Basty bet
Мақсатымыз – сайлаушының сенімін ақтау
Депутат – халық пен билік арасындағы алтын көпір. Депутаттың абыройы халыққа адал қызмет ету арқылы ғана артады. Сондықтан депутат мемлекетшіл, білімді, еңбекқор, кішіпейіл, қарапайым, іскер, елмен тіл табыса білетін жан болуы керек. Жауапкершілікті әрбір депутат сезіне білсе, депутаттың қоғамдағы орны да биіктей береді.
Сегізінші шақырылымдағы аудандық мәслихат депутаттарының бастамасы жақсы. Оны әлеуметтік желіге жүктеген жұмыстары арқылы байқап отырмыз. Жалпы, халыққа жақын болып, бірігіп жұмыс істесе, алынбайтын асу жоқ. Ең бастысы түсіністік пен елдің ынтымағы керек.
Аудандық басылымда “Депутат мінбері” деген дәстүрлі айдар бар. Айдар арқылы депутаттар аудан тұрғындарымен атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарларымен бөлісіп отыратын.
Сегізінші шақырылған аудандық мәслихаттың депутаттарының сайланғанына бір айдан аса уақыт болды. Сондықтан айдарымызды қолға алуды жөн көрдік.
Айдарымызды №7 сайлау округінен сайланған аудандық мәслихаттың депутаты, “AMANAT” партиясы аудандық филиалының төрағасы, партия жанындағы депутаттық фракцияның төрағасы Нарымбеков Марат Аманғалиұлынан бастап отырмыз.
Мақаламыздың кейіпкерінің еңбек жолына қысқаша тоқталып өтсек, Марат Аманғалиұлы еңбек жолын №1 Балалар өнер мектебінде мұғалім болып бастаған. Өнер мектебінде жұмыс істей жүріп ауданның қоғамдық жұмыстарына белсене араласуының нәтижесінде аудандық “Жастар ресурстық орталығына” жұмысқа ауысып, онда директорлық қызметте, кейін аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы қызметтерін атқарған. Бүгінгі таңда “AMANAT” партиясы аудандық филиалының төрағасы.
Енді кезекті сұхбатымызға берсек.
-Марат Аманғалиұлы, аламанға не мақсатпен түстіңіз?
– Партия төрағасы бола жүріп халықтың көптеген аманаттарын жинақтадық. Әрине, оның ішінде біршама уақыт пен қомақты қаржыны талап ететін дүниелер де бар. Менің депутат болудағы басты мақсатым – осы аманаттардың орындалуына ықпал ету болды. Алда ауқымды жұмыстар тұр. Халықтың аманатын атқарушы билікпен бірге шешуге бар күш-жігерімді саламын.
-Өмірлік ұстанымыңыз.
-Адамда бір ғана ұстаным болмайды. Сан-түрлі ой мен мақсат бар. Ең бастысы – сол ойыңның адами қасиет шегінде болуы. Филология факультетінде оқып жүріп көптеген философтардың ұстанымын білдік. Барлығының басты тоғысар тұсы – адам болып қалу. Биікке өрлесең де, сәтсіздікке ұшырасаң да адамдық игі қасиетіңді жоғалтпау керек деп ойлаймын.
Негізгі ұстанымдарым – қызметімді адал атқару, ата-анамды сыйлау және ұрпағыма дұрыс тәрбие беру. Ертең балаларым мен үшін ұялмайтындай болуы қажет деп ойлаймын.
-Сіз аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы болып мемлекеттік қызметші болып еңбек еттіңіз. Сізге қойылар сұрақ – мемлекеттік қызмет пен депутаттық жұмыстың айырмашылығы неде?
