Basty bet
Үйірме оқушыларына қуаныш сыйлады
Жаңа оқу жылының қарсаңында аудан әкімдігі және «Аула клубы» мекемесінің ұйымдастыруымен «Мектепке жол» акциясы өтті.
Шараның мақсаты – мектеп оқушыларының бос уақыттарын тиімді пайдалана отырып мектепке қажетті құрал-саймандар мен қамтамасыз ету, ауданның тарихи-мәдени жеріне саяхат жасау арқылы олардың өмірге деген таным-түсінігін кеңейтуге ықпал ету.
Аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы «Әулиеата жауһарлары» атты тарихи-танымдық экскурсияға қатысушы «Аула клубы» мекемесінде үйірмелерге белсене қатысып жүрген 50 баланы қабылдады. Қазіргі таңда аудандық Аула клубы 2 376 оқушыны 7 бағытта 22 үйірме негізінде қосымша біліммен қамтып отыр.
«Жігерлі де қайсар, өз өлкесін шынайы сүйетін патриот, өз елінің дәстүрлері мен тарихын, мәдениетін құрметтейтін, салауатты өмір салтын ұстанатын ұрпақты тәрбиелеу – біздің басты мақсатымыз»,- деді аудан әкімі Жалғас Мұртаза өзінің құттықтау сөзінде.
Сондай-ақ, оқушылар аудандық тарихи-өлкетану музейіне, Бауыржан Момышұлының мемориалдық музейіне, Талапты ауылындағы «Шерхан Мұртаза әдеби-мемориалды музейіне» және Нұрлыкент ауылындағы Баркуаб қалашығына саяхат жасайтындарын, тарихпен танысатындарын жеткізді. Балалардың игілігі үшін «Мектепке жол» акциясы аясында балаларға 2023-2024 оқу жылына арнайы дайындалған құрал-жабдықтар салынған сөмкелер сыйға тартылды. Аудан әкімі білімді де өнерлі оқушыларды жетекшілерімен бірге экскурсияға шығарып салды. Экскурсияға шыққан оқушылардың қауіпсіздігіне жауапты медицина, білім саласының да өкілдері қамтылған.
Өскелең ұрпақтың бойына патриоттық тәрбие беру мақсатында осындай жерлерге саяхаттың, мәдени-тарихи шаралардың берері мол.
Айта кету керек, кездесуге аудан әкімінің орынбасары А.Ахметова, аудандық мәслихаттың төрағасы З.Бүрлібаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Жұмашев, аудандық білім бөлімінің басшысы Н.Тыныбеков қатысты.
Эльмира СҮЙІНБАЕВА,
«Жаңа өмір»