жинаған дүниені шөміштеп шашты деген осы. Мына түрімен бәрімізді тақыр жерге отырғызады бұл күшік!
Ашудан жарылып кетейін деп отырғанда, іздегенге сұраған демекші, Кәкіштің өзі домаланып, әкесінің бөлмесіне кіріп келе жатты.
– Әй, ақылсыз неме, менімен ақылдаспай не бүлдіріп жүрсің сен? Мына газеттегі мақала шынымен рас па? Жеті атаңа бітпеген мырзалық саған қайдан келе қалған? Білдей бір облыстың мүйізі қарағайдай оқу басқармасының бастығы болып тұрсам да, жеті бірдей балалар бақшасын жекешелендіріп алу оңайға тиді дейсің бе маған? Сол байлықты көлденең көк атты біреулерге үлестіру үшін алдым ба, жетесіз неме! Белі ауырмастың нан жесіне қара деген осы! Дәл қаланың ортасынан ойып тұрып орын алған, майлығы мен шайлығы шаш етектен сол балалар бақшасын сенің атыңа аударып жүрген мен де барып тұрған жарымеспін. Оңбайсың, Кәкіш, оңбайсың, мына түріңмен! – деп Жәутік баласына зіркілдей жөнелді.
– Ой, папа, не болды болмашы нәрсеге соншама күйіп-пісіп?- деді Кәкіш түк болмағандай жұмсақ диванға жайғасып жатып.
– Сенің есің ауысып, миың айналып кеткен болар шамасы. Болмашы нәрсе дейді ұялмай-қызармай, қолдағы дәулетті ит пен құсқа таратып, саған не көрінді?
– Папа, ашуың өте орынды, рас, жерде жатқан дүние жоқ. Дегенмен, қазір уақыт басқа, заманың түлкі болса, тазы болып шал деп үйреткен өзіңіз болатынсыз. Ептеп жергілікті өкіметтің көңілін аулап, алдап-сулап қойған жөн. Сонда бәрі окей болады, яғни, менің және келініңіздің атындағы қалған алты бірдей бала бақшаға, толып жатқан жылжымайтын мүліктерге, сауда-саттық орындарына бөтен жан көз алартпайды, тойс Рахат Әлиев сияқты зорлықпен ешкім де тартып алмайтын болады. Оның үстіне бала бақшаны тегін бере салатын Иванушка ақымақ емеспін. Өз есебім түгел. Ең бастысы, мына жаман балаң көптің назарына ілігіп, елдің қамын ойлайтын, бүгінгі күннің геройы болып жатыр біле білсеңіз. Екі жеп, биге шықты деген осы, папасы. Сіздің сөзбен айтқанда, құда да тыныш, құдағи да тыныш.
– Мейлі, бұл ісің дұрыс делік, балам, – деді Жәутік ентігін басып: – Судың да сұрауы бар емес пе, қарғам-ау! Қай-қайдағы жетім балалар үйіне, құмда ізі, сайда саны жоқ қарттар пансионатына ақшаны аямай шашады екенсің. Кеше жарымай жүрген жетім-жесірлерді жинап, мейрамханада ауызашар беріпсің. Осының бәрін газет біткен жазып, радио-телебізірден айтып, көрсетіп, шулатып жатыр. Бұл не деген тегін жатқан батпан құйрық?
– Өзің үйреткендей, мен ешқашан да бостан-босқа дүние шашпаймын, папа. Бәрінің де өз есебі бар. Қара тобырға еті желінген сүйекті анда-санда лақтырып қойғанның еш артықшылығы жоқ. Саясатқа менен гөрі жүйріксіз, Астанадағы Парламентке жалғыз «Нұр Отан» партиясы ие бола алатын түрі жоқ. Так что, қайтадан сайлау болуы әбден мүмкін. Ал, маған, сіздің жалғыз ұлыңызға неге шіреніп тұрып, депутат болмасқа? Ол үшін беделді тұлға ретінде қалыптасуым керек. Өзіңіз риза болмай отырған анау-мынаулар менің имиджім үшін жасалып жатқан әрекеттер деп түсініңіз. Депутаттыққа түсе қалатын жағдай болса, еті жоқ сүйекке таласып, ырылдасып жүрген әлгі қара тобыр керек болады, енді түсіндіңіз бе, папа.
