Basty bet

Атамның ерлігі – ұрпақ жадында

Адамзат баласының жадында өшпестей із қалдырған ең қасіретті кезеңдердің бірі – екінші дүниежүзілік соғыс. Міне, сол алапат соғыстың аяқталғанына да биыл 81 жыл толып отыр. Жеңіс күні – қуаныш пен мақтаныштың мерекесі болғанымен, оның көлеңкесінде қаншама қайғы, қаншама төгілген жас, үзілген тағдырлар жатыр. Бұл – тек тарих бетінде қалған дерек емес, бұл – әр отбасының жүрегінде сақталған жазылмас жара.
Сол соғысқа қазақ жерінен 1,2 миллионнан астам азамат аттанды. Олардың жартысынан көбі туған топырағына қайта оралмады. Әрқайсысының артында аңыраған ана, үмітін үзбеген жар, жетім қалған бала қалды. Майдан даласында ерлікпен қаза тапқан мыңдаған қазақ жауынгерлерінің есімі уақыт шаңына көмілмей, ұрпақ жадында мәңгі сақталуы тиіс.
Сондай ерлердің бірі, менің атам, майдангер, Ұлы Отан соғысының ардагері – Олжабай Өтегенов.
Атам 1916 жылы Диқан ауылында дүниеге келген. Бірақ оның тағдыры ешқашан қарапайым болған емес. Балалық шағы қазақ даласын жайлаған ашаршылықтың қасіретімен тұспа-тұс келді. Қара нанға зар болған, жоқшылық пен жұттың зардабын тартқан сол бір ауыр жылдар оның бала көңіліне ерте есейген ой салды. Ал, жастық шағы енді ғана қанат жайғанда, ел басына күн туған сұрапыл соғыс басталды.
Атам білімге құштар, алғыр жан еді. 1936–1937 жылдары Қызылорда қаласында есепші мамандығын меңгеріп, ауылға оралып, адал еңбек етті. Тыныш тіршілігін жалғап жүрген шағында, 1941 жылдың желтоқсан айының соңында Қызыл Армия қатарына шақырылды. Бұл – оның өмірін түбегейлі өзгерткен тағдырлы кезең болды…
Атам алдымен 1942 жылы Ақтөбе қаласында алты айлық әскери дайындықтан өтеді. Осыдан кейін №101 атқыштар дивизиясының құрамында майданға аттанды. Сол жылы Калинин майданы құрамында Ржев қаласы маңындағы қанды шайқастарға қатысты. Ржев үшін болған ұрыстар – соғыстың ең ауыр, ең қырғын кезеңдерінің бірі еді. Батпаққа батқан окоптар, толассыз атылған оқ, тынымсыз шабуыл – мұның бәрі жас жауынгердің төзімі мен қайсарлығын сынға салғаны анық.
Сол майдан даласында атам сияқты мыңдаған сарбаз Отан үшін жанын шүберекке түйіп, өліммен бетпе-бет келді. Олар ерлік жасауды мақсат тұтқан жоқ – олар тек елін, жерін, туғандарын жаудан қорғауды ойлады.
Атам елге жараланып оралды. Сұрапыл соғыстың ізі оның жүрегінде мәңгі сақталып қалды. От пен оқтың арасында өткен әрбір күні ол үшін жеңіспен тең еді.
Соғыстан кейін ол ауыл өміріне белсене араласты. Бұрын бытыраңқы қоныстанған халық біртіндеп біріктіріліп, колхоздар мен совхоздар құрыла бастады. Сол кезеңде Диқан ауылы да қалыптасып, тұрғындар бір жерге шоғырланды. Атам Ленин атындағы колхоз бөлімшесінің осы ауылдағы төрағасы болып, аянбай еңбек етті. Есеп-қисапқа жүйрік, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары азамат еді. Ауыл шаруашылығының барлық жұмысын ат үстінде жүріп атқарып, ел игілігі үшін тынымсыз қызмет етті. Көпшілікке жанашыр болып, айналасындағы адамдарға әрдайым қамқорлық танытатын.
Бала күнімде атам есеп жүргізіп отырғанда, біз бір бөлмеде үнсіз отыратынбыз. «Әр нәрсенің өз орны бар» деген сөзі біз үшін өмірлік қағидаға айналды. Біз бала болсақ та, оның еңбегіне құрметпен қарауды үйрендік. Ол жылдары ауылда алғаш қызылша мен картоп егілсе, кейін егістікке арпа мен бидай егіле бастады. Сол жұмыстардың барлығының басында атам жүрді. Ерен еңбегінің арқасында ел құрметіне бөленіп, абыройлы зейнеткерлікке шықты. Зейнетке шыққаннан кейін де колхоз қамбасында еңбек етуді жалғастырды.
Атамның ерлігі – тек майдан даласындағы батылдығында емес. Оның ерлігі – аштықты жеңгенінде, жоқшылыққа мойымағанында, ел басына күн туғанда қолына қару алып, Отан қорғауға аттанғанында. Оның ерлігі – өмірдің барлық қиындығына қарамастан, адамдық болмысын сақтап қалғанында.
Бүгін біз бейбіт аспан астында өмір сүріп отырмыз. Бұл – сол бір үнсіз қалған батырлардың бізге қалдырған ең үлкен аманаты. Сондықтан олардың есімдері ешқашан ұмытылмауы тиіс. Атамның ерлігі – біздің мақтанышымыз.
Бүгінде атамның төрт ұл, төрт қызынан тараған ұрпағы өсіп-өніп, үлкен әулетке айналды. Оның Отан үшін жасаған ерлігі мен адал еңбегі ұрпағының жадында мәңгі сақталатыны даусыз!
Әсет Олжабаев,
майдангердің немересі.
Диқан ауылы

Таңдаулы материалдар

Close