Basty bet

ЖИ арқылы бақилық болғандарды сөйлету қаншалықты дұрыс?

Жасанды интеллектінің мүмкіндігі артқан сайын адам қиялына да шек болмай барады. Қазір бақилық болған адамның дауысын салып, бейнесін сөйлетіп, тіпті өмірінде айтпаған сөздерін айтқызу қалыпты құбылысқа айналып келеді. Бір қарағанда, бұл – сағыныштан туған әрекет. Жақынының дауысын тағы бір естіп, бейнесін қайта көргісі келетіндердің сезімін түсінуге болады. Алайда марқұмның аузымен өзі айтпаған сөзді сөйлету, жалған пікір білдіру немесе оның бейнесін қаралым жинаудың құралына айналдыру қаншалықты дұрыс?

Бақилық болғандардың бейнесін сөйлету, тарихи тұлғаларды қайта тірілткендей көрсету, өмірден өткен адамдардың қатысуымен бейнежазбалар мен сериалдар жасау – әлеуметтік желіде кең таралып барады. Бірі мұны технологияның жетістігі, енді бірі өткенді сағынудың заманауи тәсілі деп қабылдайды. Алайда осы үрдістің тасасында қоғам назар аудара бермейтін күрделі этикалық, психологиялық және рухани мәселелер бар. Бастапқыда мұндай дүниелер көпшілікке қызық көрінгенімен, уақыт өте келе бұл құбылыстың шектен шығып бара жатқанын байқаймыз. Әсіресе әлеуметтік желіде қаралым жинау мен жазылушы көбейтуді көздеген кейбір авторлар жасанды интеллект мүмкіндігін пайдаланып, марқұмдардың атынан сөйлем құрастырып, олардың айтпаған сөздерін айтқызып, болмаған оқиғаларды шындыққа жанасатындай етіп ұсына бастады. Сонда бұл – технологиялық даму ма, әлде адамдық және рухани құндылықтардың шекарасын бұзу ма?

ДІН НЕ ДЕЙДІ?

Жуырда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы марқұмның бейнесін жасанды интеллект арқылы «тірілту» мәселесіне қатысты түсініктеме берді. ҚМДБ мәліметінше, егер марқұмның бейнесі оны сағынышпен еске алу, көңіл жұбату мақсатында қолданылса, шариғат бойынша рұқсат етіледі. Алайда мұндай әрекет адамның қайғысын күшейтіп, психологиялық зиян келтірсе, оған тыйым салынады. Сондай-ақ марқұмға өзі айтпаған сөздерді айтқызу, жалған пікір телу немесе оның бейнесін адамдарды алдау мақсатында пайдалану қатаң құпталмайды. Бұл жерде назар аударатын маңызды мәселе бар. Марқұмның бейнесін технология арқылы жаңғырту мен оның атынан жалған мазмұн тарату – екі бөлек нәрсе.

Біріншісінде сағыныш пен естелікке деген ұмтылыс болуы мүмкін. Ал екіншісінде адамның ар-намысына, артында қалған жақындарының сезіміне және қоғамның ақпараттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіру қаупі бар. Өйткені өмірден өткен адам өз атынан тараған ақпаратқа жауап бере алмайды. Оның сөзін түзете алмайды, жалған мәліметті жоққа шығара алмайды. Демек, оның бейнесін пайдаланған адамға түсетін жауапкершілік те жеңіл емес. Мәселенің екінші қыры – әлеуметтік желілерде көбейген жасанды интеллект арқылы түсірілген фильмдер мен сериалдар. Қазір бірнеше минуттық қысқа сериалдардан бастап, тарихи оқиғаларды бейнелейтін көлемді туындыларға дейінгі контентті ЖИ көмегімен жасауға мүмкіндік бар. Көрерменге таныс тұлғалар, белгілі тарихи кезеңдер, тіпті өмірден өткен өнер адамдары да осындай туындылардың кейіпкеріне айналып жатыр. Әрине, технологияның мұндай мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды. ЖИ кинематографияның дамуына, шығармашылық ізденіске, жаңа форматтағы өнердің қалыптасуына жол ашуы мүмкін. Бұрын үлкен қаражат пен шығармашылық топты қажет ететін дүниелерді бүгінде жеке автордың өзі жасай алады. Бірақ мәселе технологияның қолжетімділігінде емес, оны қолдану мәдениетінде. Мысалы, тарихи тұлғаны жасанды интеллект арқылы сөйлетуге болады. Алайда ол тұлғаның өмірде айтпаған сөзін шынайы сөзі ретінде көрсету дұрыс па? Өмірден өткен актердің бейнесін оның келісімінсіз жарнамалық роликте немесе коммерциялық жобада пайдалану этикаға сай ма? Көркем шығарма ретінде ұсынылған дүниенің өзінде көрерменге оның ЖИ көмегімен жасалғаны, оқиғалардың ойдан шығарылғаны анық көрсетілуі керек. Әйтпесе, көркем қиял мен тарихи шындықтың арасы көмескіленіп, жалған ақпараттың таралуына жол ашылады. Бүгін біз экраннан көрген дүниенің қайсысы шынайы, қайсысы жасанды екенін ажыратуға мәжбүрміз. Ал ертең бұл мәселе одан әрі күрделене түсуі мүмкін. Медиа сарапшысы Нұржан Мұхтарұлы ЖИ-дің қауіптері мен этикасы туралы былай дейді: «ЖИ-дің игілігімен қатар, адамзатты жалқаулыққа жетелеп, шығармашылық болмысын өлтіру қаупі бар» Бұл дегеніміз, технология мүмкіндігі дамыған сайын, шынайы өнердің қадірі төмендеп, құнсыздануы мүмкін.

