Basty bet

Құқықтық жүйенің негізі – конституция

«Өз құқығыңды білу, сауатты болу және заң тұрғысынан өзіңді қорғай білу, басқа адамдарға көмектесу үшін Конституцияны білу керек. Әрбір қазақстандық келешекке керуен тартқан мемлекетіміздің тұрақты дамуының кепілі Конституцияның мемлекет пен қоғам үшін ғана емес, өзінің жеке басы мен отбасы үшін де маңыздылығын терең сезіну керек».
Қазақстанның Конституция күні – бұл жыл күнтізбесіндегі «қызыл дата» ғана емес. Бұл – еңсерудің, бірлік пен ұлттық рухтың символы! Жыл сайын «Жуалылықтар» бұл ерекше мерекені атап өтіп, өзін-өзі анықтау, қалыптасу мен егемендік әкелген тарихи жолды еске алуда!

Әр қазақстандық мемлекетіміздің тарихындағы жаңа дәуірдің басталуын білдіретін бұл күнді мақтанышпен қарсы алуда! Қарапайым түрде қарасақ, Конституция – мемлекеттік механизмнің тұрақтылығы мен үйлесімдігінің жақтауы (каркасы), яғни, терең мағынада – қоғамдық тұрақтылық, тәртіп, әділеттік кепілі!
30 тамызда – Қазақстан Конституциясы күнін атап өтеміз. Құжаттың өзі мемлекет үшін қалыптастырушы дата болғандықтан, бұл есте қаларлық күн! Еліміздің негізгі заңы туралы әрбір Қазақстандық білуі тиіс. (тек тест кезінде, аттестация кезінде немесе баяндамада ғана – Ата заңымызды білу керек емес).
Конституция деген не? Конституция – бұл мемлекеттегі ең жоғарғы күшке ие заңдар жинағы. Конституцияға қайшы келетін заңдар күшін жояды. (латын сөзінен – құрылғы)
Ата заң деген не? Ата заң бұл конституция сөзінің қазақша аудармасы. Екеуі қатарынан колданылады. Көне замандағы Ата заң рөлін хандар мен билер шығарған заңдар жинақтары атқарған. Мысалы, Абылай ханның «Ақ жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы», Есім ханның «Ескі жолы», Қасым ханның «Қасқа жолы». Бұған қоса мұсылман елі болғандықтан қазақ жерінде шариғат заңы да қолданылған.
Жалпы, Республикамыздың тарихында бірнеше Конституция қабылданған. 1926 жылы – алқашқы Қазақстан Конституциясы РСФСР құрамындағы толық құқықты республика болып танылған. 1937 жылы – бүкілқазақ Кеңестерінің Х сьезінде Қазақ КСР Конституциясы 125 баппен қабылданса, 1978 жылы – ІХ шақырылған Жоғарғы кеңесінің сессиясында Қазақ КСР Конституциясы 173 баппен қабылданған.
Ал, 1993 жылы – Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы, 28 қаңтарда ХІІ шақырылған Қазақстан Жоғарғы кеңесінің ІХ сессиясында қабылданды. 21 тарау мен 131 баптан тұратын бұл Конституцияның негізіне парламенттік республика моделі алынған болатын!
Дегенмен, 1993 жылғы – Тәуелсіздігіміздің бірінші Ата заңында елеулі жетіспеушілігі мен кемшілігі де бар болған. Оған басты себеп – бұрын еркіндік билігі қолына тимеген, оның дәмін татпаған, оған тиісті әзірлігі болмаған елде Ата заңды асықпай, терең және жан – жақты байыппен қарап қабылдауға белгілі бір уақыт қажет. Бірінші Конституция – ел ішіндегі саяси-экономикалық жағдайды, әлеуметтік ахуалды бірден ой елегінен өтікізу, мемлекетіміздің мүмкіндіктері мен жоспарларын ғылыми тұрғыдан нақты айқындау «әлі» мүмкін болмады. Қысқасы, заң жобасын жасаушылар көп жағдайда «еркіндік» сөзінен туындаған асқақ сезімнен шыға алмағаны, коммунисттік қиялдар мен қағидалар өзінің әдеуір ықпалын тигізгені айтылуда…
Қазақстан Республикасының қазіргі қолданыстағы Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда 9 бөлімінен, 99 баппен қабылданды! 1995 жылғы Конституция жобасын талқылауға үш миллионнан астам Қазақстан азаматы жұмылдырылғаны да белгілі. 1998 және 2007 жылдары Конституцияға Президенттің өкілеттігін ұлғайту жөніндегі елеулі өзгерістер енгізілгені мәлім. Беларусь мемлекетінде Конституциясы 5 рет қабылданса (өзгертілсе), Қырғызстанда 23 жылдың ішінде 10 рет өзгертілген.
Ал, Өзбекстанда 11 рет өзгертулер мен түзетулер енгізілген екен. Ресейде негізгі заңға 16 блок өзгертулер мен түзетулер енгізіліпті… Конституциясыз өмір сүретін елдер де бар, бірақ олардың басқа заңдар жинағы бар. Мысалы, Сауд Арабиясында бұл – шариғат! Бұл басқа ережелермен заңдар жинағы. Ұлыбританияда англосаксондық құқық жүйесі Рим құқығын да қолданады.
Қазақстанда, 28 жылда еліміздің Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар 6 рет енгізіліпті. Атап айтқанда, 1998, 2007, 2011, 2017, 2019 және 2022 жылдары.
