Ағымдағы жылдың 20 тамызы күні «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен «Әулие-Ата» қазақ мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің «Қазақ халқының мәдени құндылықтары» атты өнер және этнографиялық бірегей жеке коллекциялары көрмесі ашылды.

Жиынға облыстық «Әулие-Ата» қазақ мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төраға орынбасары Айгүл Кабиева, өңірлік этномәдени бірлестік өкілдері, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің «Мәдениет және өнер» факультеті студенттері, «Асыл аналар» ансамблі, Жамбыл облыстық тарихи өлкетану мұражайының ұжымы және облыстық БАҚ өкілдері қатысты.

Шараның басты мақсаты қазақ халқының рухани, мәдени және ұлттық құндылықтарын, тарихы мен салт-дәстүрлерін қадірлеуге, өскелең ұрпақтың санасына ата-бабадан қалған асыл мұрамызды сақтауға, қоғамдық келісім мен ұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін насихаттауға шақыру болатын.

Көрме ҚР Президентінің 2025 жылғы 24 сәуірдегі ҚХА 34-сессиясында берген тапсырмаларының бірі – модельдік жол картасы аясында бастау алып, ең алғашқы стартын облыстағы «Әулие-ата» қазақ мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі ашты.

Ашылу салтанаты барысында «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мубарак Жинақбаева, «Әулие-ата» қазақ мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Айгүл Қабиева және Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқарбек Сейлхан сөз сөйлеп, ұлықталып жатқан мәдени және ұлттық құндылықтарымызды сақтау турасындағы пікірлерімен бөлісті.

Бұдан өзге салтанатты шарада «Асыл аналар» ансамблі мен «Қоғамдық келісім» КММ қызметкері Қалижан Саркеев ән шырқап, М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің «Мәдениет және өнер» факультеті студенттерінің қазақи нақышта тігілген киім үлгілерінен сән үлгісі көрсетілді.
Жиын соңында көрме ашылуына белсенді атсалысқан жандар марапатталып, естелік суреттерге түсті.