Basty bet

“Барлық мәселеде халықтың пікірі ескеріледі”

деді аудан әкімі Боралдай ауылдық округінде өткен кездесуде

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 3 наурыздағы «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» №826 Жарлығының негізінде аудан әкімі Жалғас Мұртаза тоқсан сайын барлық ауылдық округтерді аралап, тұрғындармен кездесу өткізуде. Ондағы мақсат – елді мекендердегі мәселелердің дер кезінде көтеріліп, олардың оң шешімін табуына ықпал ету.

Жұма күні аудан әкімі Жалғас Мұртаза Боралдай және Қошқарата ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті. Кездесуге аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев, аудан әкімі аппаратының басшысы Рәтбек Көсембаев, аудан әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Сауырбаев, “Жуалы Су” мекемесінің басшысы Қуанышбек Болысбеков және аудандық электр желілерін тарату мекемесінің өкілі қатысты.
Боралдайлық тұрғындар Көлтоған ауылдық мәдениет үйінің ауласына жиналды.
Аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы тұрғындардың жағдайы мен жазғы маусымдық жұмыстардың барысы туралы сұрады.
Сонымен бірге ауылдық округте атқарылатын жұмыстардың негізгілеріне тоқталып өтті.
Ауылдық округтің орталығы Көлтоған ауылы теректі елдімекен болғандықтан ауылдан спорт кешенін соғу жоспарланған. Бауыржан Момышұлы-Қошқарата бағытындағы жолдың Боралдай және Қошқарата ауылдық округі аумағындағы жалпы ұзындығы 15 шақырым жол жөндеуді қажет етеді. Сондай-ақ, Рысбек батыр ауылында мектеп соғылады деп жоспарланған. Қазіргі таңда ауылдағы ағайынмен ақыладаса отырып мектеп соғуға ыңғайлы орын іздеуде. Бұл мәселеде екі нұсқа ұсынылуда.
Бірі мектепті бұзып орнына соғу болса, бірі ауылға кіреберістен бос жатқан жерге соғу.
Сондай-ақ Рысбек батыр ауылында су ұңғымасы қазылуда. Бұл жерде жерасты суының мол қорының көзін табу мәселе болып отыр. Алайда аудан басшылығы мердігерден мәселені түбегейлі шешіп беруін сұранып, жұмысты бақылауда ұстауда. Аудан әкімі осы аталған мәселелердің әр қайсысына қатысты жағдайларға тоқталып, тұрғындарға мән-жайды түсіндіріп өтті.
Тұрғындар барлық істің сапалы орындалуын жан-жақты бақылауда ұстау туралы ойларын жеткізді.
Аудан басшысы округ әкіміне тұрғындармен тіл табысып, мәселенің алдын алып жұмыс істеуді тапсырды
Қошқарата ауылындағы кездесу ауылдық округ әкімдігі алдында өтті. Оған ауылдық округке қарасты Қошқарата, Ақтасты, Қызтоған ауылдарының белсенді азаматтары қатысты.
Аудан әкімі аппаратының басшысы Рәтбек Көсембаев ауылдық округте өткен кездесулерде көтерілген мәселелерге жеке-жеке тоқталып, олардың орындалу барысын айтып өтті.
Ауылдық округте Ақтасты мен Қызтоған ауылдары газ жүйесіне қосылған. Бүгінгі таңда Қошқарата ауылында газ құбырлары тартылуда. Бұл жұмыс үстіміздегі жылы аяқтап, іске қосылуы керек.
Тұрғындар ауылға ағын суды алып келу мәселесін көтеруде. Аудан әкімі бұл мәселенің айналасында біраз мәселелердің барына тоқталды. Біріншіден, бұл мәселені шешу үшін оның құжатын жасату керек. Оны заң аясында жүзеге асыру үшін уақыт қажет. Дегенмен тұрғындарға ағын су қажет болғандықтан ауылдық округ әкімі Мейіржан Телеушовқа бұл істі бүгіннен бастап қолға алуды тапсырды. Сонымен бірге жобалық-сметалық құжатын жасатуда қаржыны үнемді жоспарлауды баса айтты.
Қызтоған ауылының тұрғындары ауылға ауызсу жүйесі жүргізілуіне байланысты алдағы уақытта жүйе толық іске қосылғанда трансформатордың күші жетпей тұрғындар пайдаланып отырған электр жарығы бәсейіп қалуының алын алуды аудан басшылығынан сұранды. Сонымен бірге бірқатар электр бағаналарының тозып тұрғанын, яғни ауыстыруды қажет ететінін жеткізді.
Аудан басшысы алда күз, қыс мезгілдерінде жауынды, дауылды, боранды күндер болатындығын айта келіп, бұл мәселе назарда болатынын айтты.
Аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы ауылдық округ әкімінен Қошқарата ауылындағы ескі мектептің құжаттарын сұрады. Құжатқа қатысты мәселелерді тездетіп шешіп, ғимаратты аудандық Бұқаралық іс-шарарларды ұйымдастыру орталығына өткізіп, оның филиалын ашу қажеттігін тапсырды.
Ақтасты ауылында да ағын су мәселесі бар. Оның айналасындағы мәселелерді аудан басшысы тұрғындармен талқылай келіп, қалай болғанда да тиімді, аз қаражатпен жасау жолдарын қарастыруды тапсырды.
Сонымен бірге кездесу барысында Қошқарата ауылындағы Д.Қонаев көшесіне құмшағал төсеу, тағы да басқа мәселелер көтерілді.
Жалғас Әлижанұлы ауылдық округтің жаңа әкімі Мейіржан Телеушовқа халықтың сенімінен шығып, тұрғындарды бір арнаға тоғыстырып, тұрғындардың мәселелеріне бей-жай қарамай, дер кезінде құлақ түріп, барлық мәселенің алдын алып жұмыс істеуді тапсырды.
Аудан әкімі кездесулерден кейін Рысбек батыр ауылындағы жаңа мектеп соғуға жоспарланып отырған жерлерді ауылдық округ әкімі Бауыржан Әбделиев және ауыл тұрғыны Жарас Әлішеровпен бірге аралап көріп шықты. Тұрғындардың пікірін, нұсқалардың жан-жақты тиімділігін ескеріп бір шешімге келетінін айтты.
Сонымен бірге ауылды ауызсумен қамтуға арналған су жинау бассейініне барып, жұмыс барысын көріп қайтты. Бассейнде су қоры аз болуына байланысты қосымша артезиан қазылуда.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close