№30 Көктөбе орта мектебінің кәсіби бағдар беруші педагогы Айша Иманалиеваның ұйымдастыруымен 10 сынып оқушыларының қатысуымен «Кәсібің-нәсібің» атты дөңгелек үстел отырысы өтті.
Жиынның мақсаты – кәсіп пен бизнестің айырмашылығы, кәсіпкерлікті ашудың жолдары туралы ой бөлісу, мамандық таңдауға бағыт-бағдар беру, оқушылардың болашағы мен ертеңін ойлауға тәрбиелеу.
Кездесуге Қосбөлтек ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер, 2022 жылы «Жуалы ауданының Құрметті азаматы» құрметті атағын иеленген еңбекқор жан Күнсұлу Қамбарова және жеке кәсіпкер Рахима Изимбетова қатысты. Дөңгелек үстелді кәсіби бағдар беруші педагог А.Иманалиева ашып, «Кәсібің-нәсібің» тақырыбында дайындаған баяндамасымен таныстырып, оқушыларға кәсіпкерлік саласы туралы ақпарат берді. Кездесу барысында жеке кәсіпкер К.Қамбарова оқушыларға наубайхана ісінің қыры мен сырын, өзінің еңбек жолындағы бастапқы кәсіп ашудағы қиындықтар мен кедергілер туралы қызықты етіп айтып берді. Кәсіпкер бірнеше жылдан бері ауыл-аймақты және аудан орталығындағы бірнеше азық-түлік дүкендерін нанмен қамтамасыз етіп келеді.
«Еңбек – елдің мұраты» демекші, кәсіпкер өз сөзінде, оқушыларға адал еңбек ету, қажырлық пен шыдамдылықты талап етеді дегенді баса айтты. Ал Көктөбе ауылында тігін ісімен айналысып отырған жеке кәсіптің иесі Рахима Бақытқызы оқушыларға тігін тігу өзінің бала күнгі арманы екендігін айтып, сол арманды жүзеге асыру жолындағы атқарған еңбектері мен жетістіктері туралы баяндады. Қазіргі таңда ол өзінің ісмерлігінің арқасында ауылда тігін тігу кәсібін (шағын ателье) ашып, табысты кәсіпкердің біріне айналып отыр. Тігінші-ісмер жасөспірімдерді еңбекқорлыққа, аянбай жұмыс істеуге шақырды. Адам өз бойындағы қабілеттерді дамыту үшін ең бірінші кез келген қиындыққа мойынсынбай, кедергілерді жеңе білу қажет. Сонда ғана табысқа жетуге болады.
Кездесу барысында 10 сыныптың оқушылары А.Байжұман, М.Орынбай, Ш.Аманбек, Н.Амангелді, Ж.Сағынбек тақырып аясында өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, қонақтармен еркін пікір алмасты. Кездесудің соңында 11 сынып оқушысы Перизат Әбу «Көңіл толқыны» күйін орындады.
Кәсіпкерлік ісі сізге өз еңбегіңіздің жемісіне қуанып, жаңашыл болуға бағыт береді. Кездесуге қатысқан жеке кәсіпкерлердің еңбек жолы өскелең жас ұрпаққа молынан үлгі-өнеге болатыны сөзсіз.
Бақытгүл БАЛҚЫБЕКОВА,
№30 Көктөбе орта мектебі директорының
тәрбие ісі жөніндегі орынбасары