«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл жазда аудандық мәндегі үш автомобиль жолын орта жөндеуден өткізу көзделіп отырса, соның бірі – «Бауыржан Момышұлы-Береке-Жұрымбай» автомобиль жолын орта жөндеуден өткізу» жобасы.
Бұл жоба туралы Қарасаз ауылдық округінің әкімі Жанар Нұрмұратқызы осыдан тура бір ай бұрын Жұрымбай ауылында өткен бір жиында айтып, ағайыннан алдын ала сүйінші сұрағандай болғаны есімізде.
«Бауыржан Момышұлы-Береке-Жұрымбай» автомобиль жолының ұзындығы 8 шақырым 260 метрді құрайды. Жобасын іске асыруға 315, 7 млн. теңге қаражат бөлінген. Тапсырыс беруші аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі болса, мердігері тараздық «KATSA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып табылады.
Жанар Нұрмұратқызы бұл автожолдың округке қарасты бірқатар елдімекендердің арасын байланыстыратын маңызды көлік артериясы болып есептелетінін айтады. Сондықтан да бұл жолдың сапалы жөнделгені округ және аудан тұрғындары үшін де, шаруалар үшін де қолайлы болмақ.
Учаске бастығы Владимир Бессмертныйдың айтуынша, мердігер ұйым жобаны іске асыруға мамыр айының орта шенінде кіріскен. Қазір жоба бойынша ең ұзын бөлік болып есептелетін 5,4 шақырымдық Қарасу-Ақбастау ауылдары аралығында жұмыс қызу қарқынмен жүріп жатыр.
– Бізде жол жөндеу технологиясы қатаң сақталады. Жұмыстың сапасы көңілден шығуы үшін соңғы үлгідегі мамандандырылған заманауи жол машиналарын қолданудамыз. Анау жүрген машина риксейлер деп аталады, – дейді учаске бастығы алыстан жолдың ортасында баяу жүріспен бері қарай қозғалып келе жатқан техниканы көрсетіп. – Машинаның қармау ені екі метр, орта тұсынан төмен түсетін ротор секілді үлкен жылдамдықпен айналып тұратын иір тістері бар.
Жұмыс барысын көру үшін учаске бастығына ілесіп, техниканың жанына жақындадық. Иір тістер төмендегі ескі асфальт жамылғысын қопсытып келе жатыр екен. Асфальттың қажетті қалыңдығы қапталдағы өлшеуішпен бақыланады. Ені 6 метрлік асфальтты бұзу үшін машина 500 метр жолды күніне үш мәрте жүріп өтеді екен.
Риксейлермен бірге шанағына цистерна артылған «КамАЗ» автокөлігі ілесіп келеді. Риксейлердің роторына су үздіксіз беріліп тұрады екен. Технология бойынша бұл қатып қалған асфальт жамылғысын жібіту үшін қажет, әрі қопсытуды жеңілдетеді.
– Риксейлерден соң грейдер жүріп өтіп, ұсатылған асфальтты жолдың табанынан қапталға алып тастайды. Жаңа асфальт салынар алдында ол жолдың табанына қайта төселіп, тегістеліп, таптағышпен тапталады. Одан кейін жаңа асфальт жамылғысымен тұтастыру үшін бетіне битум жағылады, – дейді Владимир Бессмертный.
Жол жөндеу жұмыстарымен қат-қабат жолдың астына 16 тұстан диаметрі 0,5-2,0 метрлік жасанды су өткізгіш құбыр орнатылады екен. Қазір оның бесеуін орнатып қойыпты.
Объекті басында мамандандырылған төрт техника мен түрлі мамандықтағы алты жұмысшы жүр. Жол төсемі жаңа асфальт салуға дайын болғанда қосымша техникалар мен адам күші тартылмақ.
Учаске бастығының бұл салада еңбек еткеніне отыз жылдан астам уақыт болыпты. Ол негізгі жұмыстарда компания жұмыскерлері істейтінін, ал қосалқы жұмыстарға жергілікті тұрғындар алынғанын айтады. Өндірісте жазатайым жағдайды болдырмау үшін күнделікті таңертең он минуттық техника қауіпсіздігі жөнінде нұсқамалық өткізіледі.
Қайрат ауылының тұрғыны Айгелді Қылаңкөзов «осында жол жөндеуге адамдар қабылдап жатыр» деген хабарландыруды естіп келіп, жұмысқа орналасыпты. Жұмысы өзіне ұнайды, айлық жалақасы да көңілінен шығады. Оның міндетіне жолдың үстінде қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету, әрі-бері өткен автокөлік иелеріне қауіп жайлы ескерту, қажет кезде автокөлік қозғалысын уақытша тоқтата тұру кіреді.
– Серіктестік жоба бойынша жөндеу жұмыстарын қыркүйек айында аяқтауды көздеп отыр. Бұл үшін компанияда барлық мүмкіндік бар. Материалдық-техникалық базамыз да, жұмыс персоналы да бар, – дейді мердігер «KATSA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Майра Молдабаева.
Бір айта кетерлігі, өңірдің жол жөндеу қызметі нарығында өзіндік аты мен орны бар серіктестік басқа жол жөндеушілердей емес, төселетін асфальтты арнайы зертхана сараптамасынан өткізіп барып алады екен. Сонымен қатар, өнімнің сапасына, құрамына да қатты мән береді. Соның арқасында компанияның салған жолдары әркез сапалы шығып, ондаған жылдар бойына түрлі климаттық өзгерістерге төтеп беруде.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»