-Аудан әкімдігінің әр бөліміндегі мемлекеттік қызметшілер белгілі функционалдық міндеті аясында жұмыс атқарады. Мысалы, мен ішкі саясат бөлімінде негізінен дін өкілдері мен этномәдени орталықтармен жұмыс істедім. Ал партияда жұмыс ауқымды. Мұнда Фракция жұмысынан бөлек, қоғамдық кеңестердің жұмысын ұйымдастыру, жергілікті атқарушы органдардың есебін тыңдау, бастауыш партия ұйымдарының жұмысын үйлестіру сияқты жыл бойғы үздіксіз жұмыстар бар. Одан бөлек, қоғамдық қабылдаулар мен сол қабылдаулардағы тұрғындар аманатының орындалуын қамтамасыз ету де оңай жұмыс емес. Депутаттың жұмысы да дәл солай, ауқымды, барлық саланы қамтиды. Халықпен кездесіп, мұң-мұқтажын, өтінішін тыңдау, мемлекеттік мекемелердің жұмысына бақылау жүргізіп, олқылықтардың түзелуін қадағалау, қоғамдық маңызды мәселелерді назардан тыс қалдырмау. Мұның барлығы айтқанға ғана оңай. Халықпен тіл табысып, осының бәрін өз жұмысыңмен бірге үйлестіріп, үлгеру өте үлкен жұмыс.
-№7 сайлау округінің және жалпы аудан тұрғындарының негізгі проблемалары қандай?
-Біз Партияның Сайлауалды бағдарламасын түсіндіру мақсатындағы халықпен кездесулерде 100-ге жуық аманаттарын жинақтадық. Бүгінгі күні осы өтініштердің орындалуын Фракция мүшелері арасында бекітіп бердік. Әрине, негізгі мәселелер автомобиль жолдарының сапасы, жастарға жұмыс орындарын ашу, медицина саласындағы қызметті жетілдіру, спорт нысандарын салу, азық-түлік бағаларының тұрақсыздығы, тұрғын үйге қол жеткізу, жайылым жерлерді мемлекет меншігіне қайтару сияқты мәселелер жиі айтылады. Басты мәселенің бірі – тұрғындардың табысын арттыру ғой. Бұл бағытта біз жеңілдетілген пайызбен беріліп жатқан «Ауыл аманаты» жобасын ілгерілетіп жатырмыз.
-Алдағы уақытта қандай бағытта жұмыс атқарасыздар?
-Көшпелі қоғамдық қабылдауларды көптеп өткізіп, мәселе бізге емес біз сол мәселенің басына баруға жұмыс атқарамыз.
«Жер аманаты» жобасы бойынша жайылым жерлерді қайтару жұмысын жалғастырып, жеңілдетілген несие беру бойынша «Ауыл аманаты» жобасының игілігін мейлінше көп тұрғын көрсе дейміз.
Ауданымыздағы құрылыс, жол салу жұмыстарының сапасын бақылау да әбден қажет. Ол үшін әр округ депутаты белсенді азаматтарын тарта отырып тұрақты мониторинг жүргізуі қажет.
-“AMANAT” партиясы жанындағы депутаттық фракцияның басты міндеті қандай?
-Биыл сайлау ерекше жағдайда өткені белгілі. Аудандық деңгей бұрынғыдай партиялық тізіммен емес, бірмандаттық жүйемен округтер бойынша өткізілді. Бұл дегеніміз әр кандидаттың нақты округтің мәселесін көтеріп, оны шешуге атсалысуы қажет екенін білдіреді. Сайлаушының сенімін ақтау басты мақсаты болуы керек. Біздің Партияның фракциясына 10 депутат кіріп отыр. Барлығының нақты жұмыс жоспары мен мәселелерін шешу алгоритмі бар. Басты міндеттің бірі – Сайлауалды бағдарламадан туындайтын Жол картасының сапалы орындалуын қадағалау. Жол картасына алдағы бес жылда атқарылатын әлеуметтік мәселеден бастап, рухани дүниемізді байытуға дейінгі дүниелер енгізілді.
-Әңгімеңізге рақмет! Халыққа адал қызмет етіп, абыройларыңыз арта берсін! Жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз!
Сұхбаттасқан
Перизат Шымыртайқызы,
“Жаңа өмір”