Basty bet

Шақпақ өңірінде кәсіпкерлік сала әртараптандырылып келеді

Ауыл – еліміздің алтын бесігі. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та ауылдағы ағайынның өмір сүру сапасын жақсартуды бірінші орынға қойып келеді. Ауылдарға газ, ауызсу жүйесінің тартылуы, әлеуметтік нысандардың жаңадан бой көтеруі, жолдардың жөнделуі, ауылдың жағдайын көтеру мақсатындағы түрлі бағдарламалардың қабылданып, ауылдықтарға жеңілдетілген пайызбен несиелер, қайтарымсыз гранттар берілуі соның бір айғағы.

Аудан орталығына іргелес жатқан Шақпақ ауылдық округі мемлекет қамқорлығын сезініп, жылдан-жылға жаңарып, дамып келе жатқан округтердің бірі.
Ауылдық округ орталығы Шақпақата ауылы, Тәттібай Дүйсебайұлы, Ынтымақ, Амансай ауылы және Шақпақ станциясында жалпы 771 аулада 4139 жан тұрады. Оның ішінде 3671 қазақтар болса, қалғаны өзге ұлт өкілдері. Атап айтқанда, 362 әзірбайжан, 98 орыс, 10 түрлі ұлт өкілдері ауызбіршілігі, татулығы жарасып, бір-бірімен дос, бауыр болып араласып, тату-тәтті ғұмыр кешуде.
Ауылдық округ тұрғындары 99,8 пайыз газбен қамтылған. Газ кіргізілмеген екі үйге ауыл әкімі Затыбек Пашенов үстіміздегі жылы жылыту маусымы басталғанға дейін кіргізіп беруді жоспарлап отырғанын айтуда.
Ауызсу мәселесі де шешілген. Тек 25 аула тұратын шағын Амансай ауылын 2024-2025 жылдары модульдік су қондырғысын қою арқылы ауызсумен қамтамасыз ету жоспарланған.
Ауылдық округ әкімі Затыбек Пашеновтың айтуынша, елді мекендердегі су ұңғымаларында су қоры жеткілікті.
Ауылдық округте үстіміздегі жылы бірқатар жоспарлы жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, Тәттібай Дүйсебай ауылындағы Бауыржан Момышұлы көшесі жөнделуде. Көшенің ұзындығы – 1,837 шақырым. Аталған көшені мердігер “СК.Лемма” жауапкершілігі шектеулі серіктесігі 25 млн 890 мың теңгеге жөндеуде. Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сонымен бірге Шақпақата ауылындағы Ж.Оразбаев көшесінің (ұзындығы 1,361 шақырым, қаржы көлемі – 16 млн 404 мың теңгеге) жөндеу жұмыстарын да жүргізуде. Екі көшеге де қазіргі таңда мердігер шағалтас төсеп, ауыр техникамен тегістеп, таптап асфальт төсеуге негіздемесін дайындап қойған. Ендігі жерде асфальт жабындысын төсеу жұмыстары қалып отыр.
Биылғы жылы атқарылатын жоспарлы жұмыстың бірі – Амансай ауылындағы Б.Көпбайұлы көшесінің екінші жартысы, яғни 0,589 шақырымды жөндеу. Бұл жұмыс қазіргі таңда мемлекеттік сатып-алу порталында жүктеліп тұр. Мердігер анықталған соң жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Сонымен бірге Ынтымақ ауылында 2,73 шақырым жол орта жөндеуден өтеді.
Ынтымақ ауылы үшін тағы бір қуанышты жаңалық – 2024-2025 жылдары жаңа мектеп соғылады деп жоспарлануы.
Шақпақ ауылдық округінде екі орта мектеп, бір негізгі мектеп, бір өнер мектебі, бір бокс залы, бір дәрігерлік амбулатория, екі фельдшерлік акушерлік пункт, бір фельдшерлік пункт, екі кітапхана мен екі ауылдық клуб, бір пошта бөлімшесі халыққа қызмет көрсетуде.
Шақпақата ауылдық мәдениет үйінің маманы мен кітапханашы уақытша өнер мектебінің ғимаратында жұмыс істеуде. Қаншама жылдан бері шешімін таппай келе жатқан Шақпақата ауылындағы мәдениет үйінің ескі ғимараты жекенің қолынан сатып алынып, құжаттары ғимаратқа өзгерістер енгізу үшін қайта жасалды. Енді 2023 жылдың күз мезгілінен 2024 жылдың күз мезгілі аралығында күрделі жөндеуден өткізілетін болады. Бұл ауылдықтар әсіресе, ауыл жастары көптен күткен іс. Сондықтан мәдениет үйінің жөндеу жұмыстары сапалы жүзеге асып, халыққа қызмет етуін тілейміз.
Ауылдық округте жалпы 18 көше бар. Оның бесеуі 2024-2025 жылдары жөнделеді деп жоспарланған. 18 көшенің тоғызы жарықтандырылған, тоғызы енді жарықтандырылады.
