Basty bet

Жасыл желек – жанға сая

«Жасыл белдеу» аймағына 1 000 түптен аса ағаш көшеті отырғызылды

Жалпы, қасиетті Жамбыл облысы жасыл желегі жайқалған, тал-дарағы мол саялы өңірлердің бірі саналады. Ал оның ішінде, оған қарасты аудандарды жасыл желекпен көмкеру, сол арқылы қасиетті өңірдің сәулетін арттыру күн тәртібінде тұрған жоспарлы мәселелердің бірі екені дау туғызбаса керек. Қазіргі таңда, оның ішінде, ағаш отырғызуға қолайлы саналатын көктем мезгілінде ауданға қарасты ауылдық жерлерде тал-дарақ отырғызу дәстүрге айналған. Биыл наурыз айынан бастап бұл үрдіс тіпті жандана түскендей. Биыл да жылдағы дәстүрге сай ауыл-аймақта ағаш отырғызу акциялары өзінің заңды жалғасын табуда.
Ақтөбе ауылдық округінде көктемгі көгеріштендіру және санитарлық тазалық жұмыстарын ұйымдастыру жөніндегі екі айлығы шарасының барысындағы жұмыстар жоғары деңгейде атқарылу үстінде. Бұл туралы ауылдық округтің әкімі Көбейсін Хайралапов айтып берді.
-Ауылдық округке қарасты ауыл-аймақты көгеріштендіру мақсатында ерте көктемнен бастап бірқатар жоспарлы жұмыстар ұйымдастырылып, атқарылу үстінде. Бұл жұмыстар тұрғындардың күшімен жыл сайын жоспарға сәйкес атқарылады. Ал «Жасыл белдеу» тапсырмасы аясындағы жұмыстарға келетін болсақ, 2021 жылы ауылдық округтегі белгіленген аумаққа қылқан жапырақты ағаштардың көшетін отырғызу жұмысы атқарылып, нәтижесінде 600 түп можжевельник ағашының көшеті күтіп-бапталу үстінде. Оған қоғамдық негіздегі жұмысшылардың күшімен және ауыл тұрғындарының күшімен тиісті күтімдер жасалуда.
Одан бөлек, биыл ауылдық округтің аумағын көгеріштендіру мақсатында бірқатар жұмыстарды қолға алып отырмыз. Атап айтқанда, ауылдық округке қарасты Ақтоған ауылының батыс жағына терең арық қазылып, сол аумаққа демеушілердің күшімен терек, қарағай және қара өріктің жас көшеттері отырғызылды. Мысалы, бір мың дананы құрайтын күміс теректің көшетін ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы, ауыл жанашыры – Жарылқасын Тәжіхан өз қаражатына сатып әперді. Өсімтал әрі құрылысқа таптырмайтын материал саналатын мұндай ерекше теректің көшеттері көршілес Қырғыз елінен жеткізіліп отыр. Сондай-ақ 50 шақты дана қара өріктің көшетін ауылдың жанашыр азаматы, еңбек ардагері – Райымхан Заппаров сыйға тартты.
Иә, мұның барлығы ауылға, оның дамуы мен гүлденуіне үлес қосайын деп ниет еткен жанашыр азаматтардың жарқын бастамасы. Осындай қамқор азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Бұл бағыттағы жұмыстар ары қарай да жалғасын таба береді. Ауыл-аймақты жасыл желекпен көмкеру, экологияның жақсаруына үлес қосу – біздің тікелей міндетіміз,- дейді ауыл әкімі К.Хайралапов.

