Basty bet

Ұлттық құрылтай – ашық диалог алаңына айналып келеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған Ұлттық құрылтай ұлттың ұйытқысына айналып отырғанын барлығымыз жақсы білеміз. Ең алғашқыда ұлттық қоғамдық сенім кеңесі болып құрылған бұл іргелі институтты қоғам өкілдері ақылдасып, қордаланған мәселелерді шешуге және талқылауға арналған ашық диалог алаңы деп ашық айтуымыз қажет.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өз міндетін табысты атқарды. Енді оның орнына құрамы жағынан ауқымды Ұлттық құрылтай құруды ұсынамын. Жаңа құрылым Ұлттық кеңестің қызметін жалпыхалықтық деңгейде жалғастырады. Құрылтай қоғамдық диалогтың біртұтас инсти-туционалдық моделін қалыптастыруға тиіс. Сөйтіп, билік пен халықтың арасындағы дәнекерге айналатын болады. Қазіргі қоғамдық кеңестердің бәрін өз айналасына топтастырады»,- деген еді өз сөзінде.
Ұлттық құрылтай ұлттың игілігіне қызмет ете беретіні сөзсіз. Мұндай іргелі қоғамдық институт біздің елге керек-ақ. Күні кеше ғана қасиетті шаһар – Түркістан қаласында «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тақырыбында Ұлттық құрылтайдың екінші отырысының өткенінен отандық телеарналардан хабардар болдық. Оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының арнайы қатысуы көптеген маңызды жайдан хабар берсе керек.
Ұлттық құндылықтарды дәріптеу – ұлттың болашағына қадам жасау деген сөз. Ұлттық құрылтайдың отырысында Президенттің ұлттық құндылықтарды дәріптеу мәселесін қозғағаны да тегін емес.
«Шын мәнінде, қазақтың мәдениеті сан түрлі саланы қамтиды. Халқымыздың ата-бабадан мирас болған мол мұрасы бар. Оны заман талабына сай жаңғыртып, жер жүзіне насихаттау керек. Мысалы, өзіміз іргесінде отырған Қожа Ахмет Ясауи кесенесі бай тарихымыздың символы саналады. Оның ұлт руханиятындағы орны ерекше екенін білесіздер. Осы кесенеге ұлттық мәдени-тарихи ескерткіш мәртебесін беру туралы ұсыныс енгізілген. Мен мұны қолдаймын»,- дегені көпшіліктің көңілінен шыққаны анық.
Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев ұлттық құрылтайдың отырысында сонымен қоса ұрпақ тәрбиесінің маңызды екенін де баса айтты. Адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуы қажеттігін айтқан Президент ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасатынын да атап өтті.
Сөз соңында айтарым, Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, Ұлттық құрылтай халқымызды ортақ мақсатқа ұйыстыратын бірегей құрылым ретінде ұлтқа қызмет ете беретіні сөзсіз. Ортақ мақсатқа жұмылғанда ғана өркендейтініміз анық.

Сейітқазы қажы МЕДЕТБЕКОВ,
«Жуалы» көпшілік мешітінің имамы.
Ауданның Құрметті азаматы,
аудандық билер кеңесінің мүшесі

Таңдаулы материалдар

Close