Basty bet

өңір жұртшылығы ортақ іске жұмыла кірісті

2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасының Өңірлік жоспарына сәйкес, елдімекендерде абаттандыру және санитарлық тазалау жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Осынау игі бастамаға аудан тұрғындары ерекше белсенділік танытып, туған өңірдің тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосуда.

Өткен аптаның жұма күні аудан орталығы – Бауыржан Момышұлы ауылындағы Жастар аллеясында кезекті жалпыхалықтық сенбілік ұйымдастырылды. Ауқымды тазалық шарасына ауданға қарасты ауылдық округтің тұрғындары, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, жастар, еріктілер және белсенді азаматтар қатысып, бірлескен еңбектің жарқын үлгісін көрсетті.
Сенбілік барысында аллея аумағы тұрмыстық қалдықтардан тазартылып, ағаштардың түбі қопсытылды, қураған бұтақтар кесіліп, көгалдар ретке келтірілді. Сонымен қатар, жиналған қоқыстар арнайы техникамен шығарылып, қоғамдық орынның санитарлық тазалығы қамтамасыз етілді.
Аталған шараның басты мақсаты – қоршаған ортаның тазалығын сақтау, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру және туған жерге деген жанашырлық сезімді арттыру. Бұл ретте әрбір азаматтың табиғатты аялауға, қоғамдық орындарды таза ұстауға деген жауапкершілігі ерекше маңызға ие.
Ал, аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметіне сәйкес, акция аясында өткізілген іс-шараларға тұрақты ақпараттық қолдау көрсетілуде. Медиа-кеңістікте – 183 материал жарияланып, оның ішінде басылым бетінде 28 мақала, әлеуметтік желілерде 155 пост жарық көрген.
Сонымен қатар, ауданда «Таза Қазақстан» акциясының ақпараттық сервисі іске қосылып, телеграмм-бот арқылы өтінімдер қабылданып, бүгінгі күнге 12 өтінім орындалды.
Аудан көлемінде барлық ауылдық округте әр аптаның жұма немесе сенбі күндері бөлімдер мен мекеме қызметкерлерінің қатысуымен тазалық жұмыстары тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Жыл басынан бері «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының аясында аудан бойынша бүгінгі күнге дейін жалпы 540 тонна қоқыс қалдықтары шығарылды.
Ал, ауданда бүгінгі күнге дейін 30 мәрте сенбілік жұмыстары және 10 мәрте түрлі акциялар ұйымдастырылды.
Қуантарлығы, бұл жолғы сенбілікке аудан орталығымен қатар басқа ауылдық округтің тұрғындары да арнайы келіп қатысып, ортақ іске белсене атсалысты. Мұндай ұйымшылдық пен ауызбіршілік туған өлкенің көркеюіне деген ортақ жауапкершіліктің айқын көрінісі екені сөзсіз.
Одан бөлек, аудан тазалығына атсалысу үшін мекемелер тек қана жұма және сенбі күнін күтпей, аптаның басқа күндерінде де жұмыс атқаруда.
Тазалық – мәдениетті қоғамның экологиялық басты көрсеткіштерінің бірі. Сондықтан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы мұндай игі шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, туған жердің табиғи келбетін сақтауға және елді мекендердің ажарын арттыруға қызмет ете бермек.
Туған жердің тазалығы – әрбір тұрғынның ортақ міндеті. Осы бағыттағы жұмыстарға белсенді қатысу арқылы ғана біз келер ұрпаққа көрікті де таза мекен қалдыра аламыз.

Таңдаулы материалдар

Close