Basty bet
Иманды ұрпақ – ұлт болашағы
Боралдай ауылдық округіне қарасты үш елді мекен бар. Атап айтқанда, Көлтоған, Ертай және Рысбек батыр ауылдары. Округтің орталығы – Көлтоған ауылы. Жалпы округ бойынша 458 аулада 2 459 тұрғын тұрады. Округтегі діни ахуалдың жайына келетін болсам, жергілікті жамағатқа үш мешіт тұрақты қызмет көрсету үстінде. Олар – Көлтоған ауылындағы «Тұрыс баба», Ертайда «Құлбайымбет» және Рысбек батыр ауылындағы «Үрзада апа» мешіттері. Округ тұрғындарының 99,9 пайызын жергілікті қазақтар құраса, 0,1 пайызы өзге ұлттың өкілдері. Округте ұлтаралық қатынас қалыпты, қоғамдық-саяси ахуал тұрақты.
Егемен еліміздің ертеңі – болашақ жас ұрпақтың қолында. Жас ұрпақты имандылық жолына салып, қазақи тәрбиеге баули отырып, халық дәстүрін жүрегіне ұялатып, санасына құю – бүгінгі білім мен тәрбие үдерістерінің басты міндеті.
Тәуелсіздік туы желбіреген еліміздің болашақ ұрпағын тәрбиелеуде олардың бойына ізеттілік, қайырымдылық, кішіпейілділік, әдептілік, ел мен жерді және қасиетті Отанды сүю секілді ең асыл қасиеттерді қанына сіңіруде ата-бабалардың ұстанған жолын және діні мен дәстүрінің аясында тәрбиелесек, бұл өте ұтымды болар еді. Бүгінгі таңда ғасырлар қойнауында қалыптасқан ұлттық тәрбиені, дәстүрлі дініміздің қағидаларын өнегелі дәстүрді, асыл қасиеттерді жастар бойына қалыптастыруда, оны ұтымды пайдалану аса маңызды міндеттердің біріне айналып отырғаны даусыз.
Жас ұрпақты Отанын, туған жерін сүйіп, оны қорғай білуге үйрету, оқушы бойында патриоттық сезім мен адамгершілік сананы қалыптастыру – егеменді мемлекетіміздегі әрбір отбасы мен азаматтардың негізгі міндеті. Осыған байланысты округ көлемінде дін және тәрбие бағытына сәйкес, ауыл имамдары, ардагерлер кеңесінің беделді және белсенді мүшелері, ақсақалдар, учаскелік полиция инспекторларымен және әкімшілік қызметкерлерімен бірлесіп ақпараттық түсіндіру тобының құрамы жасақталған. Ақпараттық түсіндіру тобымен бірлесе отырып дін және тәрбие бағытында бекітілген жоспарға сәйкес, әр ай сайын жастар және ауыл тұрғындарымен тұрақты түрде кездесіп, пікір алмасу жүргізіледі. Соның нәтижесінде, округте жалпы қоғамдық-саяси ахуал мен ұлтаралық татулық жоғарғы деңгейде қалыптасып отыр.
Бауыржан АБДАЛИЕВ,
Боралдай ауылдық
округінің әкімі