ҚАРАЛЫМ АДАМ СЕЗІМІНЕН ҚАДІРЛІ БОЛҒАНЫ МА?

Жақында «Диета.kz» тобының мүшесі, белгілі әнші Жасұлан Базарбаевтың басынан өткен жағдай қоғамда үлкен пікірталас тудырды. Аутизм диагнозы бар, сөйлемейтін қыз тәрбиелеп отырған өнер иесін «Хабар» агенттігі арнайы бағдарламаға қонақ ретінде шақырады. Бағдарлама барысында журналистер оның көптен бергі бір арманын орындайтынын айтады. Сөйтіп, жасанды интеллектінің көмегімен қызының бейнесін сөйлетіп, экран арқылы әкесіне тіл қатады. Өз қызын өмірде сөйлемеген күйде көріп жүрген әке үшін бұл сәттің әсері қандай болғанын елестетудің өзі қиын. Қызының экраннан сөйлегенін көрген Жасұлан көз жасына ерік беріп, толқып кетеді. Әрине, бұл – кез келген ата-ананың жүрегін елжірететін көрініс. Алайда дәл осы эмоционалды сәт қоғамда екіұдай пікір қалыптастырды. Әсіресе аутизм спектріндегі ерекшелігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар мен осы тақырыпты терең түсінетін мамандар арасында үлкен резонанс туды. Көпшіліктің қарсылығының астарында маңызды мәселе жатыр. Жасанды интеллект арқылы сөйлемейтін баланы сөйлету, оның атынан сөз айтқызу қаншалықты дұрыс? Бұл ата-ананың жүрегіне қуаныш сыйлағанымен, баланың шынайы болмысын бұрмалау емес пе? Баланың келісімі мен жеке шекарасы, оның сезімі мен қадір-қасиеті қайда қалды? Мұндай балалардың ата-аналары күн сайын үміт пен күмәннің, қуаныш пен алаңдаушылықтың арасында өмір сүреді. Олар үшін баласының әрбір жаңа дағдысы, кішкентай жетістігі – үлкен жеңіс. Сондықтан олардың өмірін сырт көзге әсерлі көрінетін теледидарлық қойылымға айналдыруға болмайды. Әсіресе журналистер мен бағдарламаның продюсерлері мұндай тақырыптарға келгенде үлкен жауапкершілік танытуы керек. Көрерменнің көз жасын шығару – журналистиканың басты мақсаты емес. Ал адамның ең осал тұсын пайдаланып, эмоционалды көрініс жасау әрдайым ізгілікке жатпайды. Әрине, Жасұланның әкелік сезімін, сол сәттегі толқынысын ешкім жоққа шығара алмайды. Оның қуанышы да, көз жасы да шынайы. Бірақ мәселе әкенің жылағанында емес, сол эмоцияны тудыру үшін қандай әдістің қолданылғанында. Аутизмі бар баланы қоғамға қабылдату дегеніміз – оны міндетті түрде сөйлету немесе өзгелерге ұқсастыру емес. Ең алдымен, оны сол қалпында қабылдау, оның үнсіздігін де түсінуге тырысу, қарым-қатынас жасаудың өзіне тән ерекшеліктерін құрметтеу. Ал әр ата-ананың сезімі рейтинг пен көрермен назарынан әлдеқайда биік тұруы тиіс.

Сондықтан жасанды интеллект арқылы жасалып, көпшілікке таратылатын видеолардың мазмұнына белгілі бір деңгейде сүзгі мен жауапкершілік тетігі қажет етеді. Өйткені технологияның мүмкіндігі шексіз болғанымен, оны қолданудың да өз шегі, адамгершілік өлшемі болуы тиіс. Авторлар өз қиялына ерік беріп, кез келген мазмұнды жасанды интеллект арқылы өмірге әкелмес бұрын, оның адам тағдырына, ар-намысына, сезіміне қалай әсер ететінін ой елегінен өткізуі керек. Әсіресе балаларға, мүмкіндігі мен қабылдау ерекшеліктеріне байланысты өз ойын толық жеткізе алмайтын жандарға қатысты контент жасағанда, жауапкершілік жүгі тіпті ауырлай түседі. Бүгін біз технологияның көмегімен кез келген адамның бейнесін сөйлетіп, оған қалаған сөзімізді айтқыза аламыз. Бірақ сол мүмкіндіктің бар екені оны міндетті түрде пайдалануымыз керек дегенді білдірмейді. Технология адамға қызмет етуі керек, ал адамның қадір-қасиеті технологиялық эксперименттің құралына айналмауы тиіс. Жасанды интеллект дамыған сайын, оны қолданудағы адамгершілік шекара да айқындала түсуі керек. Себебі контенттің қаралымы мен таралымынан бұрын, оның қоғамға тигізер әсері мен артында қалдырар жауапкершілігі маңызды.

Таңдаулы материалдар

Close