– Бұл сөзіңнің де жөні бар, атың шықпаса – жер өрте деген, шынында да, саған неге халық қалаулысы болмасқа? Бұл өзі ойланатын жай екен,- деп Жәутік баласының жанына жақынырақ отырып үзілген сөзін жалғады. – Менің байқауымша, сауда-саттықты кәдімгідей дөңгелетіп әкеттің. Құдайға шүкір, ақшаң да, жез құбырдан өтіп кететін пысық таныс-тамырларың да, екі жүріп биге шығатын небір қулық әрекеттерің де бір басыңа жетіп артылады. Осы аз болғандай тендерге қатысып, жол салуға кірісіп кетіпсің. Абайла, балам, екі қайықтың басын ұстаймын деп жүріп суға кетіп жүрме.
– Сауда-саттықтың жұмысын өзіңе тартқан пысық келініңіз дөңгелетіп алып кетпесе – маған келіңіз. Ал, тендер ұтып, жол салу деген – бүгінгі күннің нағыз май шелпегі. Бейнелеп айтқанда, тендер деген – теңгеден, доллардан жасалған төзімді кендір арқан. Жоғары жақтағылардың көңілін тауып, аузын майлап жіберсең – жыл сайын өзінен-өзі шұбатылып келіп тұрады.
Бала кезімнен бері есектің құйрығын жусаң да ақша тап деп миыма құйып, соған баулып келесіз. Жол салу, оған асфальт төсеу деген нағыз таптыра бермейтін байлықтың өзі, шытырлаған евро, доллар және теңгенің таусылмайтын көзі. Оның адам түгілі шайтанның өзі біле бермейтін қулығы мен сұмдығы бір есекке жүк болады, соның біреуін ғана құпия ретінде айтайын. Егер сіз боп, біз боп жол асфальтының қалыңдығын небәрі 0,5 миллиметрге жұқа етіп төсеп жіберсек, көзді ашып-жұмғанша жеті атамыз жабылып таба алмайтын байлыққа ие болып шыға келеміз. Қолыңнан келсе, етігіңнің қонышынан бас деген осы, папа. Балаңның білмейтін бәлесі теңіздің түбінде, – деп өз жауабына өзі риза болған Кәкіш қарғадай қарқылдап күліп жіберді.
– Папа, қарға мен оның баласы туралы бір анекдот айтудың реті келіп тұр, – деді Кәкіш әлденеге мәз болып. – Тыңдағыңыз келсе айтып берейін.
– Айт, айт, балам.
– Бірде әке қарға мен бала қарға жол үстінде тапқан жемтігін шоқып жеп отырыпты, – деді Кәкіш қулыққа толы қысық көздері жылтырап. – «Балам, – депті әке қарға – жемтігіңді жегенде сақ бол, бір шоқып, бір қара». «Әке, – депті сонда бала қарға – сақтықта қорлық жоқ, бір шоқып, екі қарасам тіпті жақсы болар еді».
Баласының аяқ асты тауып кеткен анекдотына риза болып, мырс-мырс күлген Жәутік баласының арқасынан қақты.
– Түсіндім, Кәкіш, түсіндім. Мен кәрі қарғамын, кейде жөнсіз қарқылдай беремін. Сен жас қарға болсаң да маған қарағанда найза бойы озып кетіпсің, ризамын, балам, жарайсың!
Жаңа ғана бар дүние атаулыдан айырылып қалғандай құлазып отырған Жәутіктің көңіл-күйі орнына түсіп, ыңылдап ән айтып, өзі лақтырып тастаған газетті қайтадан оқуға кірісті.

Доқтырхан Тұрлыбек,
Қазақстан Жазушылар одағының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Бүкілдүниежүзілік «Алтын сафран» кинофестивалінің жеңімпазы

Таңдаулы материалдар

Close