Basty bet

Республикалық байқаудан жүлдемен Оралды

Жақында Астана қаласында “Назарбаев Зияткерлік мектептері” ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы білім беру ұйымдары педагогтерінің “Lesson Study: рефлексивті тәжірибеден тұрақты көшбасшылыққа” атты І Ұлттық конференция болып өтті.

Бұл конференция дер кезінде ұйымдастырылған шара. Себебі Lesson Study жүйесі қазақстандық білім беру саласына енгеніне он жылдай уақыт болды. Осы жылдар аралығында Педагогикалық шеберлік орталығы тарапынан біраз жұмыстар жүргізілді, курстар ұйымдастырылды, тренерлер даярланып жатыр. Сондықтан бұл конференция осы аралықтағы жұмыстардың қорытындысы деуге болады. Бұл конференцияның басты құндылығы – теория мен тәжірибені ұштастыруында. Конференцияда халықаралық эксперттер мен қазақстандық педагогтар өз тәжірибелерімен бөлісті.
Конференцияда педагогтар Lesson Study жүйесінің білім беру саласындағы тиімділігі, мектептегі мәдениетті қалыптастырудағы орны немесе “Lesson Study табысты жүзеге асу үшін мектеп басшысы қандай жұмыстар жүргізу керек?” дегендей тағы да басқа сауалдарына нақты жауап алды, педагогтерге әдістемелік көмектер көрсетілді.
Конференцияның екінші күні Педагогикалық шеберлік орталығының тренерлері шеберлік сағатын өтті. Онда қатысушылар Lesson Study әдісінің әдістемесін қарастырды. Яғни, балалардың оқу процесін қалай тиімді бақылауға болады, мұғалімнің пікірінше, балаларды оқыту қалай болуы керек және сол мезетте болып жатқан жағдай арасындағы айырмашылықты қалай көруге болады; оқушылардың білім беру қажеттіліктерін барынша қанағаттандыруға бағытталған білім беруді қалай құру керек деген мәселелер қаралды.
Сонымен бірге бұл күні қатысушылар елорда мектептеріне барып, онда сабақты бақылау және талдау үдерісінің әдіс-тәсілдерімен танысып, түрлі жаңа идеялар арқылы өз тәжірибелерін жетілдіруге мүмкіндік алды.
Конференцияға облысымыздан 20 педагог қатысып қайтты. Оның ішінде біздің ауданнан №1 Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназияның директоры Эльмира Абишева да болды.
Эльмира Әбілқызы І Ұлттық конференцияда постерлер байқауына (байқауға жалпы 60 жоба қатысқан) қатысып, сабақты зерттеудің үздік тәжірибесін ұсынғаны үшін ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Яғни, байқауда Э.Абишева Lesson Study жүйесі бойынша мектеп-гимназияда атқарылып жатқан жұмыстар мен оның нәтижесі бойынша өз тәжірибесімен бөлісті.
-Конференциядан көп нәрсе үйрендім. Себебі, Lesson Study бастамасында тұрған мықты педагогтармен кездестік.
Мен қатысқан байқау да жаңа форматтағы шара. Мен мұндай байқауға бірінші рет қатысуым.
Lesson Study жүйесі біздің мектепте ғана емес, еліміздегі барлық мектепке енгізілген. Яғни, негізгі жұмыс осы жүйеге негізделген. Жүйе бойынша жұмыстың мақсаты – оқушылардың іс-әрекетін зерттей отырып, білім сапасын көтеру. Әр баланың сабаққа деген ынтасын көтеру арқылы мұғалімдер де бір-бірімен тәжірибе алмасып, жұмыс сапасын арттыру,- дейді Эльмира Әбілқызы.
Ауданымыздағы іргелі мектептің республикалық байқаудан жүлдемен оралуы әрине ауданымыз үшін үлкен абырой.
Оқу-тәрбие үрдісін жаңғырту, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі заман талабы. Сондықтан білім беру саласында білімді де білікті, жаңашыл, талапшыл басшы, сол талапқа сай жұмыс істей алатын білімді, озық ойлы ұстаз бәрінен қымбат. Барлық мектеп ұжымының нәтижелі жұмыс істеуіне тілектеспіз!

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close