Basty bet

Құрылыс қарқын алса, өңір өркендейді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған 2024 жылғы Жолдауында: «Халықтың әл-ауқатын жақсартуға септігі тиетін басқа да көптеген шара қолға алынды. Сіздер бұл жұмыспен тікелей айналысып, халықпен әрдайым тығыз байланыста болдыңыздар. Мұның бәрі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын орнықтыруға ықпал ететіні сөзсіз» деп атап өтіп, халық тұрмысын жақсартуға лайықты жағдай жасау, оның ішінде, ел өңірлерінде инженерлік-инфрақұрылым жүйелерін жақсарту ісін жаңғыртуды тапсырғанын жақсы білеміз.

Президенттің Жолдауында: «Автокөлік жолдарының жай-күйі – өзекті мәселе. Мен бұл туралы осыған дейін де айттым. Биыл елімізде 12 мың шақырымға жуық жол салынып, жөнделіп жатыр. Қазақстанда мұндай ауқымды жұмыс бұрын-соңды болмаған. Астана-Алматы, Ақтөбе-Атырау-Астрахань, Талдықорған-Өскемен бағытындағы күре жолдарды қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып қалды. 2,5 мың шақырымға созылатын облысаралық және ауданаралық жолдарды орта деңгейде жөндеуге арналған бағдарламаның мән-маңызы зор. Дәл осы жолдармен жұрт өте жиі жүреді. Сондықтан бағдарламаның ауқымын кеңейтіп, оған кемінде 10 мың шақырым жолды қамтуды тапсырамын.
Әрине, мұнда саннан гөрі сапа маңыздырақ. Сол үшін инновациялық заманауи әдіс-тәсілдерді кеңінен қолданған абзал. Бұл жұмысқа қоғамдық бақылауды күшейту үшін бірыңғай цифрлық платформаны іске қосқан жөн. Онда барлық жолды, соның ішінде, қала аумағындағы жолдарды салуға және жөндеуге қатысты ақпарат болуы керек» делінген.
Құрылыс қарқын алса, ел экономикасы өркендеумен бірге, өңірлер де дамиды. Сайып келгенде, халықтың тұрмыс-тіршілігі жақсарып, өмір сүру сапасы да айтарлықтай артады. Мұның ішінде, қазір аймақтар арасындағы басты қатынас құралы саналатын жолдарды жөндеуге, сол арқылы ел, өңіраралық маңызы бар жолдарды қайта жаңғыртуға мемлекет тарапынан ерекше басымдық беріліп отыр. Ауыл тұрмысын жақсарту, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдайлар жасау, сол арқылы инженерлік-инфрақұрылым жүйелерін жаңғырту жұмыстары ел өңірлерімен қатар, Жуалы ауданына қарасты ауылдарда, сонымен қатар, аудан орталығында жүзеге асырылып келеді.
Атап айтқанда, биыл жыл басынан ауданның орталығы Б.Момышұлы ауылында инженерлік-инфрақұрылым жүйелерін қайта жаңғырту, көше жолдарын жөндеу, жаяу жүргіншілер жолы мен көше жиектеріне суағар темір-бетон лотоктар салу, т.б. жоспарланған жұмыстар кестеге сай атқарылу үстінде. Иә, мұның ішінде, биыл ауданға қарасты бірқатар ауылда әбден ескірген ауызсу жүйелерін жаңғырту жұмыстары да қарқынды атқарылуда. Онымен қатар, биыл бірқатар ауылда жүріп жатқан спорт-сауықтыру кешендерінің құрылысы да бар. Мұның барлығына ел қазынасынан қомақты қаржы-қаражат қаралған. Құрылысқа бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуы – маңызды мәселе. Бұл өз кезегінде құрылыстың сапасына да тікелей әсер етеді.
Аудан әкімі Жалғас Мұртаза өңірде атқарылып жатқан құрылыс жұмыстарының сапасына бақылау жүргізу, жұмыс барысымен танысу мақсатында өткен аптада бірқатар құрылыс нысандарын аралады. Өңір басшысы ең алдымен Күреңбел ауылында болып, осындағы құрылысы жүріп жатқан нысандардың жұмысымен танысты. Атап айтқанда, қазір мұнда ауызсу жүйелері қайта жаңғыртудан өткізілу үстінде. Құрылыс жұмыстары биыл мамыр айында басталған. Ауылды ауызсумен жабдықтау мақсатында қолға алынған ауқымды жобаның аясында мұнда жалпы ұзындығы 38 шақырымды құрайтын су құбырларына жаңа магистраль тарту жоспарланған. Қазіргі уақытта мердігер мекеме тарапынан ауыл ішіндегі ескі су құбырлары толықтай жаңартылған. Жұмыс аяқталуға таяу. Құрылысқа жауапты мердігер мекеме – «Интеллект Азия» ЖШС. Жоба толықтай аяқталып, нысан іске қосылған кезде Күреңбел ауылындағы 348 аула таза ауызсумен толықтай дерлік қамтылады.
Аудан басшысы Ж.Мұртаза осындағы №10 Күреңбел орта мектебінің қысқы жылыту маусымына дайындығымен де танысты. Мектептің жылыту қазандығына күрделі жөндеу жүргізу және газға ауыстыру жұмыстарын мердігер – «КАНСУЛком» ЖШС жүргізуде. Жұмыс сапары барысында Қарасаз және Көлтоған ауылдарында салынып жатқан спорт-сауықтыру кешендерінің құрылыс жұмыстары аудан басшысының назарынан тыс қалған жоқ. Айта кету керек, Көлтоған ауылындағы спорт-сауықтыру кешенінің мердігері «Бекстрой-2010» ЖШС. Қазір мұнда ғимараттың қабырға кірпішін қалау жұмыстары 70 пайызға аяқталған. Ал Қарасаз ауылындағы спорт-сауықтыру кешенінің мердігері «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС. Мұнда нысанның ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде.
Аудан әкімі Жалғас Мұртаза Көлбастау ауылында құрылысы жүріп жатқан бірқатар нысандардың жұмысымен танысты. Атап айтсақ, мұндағы 149 орындық мәдениет үйінің құрылысын аяқтауды тараздық мердігер мекеме «Бекстрой-2010» ЖШС өз міндетіне алған. Нысан аумағында сыртқы абаттандыру, оның ішінде, көгалдандыру, аулаға асфальт жабынын төсеу және ғимаратта технологиялық шаруашылық жұмыстарын жүргізу қажет.
Одан бөлек, биыл Көлбастау ауылында қолға алынған ауызсу жүйесінің құрылыс жұмыстарын «Интеллект Азия» ЖШС атқару үстінде. Жобаның аясында жалпы ұзындығы – 21,664 шақырымды құрайтын ауызсу құбырларын жаңа магистральға ауыстыру жоспарланған. Құрылыс аяқталғанда мұнда барлығы – 714 аулаға таза ауызсу жеткізіледі деп күтіліп отыр.
Аудан әкімі Жалғас Мұртаза өңірдегі құрылыс нысандарын аралау барысында мердігер мекемелерге кеткен кейбір кемшіліктерді тез арада жойып, құрылыс жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамаға және кестеге сәйкес атқарылып, белгіленген мерзімде тұрғындар игілігіне пайдалануға берілу керектігін ескертті.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close