Basty bet

Елдегі қоғамдық-саяси жүйені бұрын-соңды болмаған өзгерістердің соқпағына салды

Бүгінгі таңда Президенттің реформалары өз нәтижесін беруде. Жалпы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалық бастамалары, негізінен, өзі билік басына келген мерзімнен бастау алады. 2019 жылдың 19 наурызы мен биылғы 19 наурызында тұңғыш рет аралас жүйеде өткен ҚР Парламенті Мәжілісі және Мәслихат депутаттарының сайлауы аралығындағы төрт жыл – елімізде ірі саяси жаңғыртулар мен түбегейлі өзгерістерді қамтуымен ерекшеленеді. Ұлт сенімін арқалап, әлеуметтің әл-ауқатын арттыру, сот-құқық саласын жетілдіру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді саясат ұстану секілді бағыттарға басымдық беруді көздеген Президент халыққа жолдаған ең алғашқы Жолдауында-ақ қоғаммен ашық әрі айқын байланыс орнату, жұрт талабы мен сұранысына дер кезінде ден қоюды жүзеге асыртты.
Қазақ елі Жаңа Қазақстан құруға бет алды. Оның ұраны ашықтық. Дегенмен де, уақыт өткен сайын ненің тиімді, ненің қажетсіз екені айқындала береді. Бұған дейін қажет болған дүниені жасасақ, енді одан да артығын жүзеге асыру керек. Міне сондықтан да саяси өзгерістер жасалып жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттік өкілеттіктерін шектеуі тектілік деп білемін. Әділдік құру үшін жасалып жатқан бастамалары да білімділігін аңғартады. Және бүгін жасалған істің бәрі де елдің келешегі үшін. Бүгін бармыз, ертең қалай болары белгісіз. Келер күн үшін бүгін қамданғанның ұтылмасы тағы ақиқат. Мемлекеттік тіл дәрежесіндегі Ана тілімізге көңіл бөлінуінің өзі болашақ үшін. Кезінде кеңестік үкіметтің дәуренінде орыс тілін білмесең, күн көру қиын еді. Біз сол сынақтан да өттік, шүкір. Ал, бейбіт өмірдің өзінің құны қандай. Көрші елдермен достықты ұстап, халықтың бейбіт өмірінің қаймағын бұзбай отырудың өзіне де үлкен парасаттылық керек-ақ.
Жаңа Қазақстан құру арқылы елдің әл-аухатын, әлеуметтік-экономикасын арттыру ел Президентінің басты мақсатына айналып отыр. Мемлекет басшысы халықтың игілігіне негізделген бағдарламаларды, реформаларды жасады. Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасында да, сайлаудан кейінгі салтанатты ұлықтау рәсіміндегі сөзінде де елдің жағдайын жақсарту, әсіресе ауылдарды көркейтуді баса айтып, «Біз әділетті мемлекет, әділетті Қазақстан құрамыз» деді. Ел мүддесі бәрінен биік екеніне тоқталып, мемлекеттік қызметкерлердің, жалпы халыққа қызмет ететін тұлғалардың өз міндеттерін адал атқаруы – біздің басты қағидамыз екенін айтты. Ұтымды тапсырмалар берілді, мемлекеттік бағдарламалардың қалай жүргізілетіні де анықталды. Енді солардың өз мақсатында жұмыс істеуін үкімет пен жергілікті билік жүзеге асыруы керек. Сонда ғана әділетті Қазақстан құрамыз. Ал, қабылданған бағдарламалардың, реформалардың жүйелі түрде жүргізілуін де бақылап, қадағалау қажет. Міне сонда ғана жұмыс нәтижелі болмақ. Жаңа бастамалардан халық та тың нәтиже күтетіні белгілі.
Экономикалық белсенділікті қолдау, азаматтарды жұмыспен қамту, қала мен дала айырмашылығын азайту, өндіріс пен өнеркәсіп салаларын өркендету, ауыл шаруашылығын дамыту, жер қатынастарының рөлін арттыру, Жер Кодексіне түзетулер енгізу, төрт түлік мал жайылымдары мәселесін шешу, су ресурстарын сақтау және тиімді пайдалану, халықтың тұрмыс сапасына ықпал ететін өте маңызды салалар – экология саласын, денсаулық сақтау саласын, білім саласын сапалы деңгейде дамыту бағытында бірқатар шаралар қабылданды. Ең басты құрал халықпен байланысты нығайту болып табылуы тиіс мемлекетімізде мемлекеттік органдардың әрбір шешімі, әрбір әрекеті экономиканы дамытуға және халықтың игілігіне арналуы қажеттігін өз назарында ұстаған Мемлекет басшысы қоғам мүшелерінің келешекке деген оңды көзқарасын қалыптастыру бағытында да бір-біртіндеп саяси-әлеуметтік эксперименттер жасауға жүрексінбеді. Осы орайда еліміздің түкпір-түкпірінде ішінара ауыл әкімдерін сайлау да ойдағыдай көрсеткішпен өтті. Оған біздің Жуалы ауданының тұрғындары да сайлаушы ретінде белсенді үлес қосты. Сөйтіп Көкбастау мен Жетітөбе ауылдық округінде өз таңдауларын жасап, халық өздері сенім артқан әкімдерді сайлап алды.
Реформалар тек адамдарды өзгертумен шектелмейді. Бүкіл жүйені және экономиканы өзгерту – басты мақсат. Өмір сүруде оң нәтижелерге қол жеткізу үшін, міндетті түрде түбегейлі өзгерістер болуы тиіс. Бұл тұрғыда, көп нәрсе жақсы кадрға байланысты. Сондықтан, Мемлекет басшысының бастамасы бойынша Президенттік жастар кадр резерві құрылды. Кадрлық резервке өткен азаматтар біртіндеп жауапты қызметтерге тағайындалып жатыр. Басқа да адамдарға жол ашылуда. Президент өз саясатында бұрынғы мамандардың да бәрін жұмыстан шығаруды көздеген жоқ. Саяси тазалауға барудың мүлде қажеті жоқ деп шешті. «Мемлекеттік басқару саласына бірте-бірте жаңа мамандар келеді. Мемлекеттік қызмет – эксперимент алаңы емес. Сондықтан бірте-бірте бұл жұмысты жүргіземіз» деді Қ.Тоқаев.
Осылайша хакім Абайдай ақырын жүріп, анық басуды меңзеген Мемлекет басшысы елді де, қоғамдық-саяси жүйені де бұрын-соңды болмаған ауқымды өзгерістердің соқпағына салды.

Керімқұл БЕГАЛИЕВ,
облыстық
мәслихаттың депутаты

Таңдаулы материалдар

Close