Basty bet
Бүгінгі жас түлек – елдің ертеңі
Әр оқу жылының аяқталуы – бір белестің бағындырылып, жаңа өмір жолының басталуын білдіретін ерекше кезең. Мектеп қабырғасында білім алып, тәрбие көрген түлектер үшін бұл күн қуаныш пен қимастыққа толы қызықты сәт болып есте қалады.
Б.Момышұлы ауылындағы М.Жұмабаев атындағы №29 орта мектепте «Арманға қанат қаққандар!» тақырыбында мектеп бітіруші түлектерге аттестат табыстау кеші өтті. Кешке ұстаздар, ата-аналар, ауыл тұрғындары мен қонақтар қатысып, жас түлектерге ізгі тілектерін арнады.
Биыл білім мекемесінен 41 түлек түлеп ұшты. Олардың қатарында бір «Алтын белгі» мен үш үздік аттестат иегері бар. Бұл – шәкірттердің табанды еңбегі мен ұстаздардың сапалы білім беру жолындағы қажырлы қызметінің зор нәтижесі.
Кеш барысында мектеп директоры Эльмира Абишева бітіруші түлектерді құттықтап, үлкен өмір жолында сәттілік пен толайым табыс тіледі. Сондай-ақ, Бауыржан Момышұлы ауылының әкімі Рәтбек Көсембаев жас түлектерге ақжарма тілегін арнап, олардың болашақта ел дамуына үлес қосатын білікті маман, саналы азамат болып қалыптасатынына сенім білдірді. Сонымен қатар, оқу озаттарын марапаттап, «Алтын белгі» төсбелгісімен үздік аттестат иелеріне арнайы сыйлықтар табыс етті.
Мерекелік шара барысында әсем әндер шырқалып, түрлі қызықты ойындар ұйымдастырылып, түлектер өздерінің білімдері мен тапқырлығын көрсетті. Ұстаздардың жүрекжарды тілектері, ата-аналардың ақ батасы және түлектердің алғыс сөздері кештің мазмұнын аша түскендей.
Кеш соңында түлектердің орындауындағы мектеппен қоштасу әндері мен вальс биі көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Бұл кеш әрбір түлектің жүрегінде ұмытылмас естелік болып қалары сөзсіз.
Бүгінгі жас түлектер – елдің ертеңі. Алтын ұя мектептен қанат қаққан жастардың арманы асқақ болып, болашақта ел игілігі үшін қызмет ететін білікті маман атануына шын жүректен тілектеспіз!
Аяжан ҚАЗЫБЕК,
«Жаңа өмір»