Шақпақата ауылының кіреберісі мен шыға берісіне тұрғындардың қауіпсіздігі үшін бейнебақылау орнатылған. Алда ауыл ішіне де бейне бақылау камераларын орнату жоспарда бар. Себебі, бейнебақылау камералары қылмыстың алдын алуда, қылмысты ашуда тигізер көмегі көп.
Үстіміздегі жылы Тәттібай Дүйсебайұлы ауылының аркасы күрделі жөндеуден өтті. Сонымен бірге ауылдағы футбол алаңы қоршалып, сырланып, орындықтар орнатылды. Сондай-ақ, ауылға аялдама орнатылды.
Электр жарығының сапасы үшін аталған ауылдағы трансформатор жаңаланып, ескірген төрт қарағай ауыстырылды.
Ауыл ортасына Beeline станциясы орнатылды. Алайда ауылда интернет әлі дұрыс ұстамауда. Оның себебі, ауыл әкімінің айтуынша, ауыл тұрғындары бұрын үйлеріне орнатқан модем құрылғыларының әсерінен болып тұрған көрінеді. Жақында бұл мәселе бойынша Beeline орталығының мамандары ауылға келіп, тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізбек.
Ауылдық округ тұрғындары үшін маңызды мәселелердің бірі – жайылым жер мәселесі. Бұл мәселе бойынша заң аясында жұмыстар жүргізілген. Бүгінгі таңда округте 6340 гектар жайылым жер бар.
Ауылдық округ әкімі Затыбек Пашенов биылғы жылы тұрғындарда жайылым жерден мәселе болмағанын, оның үстіне жылдағыдай ауылға сырттан мал әкелінбегенін, алда шаруалар арпа-бидайын орып алған соң, малдардың өрісі бұдан да кеңейетін жеткізді.
Келесі жылы ауылдық округ “Ауыл аманаты” пилоттық жобасына енеді деп жоспарлануда. Бүгінде ауылдық округ тұрғындары үйлерінің құжаттарын дайындауда. Әзірге ауылдық округте “Болашақ Агро Амангелді” өндірістік кооперативі құрылды.
Шақпақ ауылдық округінде кәсіпкерлік сала жылдан-жылға әртараптандырылып келеді. Мәселен, Шақпақата ауылдында бір сүт өңдеу цехы, бір кептірілген нан шығаратын цех және ағаш тілетін цех жұмыс істеуде. Сонымен бірге бір жанар-жағармай бекеті, сегіз дүкен жұмыс істейді.
Ал, Тәттібай Дүйсебайұлы ауылында үстіміздегі жылы “Шаңырақ” тұрмыстық қызмет көрсету орталығы ашылды. Одан бөлек ауылда екі дүкен бар. 100 бас малды бордақылауға арналған алаң соғылған.
Үстіміздегі жылы қайтарымсыз грантқа қол жеткізген бір азамат ауылдан жылыжай салуда.
Әрине, мұның барлығы ауылдағы іскер, жаңашыл кәсіпкерлердің игі істері.
Алдағы уақытта ауылдағы ағайын “Батыс Еуропа-Батыс Қытай” халықаралық дәлізінің бойынан сервистік орталық ашуды жоспарлауда.
Ауыл тұрғындары қайырымдылық шараларға өте белсенді атсалысады. Бір-біріне қарайласып, көп болып жұмылып көптеген сауапты іске ұйытқы болды. Соның бірі “Асарлатып үй салу” жобасы қолға алынғалы ауылда үш үй күрделі жөндеуден өтікізіліп, мұқтаж үш отбасына берілсе, биылғы жылы алты бала-шағасы бар көмекке мұқтаж бір отбасына ауыл тұрғындарының демеушілігімен жаңа үй салынуда.
Биылғы жылы жастарды қолдау мақсатында бес жас отбасына үй салуға жер беріліпті. Жас отбасылар бүгінгі таңда құрылыс жұмыстарын бастауда.
-Жалпы ауылдан көшіп жатқан отбасылар жоқ. Ауылдағы ағайын адал еңбек етіп, мүмкіндігінше тұрмыстарын көтеріп, үйлерін жаңалауда. Түрлі кәсіпті игеріп, ауылымыз жылдан-жылға дамып келеді.
Біздің мақсатымыз – ауылды дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндігін тиімді пайдаланып, уақтылы, дұрыс жоспарлап, бөлінген қаржыны тиімді игеру, халыққа мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру,- дейді ауылдық округ әкімі Затыбек Пашенов.
Бақ пен береке қашаннан ынтымақты елге қонады. Сондықтан құтты мекен Шақпақ ауылдық округінің тұрғындарының тек ынтымағы мен ырысы арта берсін деген тілек тілейміз!

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close