Basty bet
Негізгі мақсат – сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайту
24 маусымдағы Судья және сот қызметкері күні кәсіби мерекесі биыл екінші мәрте атап өтілуде. Бұл атаулы күн судьялар қауымдастығы үшін – Заң, әділеттілік үстемдігі идеалдарын бекітетіндер мен Заң қорғаушыларына құрмет белгісі ретінде үлкен маңызға ие. Мемлекетіміздің тәуелсіздігі, қоғамдық жүйе іргетасының мызғымастығы мен тұрақтылығы, ең бастысы – адамдар мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының сенімді қорғаны осынау жауапты және құрметті міндет, ауқымды әрі күрделі еңбектің нәтижесіне байланысты.
Жуалы аудандық сотында судьялар мен мемлекеттік қызметшілердің жұмыстағы атқарып отырған міндеттеріне үлкен мән беріледі. Әсіресе қазіргі уақытта қоғамдағы сот жүйесіне деген халықтың оң көзқарасын және соттың жағымды имиджін қалыптастыру негізгі талаптардың бірі болып отыр.
Аудандық сотта қазір үш судья тоғыз мемлекеттік қызметкер жұмыс атқаруда. Оның ішінде, бір сот әкімшісі, үш сот отырысының хатшысы, бір бас маманы, үш жетекші маманы және бір сот жасауылы бар.
Әр судья өзінің міндетін жоғары дәрежеде меңгерген деп айта аламыз. Олар іскерлік биіктен көрініп, қызмет бабында жауаптылықты бірінші орынға қойып отыр. Мемлекеттік қызметкерлер арасында адал, әділ, қарапайым болу, моральдық-әдептілік нормаларын сақтау, азаматтармен және әріптестерімен қарым-қатынаста сыпайылық пен әдептілік таныту – негізгі әрі басты талаптың бірі.
Аудандық сотының тарихына келетін болсақ, ресми деректерге сай соттың құрылуы 1928 жылғы 3-қыркүйектен басталады. Ол кезде аудандық сот қазіргі Түркістан облысына қарасты болған. 1951 жылы Жуалы ауданы Жамбыл облысының құрамына енгізіліп, сот ғимараты Б.Момышұлы Е.Сауранбекұлы көшесінен 2004 жылы Жібек жолы көшесіндегі ғимаратқа көшіп, одан кейін 2018 жылы осы көшеде орналасқан екі қабатты қазіргі заманауи талаптарға сай жаңа ғимаратқа ауысты.
Осы мерейлі мереке күні біздің ардагерлер мен судьялар айрықша құрметке лайық. Олар сот жүйесінің қалыптасуына, мемлекеттің құқықтық және демократиялық негіздерінің қайнар көзін нығайтуға өлшеусіз үлес қосты. Бүгінгі таңда олардың басым көпшілігі қатарымыздан табылып, өздерінің мол тәжірибелерін өскелең буынға беріп, жас мамандардың кәсіби судьяларға айналуына ықпалын тигізуде. Оларға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілей отырып, алғыс айтамыз.
Сотта қызмет атқарған судья ардагерлеріне келетін болсақ, мұрағат мәліметтеріне қарағанда, 1976 жылдан бері тоғыз сот төрағасы қызмет атқарған. Олардың ішінде, белгілі қайраткер, 1984-1990 жж. Жуалы аудандық халықтық сотының судьясы, 2011-2013 жж.- Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы қызметін атқарған Бектас Бекназаровты, 2012-2016 жылдары соттың төрағасы болып қызмет атқарған және Жуалы аудандық сотының жаңа ғимаратының салынуына ықпалын тигізген Құдайберген Үсенбаевтың есімдерін құрметпен айтсақ болады.
2011 жылдан бері Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңы шығып, ауданымызда медиаторлар кейіннен 2019 жылы Билер кеңесінің мүшелері болып құрылып, сотқа дейінгі дауларды және сот барысындағы азаматтық, қылмыстық, әкімшілік істер бойынша дауласушы тараптар билердің арқасында бітімгершілікке келіп, татуласып, даулардың азаюына зор ықпалы тиюде. Бұл сот жүйесіндегі үлкен жетістіктердің бірі деп айтсақ болады. 2022 жылы аудандық сот сот барысында және сотқа дейінгі татуластыру үрдістері бойынша облыс бойынша 1 орынға ие болды.
Аудан билерінің жүйелі жұмысы Жамбыл облысында бірінші орында тұр. Атап айтсақ, 2022 жылдың қорытындысымен «Жамбыл облысының үздік биі» атағына ауданнан билер кеңесінің мүшесі Шора Искаков ие болды. Оған қоса, 2023 жылдың сәуір айында Билер кеңесінің мүшелері арасында өткен «Ақ бата» байқауында аудандық билер кеңесінің мүшесі, Б.Момышұлы ауылының имамы Сейітқазы қажы Медетбек Бас жүлдені иеленіп, маусым айында өткен облыстық байқауда да үздік атанды.
Сот жүйесінде соңғы жылдары көптеген реформалар жасалды. Оның ішінде, сот процестерінің бейне-байланыс арқылы жүргізілуі, «Сот кабинеті» сервисінің құрылуы, қылмыстық, әкімшілік істердің электрондық түрге ауысуы, жалпы сот жүйесінің цифрландырылуына куә болудамыз. Бұл сот жүйесінің жаңа қарқынмен дамып келе жатқанының айқын көрінісі.
Ағымдағы жылы Президенттің тапсырмасымен мүлдем жаңа орталық мемлекеттік орган – Сот әкімшілігі құрылды. Осыған байланысты, соттардың инфрақұрылымын қайта құру, жалпы сот менеджменті мәселелеріне деген оң көзқарас қалыптасты. Қаржылық тәуелсіздік моделіне көшу, жасанды интелект пен эксаумақтық соттылық элементтерін енгізу – бұл соттарды басқаруды трансформациялаудың аспектілеріне жатады.
Реформалардың негізгі мақсаты – сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайту, сот төрелігін жүзеге асыру үшін тиісті жағдайларды, адами капиталдың маңыздылығын қамтамасыз ету болып табылады.
Төрткүл дүние түрленіп, қоғам өзгеруде. Бірақ біздің кәсібіміздің басты өлшемдері – Заңға қызмет етудің бұлжытпайтын шарттары ұстанымға беріктік, әділдік, тәуелсіздік, жауапкершілік болып өзгеріссіз қала береді.
Жуалы аудандық сотының
баспасөз қызметі