Сиверс алмасын сақтап қалуға
үлес қосуда

Көптеген дерек көздерінде мәлім болғандай, қасиетті қазақ жері – жылқының, алманың және қызғалдақтың отаны саналады. Міне, осы тұрғыда қазір жойылу қаупі төніп тұрған құндылықтың қатарында алманың түп атасы – Сиверс алма ағашы да бар. Алманың көптеген мәдени сорттарының атасы Латын тіліндегі өсімдіктердің бұл түрінің ғылыми атауы – Málus sievérsii. Сиверс алма ағашы – Орта Азиядан келген тау бөктері мен тау алма ағаштарының жабайы жемісті түрі. Жойылып кету қаупі көбірек болғандықтан, бұл тұқым Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.
Біз мұны неге айтып отырмыз?! Себебі, Ақтөбе ауылдық округі дәл осы Сиверс алмасының тұқымын сақтап қалуға үлес қосуды да атқаратын жұмыстың бір бағыты ретінде алып отыр. Ауыл әкімі К.Хайралапов жақында дәл осы экологиялық жағдайды жақсарту және Сиверс алмасының тұқымын сақтап қалу жөнінде көршілес Қырғыз Республикасының астанасы Бішкек қаласында өткен маңызды іс-шараға қатысқандарын айтып, оның нәтижесінде, аталған мәселелер жөнінде жоба жасап, грант конкурсына қатысу мәселелерін жан-жақты қарастырып жатқандарын айтады.
-Бішкек қаласында өткен конференцияға Жамбыл облысының Жуалы ауданынан Ақтөбе ауылдық округі және Меркі ауданының Андас батыр ауылдық округі әкімшілігінің мамандары қатысуға мүмкіндік алды. Халықаралық мәні зор экологиялық іс-шараның нәтижесінде, мамандар тәжірибе алмасумен қатар, Сиверс алмасының тұқымын сақтап қалу жөніндегі грант конкурсына қатысуға да мүмкіндік алып отыр. Бұл жөнінде тиісті жоба жасалады. Жобаның сапасына және өміршеңдігіне байланысты грантты ұтып алуға болады. Оны ұтып алғаннан кейін ауылдық округтің аумағынан арнайы тұқымбақ салынады деп күтіліп отыр. Ары қарай онда Сиверс алмасының көшеттері егіліп, өсіріледі. Бұл – оңай жұмыс емес. Егер конкруста жеңіп шығатын болсақ, аталған алма тұқымын сақтап қалуға бар күшімізді саламыз,- дейді ауыл әкімі.
Ендігі кезекте жойылып кету қаупі төніп тұрған алманың тұқымы туралы аз-кем айта кетсек дейміз. Сиверс алма ағаштарының тамыры өте терең, сондықтан олар -40-тан +40 градусқа дейінгі температурада өмір сүре алады. Құрғақшылыққа төзімді, ауруларға қарсы тұра алады және 150 жылға дейін өмір сүреді. ДНҚ зерттеулеріне сәйкес, Сиверс алма ағашы көптеген үй алма ағашының заманауи сорттарының атасы болып табылады. Ғылыми мәліметтерге сәйкес, планетада алма мәдениеті 65 миллион жыл бұрын қалыптаса бастаған. Осындай ұзақ уақытқа қарамастан алма бұтағы бізге дейін жетті.
Жабайы алма ағашы оңтүстік және оңтүстік-шығыс тауларында – Тарбағатайдан Батыс Тянь-Шаньға дейін, Қаратауда да кездеседі. Ал Қазақстаннан тыс жерлерде – Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Батыс Қытайда өседі.
ХХІ ғасырда Сиверс алма ағашының антропогендік әсерге байланысты жойылып кету қаупі бар. Негізгі проблема – халқы тез өсіп келе жатқан тау бөктерлерінде мал жаюға немесе жеке құрылыс орнын тазарту мақсатында заңсыз орман кесу. Соңғы 150-200 жыл ішінде Тянь-Шань тау бөктері мен шатқалдарындағы орасан зор ормандар шамамен 95%-ға азайды. Сондықтан, ХХ ғасырдың 90-шы жылдары халықаралық сарапшылар қымбат биоматериалды сақтау қалудың қажеттілігі туралы белсенді түрде айта бастады.
Қаратау қорығының аумағындағы түгендеу деректері бойынша Сиверс алмасының популяциясы небәрі 39 ағашты құрайды. Сондықтан, осы сирек тұқымды сақтап қалу мәселесі өте өзекті әрі маңызды.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close