Осыдан он жыл бұрын, яғни 2013 жылдың наурыз айында аудандық білім бөліміне қарасты “Аула клубы” мекемесі өз жұмысын бастаған. Мекеме алғаш ашылғанда 300 балаға арналған болатын. Ал, бүгінгі таңда Нұрлыкент және Диқан ауылдарынан филиалы ашылып, Аула клубына келуші балалардың саны 3000-ға жуықтады.
Мекемеде 70 педагог жеті бағытқа негізделген 22 үйірме бойынша жұмыс істейді.
Осы он жыл ішінде 5000-ға жуық түлек Аула клубындағы оқу бағдарламасын толық аяқтап шықты. Олардың алғашқы кәсіби білім алуына мекеме ұжымы өз ықпалдарын тигізді.
Аула клубы жұмысын бастағалы 28 халықаралық, 67 республикалық, 64 облыстық түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Ал, 2021-2022 оқу жылында Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы тарапынан жүргізілген мониторинг негізінде ауданымыздағы Аула клубының ұжымы “Ең үздік қосымша білім беру ұйымы” атағын иеленді.
Осындай нәтижемен еңбек етіп келе жатқан Аула клубының шығармашылық ұжымы мекеменің он жылдығына орай аудандық мәдениет үйінде сәрсенбінің сәтті күні “Бақытты балалық мекені” атты шығармашылық кеш өткізді.
Әдемі кеш “Атамекен” композициясымен басталды. Әрі қарай әсем ән мен күмбірлеген күй, мың бұрала билеген биші қыз-жігіттер өз өнерлерін ортаға салды.
Өнерлі шәкірттердің осалы жоқ. Барлығы шетінен “сен тұр, мен атайын” дегендей, бірінен бірі өткен, жанып тұрған шәкірттер.
ІІІ республикалық “Ұлы дала ұрпағы” байқауының жеңімпаздары “Тұмар” триосы “Желдірме” әнін, дуэттің орындауында “Жамбыл даласы”, “Ақбұлақ”, “Ерлердің ісі бітер ме?” әндерін, төрттіктің орындауында “Балалықтың базары” әні, жеке орындауда “ЛП”, “Бәріміз болашаққа”, “Бомба”, т.б әндер шырқалды.
Домбырашылар халық күйі “Тепеңкөкті” тартты.
Ал, бишілер әр әнді бимен әрлеп, түрлі би үлгісін көрсетті.
Кеште көркемсөз де оқылды, таэквондошылар да өнер көрсетті.
Шығармашылық кеш “Қазақ елі” әнімен аяқталды.
Кеш соңынан өнер ұжымына деген ақ тілектер легі ақтарылды.
Облыс әкімдігі білім басқармасының тәрбие және қосымша білім беру бөлімінің басшысы Гүлзира Дәрібаева білім басқармасы басшысының мекеме ұжымына деген Алғысхатын тапсырды. Мектеп олимпиадаларының және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталықтың директоры Балдай Төленқызы осы шәкірттерді тәрбиелеген ұстаздарды Құрмет грамотасымен марапаттап, естелік сыйлығын тапсырды.
Сонымен бірге аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова және аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Мәжит Айжанов мекеме ұжымын, оқушылар мен ата-аналарды құттықтап, сый-сияпаттарын тапсырды.
Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, балаларға қосымша білім беріп, өнерлерін шыңдап, болашақ бағытын айқындауға үлес қосып отырған еңбекқор ұжымға аудан әкімі Жалғас Әлижанұлының атынан Алғысхат тапсырылып, ықылас гүлі ұсынылды.
Ұстаз бен шәкіртті, ата-ананы біріктіріп, тамаша көңіл күй сыйлаған кеш соңынан ауданның қадірменді қарияларының бірі Кәрібай Құрмашев жиналған көпшілікке ақ батасын берді.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»