«Қасіретті қаңтар» – дан кейін Жаңа Қазақстанды қалыптастыру – саяси реформалардың басталуымен, сосын барып экономикалық реформаларға көшу қабылданғанын бәріңіз жақсы білесіздер…
Сонымен, 2022 жылы Конституцияға өзгертулер енгізу – Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасынан күшті парламенттік формаға көшумен басталды. Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі және басқа да табиғат ресурстар халыққа тиесілі екені, Президент жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызметші, квазимемлекеттік сектор субьектісі басшылары лауазымдарын атқаруға құқығы жоқ екені туралы және жалпы құқықтық жағынан алғанда негізгі өзгерістердің бірі – Конституциялық Соттың құрылуы болса, мәжілістің депутаттық корпусы аралас сайлау жүйесі бойынша құрылуы, өлім жазасына тыйым салынуы, ешкімнің адам өмірін қиюға құқығы жоқтығы да – ұлттық саясаттың толық трансформациялауы деп қабылданды!
Ширек ғасырдан астам уақыттан бері алғаш рет Конституцияға жаңа өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Президенттің шешімі «естуші мемлекет» ұғымына сәйкес келеді, оның міндеті – қоғамды саяси өзгерістер барысына топтастыру-референдуммен, яғни, азаматтардың еркін білдірудің ең демократиялық тәсілі арқылы қамтамасыз етілді! Сонымен, Ата заңымызға 9 бөлімнен тұратын 99 баптың үштен біріне, яғни, 33 бапқа 56 өзгертулермен толықтырулар енгізілді!
Конституция Қазақстан Республикасын демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырды.
Мемлекетіміздің демократиялықтығы – Қазақстан, ең алдымен, Конституция қабылдап мемлекет басшысын және Парламент сайлауға, оларды ауыстыруға халықтың құрылтайшылық билігі бар ел екенімен, демократиялық мемлекет ретінде, азшылық пен жекелеген азаматтардың мүддесін білдіруіне, оның есепке алынуына да мүмкіндіктер берілуімен сипатталады…
Мемлекетіміздің зайырлығы – қоғамдағы діни мекемелер мен дін ұстаудық мемлекеттен бөлектігін білдіреді және бұл жағдай Қазақстандағы ислам мен православиелік, тағы да басқа нанымдық ағымдарға бірдей қатысты. Олар қағидалық заң негізінде емес, Конституция негізінде құрылып, жұмыс істейді. Сонымен бірге, әркімнің ар-ождан бостандығына құқықы бар. Наным немесе атеизм мәселесі адамның жеке басының шаруасы болуы тиістігін білдіреді.
Мемлекетіміздің құқықтылығы – жеке адаммен қоғам мүддесін қорғайтыны, заң үстемдігі мен құқық принциптеріне негізделіп құрылған мемлекет. Ол принциптер: заңның үстемдік етуі, мемлекеттік биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот биліктеріне бөлінуі; адам мен азамат құқығы мен бостандығына халықаралық өлшем деңгейінде кепілдік берілуі; тұлға мен мемлекеттің өзара жауаптылығы болуы, т.б. сипатталады.
Мемлекетіміздің әлеуметтілігі – жекелеген топтарға немесе ұлыстарға емес қоғаммен адамға тұтас қызмет ететін мемлекеттілігі. Ол мемлекеттің қаржы көздері есебінен барлық азаматтарға мүмкіндігінше бірдей мөлшерде игіліктер көрсетіп, қоғамдық ауыртпалықтардың да теңдей бөлу жолымен әлеуметтік теңсіздікті жеңілдетуге әрекет етумен анықталады…
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бастан кешкен қиын – қыстау кезеңде де, қазіргі даму кезеңінде де Конституцияның ел өмірінің барлық саласына тура жол сілтеп, кемелденудің алтын арқауына айналғанын өмірдің өзі дәлелдеп отыр!
Айта кеткім келеді, адамның өмірге, бостандыққа және меншікке құқығы Қазақстан халқы қабылдаған Конституцияны сыйлау, білу, өздері сайлаған Мемлекет басшысын құрметтеу және Отанды қорғау міндетіміз ажырағысыз болып табылады. Бұл – конституциялық міндет. Адамның жеке өмірі мен бостандығының қорғалуы – қоғам дамуының айқын көрінісі! Сондықтан азаматтарымыздың мемлекет алдындағы жауапкершілігі алдыңғы орында тұруы қажет.
Биыл еліміздің Ата заңына 29 жыл толғалы отыр! Қазақстанның Ата заңы әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі болып саналады. Конституция күні құтты болсын! Бейбітшілік, бірлік, бақыт, амандық және табыс тілей отырып, елімізге тұрақтылық, ел іргесі аман, келешегіміз кемел болсын дегім келеді!
Әрқашан шабытты болайық, сарқылмас бақытты болайық!
Әбдікерім Уркумбаев,
Жуалы ауданы Қоғамдық
кеңесінің төрағасы.
Ауданның Құрметті азаматы

Таңдаулы материалдар

Close