Basty bet
Ербол Қарашөкеев Тараздағы әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардағы құрылыс барысын тексерді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облыс әкімдерімен телефон арқылы сөйлесу барысында азаматтардың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған жұмыстарды күшейтуді, балалар мен жасөспірімдерге арналған әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының құрылысын жеделдетуді және барлық жобалардың сапалы әрі уақытылы аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырған болатын, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Осы міндеттерді іске асыру аясында Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласындағы бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралап, құрылыс және жөндеу жұмыстарының орындалу барысын тексерді.
Алдымен өңір басшысы №27 орта мектептің жаңа ғимаратының құрылыс алаңында болды. Қолданыстағы мектеп ғимараттары 1957, 1963 және 1970 жылдары салынғандықтан, бүгінгі талаптарға толық жауап бермейді. Осыған байланысты 600 орындық жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде.
Облыс әкімі құрылыс жұмыстарының бекітілген мерзімде әрі сапалы аяқталуы маңызды екенін атап өтті. Ол Тараз қаласы әкімдігіне құрылыс сапасын тұрақты бақылауда ұстауды, жұмыс қарқынын бәсеңдетпеуді және тұрғындар мен ата-аналардың өтініштеріне жедел ден қоюды тапсырды.
– Президент балалар мен жасөспірімдерге арналған әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының құрылысын жеделдетуді тапсырды. Бұл мектеп – сол міндеттердің нақты көрінісі. Сондықтан мұнда сапа мен мерзімге қатысты ешқандай мәселе туындамауы тиіс, – деді Ербол Қарашөкеев.
Жалпы облыста әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Өткен жылы өңірде 13 білім беру нысаны пайдалануға беріліп, 4,5 мың оқушыға қосымша орын ашылды. Сонымен қатар денсаулық сақтау саласында 4 жаңа нысан іске қосылып, 10 спорт нысаны мен 103 спорт алаңы пайдалануға берілді.
Бұдан кейін облыс әкімі «Отбасын қолдау» орталығының ғимаратында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарымен танысты. Аймақ басшысы орталықтың әлеуметтік маңызын атап өтіп, жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауды, құрылыс сапасын қатаң бақылауды және халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттыруды тапсырды.
Жұмыс сапары барысында Ербол Қарашөкеев Абай даңғылы бойындағы жол өткелінің құрылыс алаңына да барды. Бұл жоба теміржолдың екі жағында тұратын тұрғындардың көп жылдан бері қордаланған мәселесін шешуге бағытталған. Өңір басшысы құрылыс сапасын бақылауды күшейтуді, қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз етуді, тұрғындарға келетін қолайсыздықтарды барынша азайтуды және халықпен тұрақты кері байланыс орнатуды тапсырды.
Сондай-ақ облыс әкімі теміржол вокзалын реконструкциялау жұмыстарының барысымен танысты. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстарының 62 пайызы аяқталған. Ербол Қарашөкеев жауапты тұлғаларға құрылыс қарқынын арттырып, жобаны белгіленген мерзімде пайдалануға беруді міндеттеді.
Бұдан бөлек, вокзал аумағында жолаушыларға қолайлы жағдай жасау, қызмет көрсету сапасын жақсарту, сауда орындарын ретке келтіру, рұқсатсыз саудаға жол бермеу, санитарлық тазалық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Жұмыс сапарының қорытындысында облыс әкімі Мемлекет басшысы жүктеген міндеттердің орындалуы тұрақты бақылауда болатынын атап өтті.
– Президент әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының құрылысын жеделдетуді, азаматтарды алаңдатқан мәселелерді уақытылы шешуді және халықпен тұрақты байланыста болуды тапсырды. Сондықтан әрбір жоба нақты нәтижеге жұмыс істеуі қажет. Біздің басты мақсатымыз – тұрғындардың өмір сапасын арттыру, балалар үшін қолайлы жағдай қалыптастыру және халыққа сапалы қызмет көрсету, – деді Ербол Қарашөкеев.
Өңір басшысы барлық әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардағы құрылыс жұмыстарының сапасы мен мерзімінің сақталуы тұрақты бақылауда болатынын жеткізді.