Basty bet
Алты айдың қорытындысы қаралды
Әділ сөйлеп, шешендігімен елді аузына қаратып, талай қиын-қыстау кезеңдерде тығырықтан жол тауып шығуға атсалысқан би бабаларымыздың батылдығы, қайсарлығы мен тапқырлығы, әділдігі ұштасып, олар өз кезегінде ел билеген хандарға өрелі кеңестер беріп отырған. Біз бұдан қазақ мемлекетінің саяси өмірінде де билер шешімі мен кесімінің жоғары бағаланғандығын анық көреміз.
Ұлтымыздың игі қасиеттерін бойына жинаған билердің ісін үлгі тұтып жалғастыру жұмысы бүгінгі күні елімізде қайта жаңғыруда. Бүгінде қасиетті өңір саналатын Жуалы ауданының билер кеңесінде әділеттілік пен адалдықты, бірлік пен татулықты ел арасында кеңінен насихаттап, аталған құндылықтар жергілікті халық арасында жоғары деңгейде насихатталуда.
Билердің рөлі қазіргідей ел өміріндегі күрделі кезеңде де маңызды рөл атқарып отыр десек, қателеспейміз. Себебі, қазір ел арасында ежелден келе жатқан жер дауымен қатар, жесір дауы, мал ұрлығы, тағы да басқа осындай келіспеушіліктерді бітістіру, аудан билерімен дауларды бітімгершілікпен шешудегі жұмыстар өз жалғасын тауып отыр. Бұл ретте аудандық билер кеңесінің төрағасы Мұратқали Рахметовтың, сонымен қатар аудан билері – Шора Искаковтың, Сейітқазы қажы Медетбековтың және Раушан Әлиеваның атқарып отырған еңбектерін ерекше атап өтуге болады.
Аудан билері ерлі-зайыптылар арасында жиі орын алатын ажырасу, неке бұзу мәселесіне де ерекше көңіл бөліп отыр. Әдемі сөзге емес, әділ сөзге тоқтайтын халқымыздың ұғымында ренжіскен тараптарды өзара татулыққа шақыру арқылы бітістіру үлкен маңызға ие әрі үлкен шеберлікті де қажет етеді. Өзара ренжіскен ерлі-зайыптыларды жарастырып, қайта қосуда билердің рөлі зор деп айтуға болады. Билер тарапынан отбасыларды сақтап қалу мәселесіне баса көңіл бөлініп, бұл мәселе ерекше бақылауда тұр десек те болады.
Өткен аптада аудандық сотта аудан билерімен 2023 жылдың 6 айында атқарылған жұмыстар туралы жиын өтті.
Жиынды ашып, жүргізген аудандық соттың төрағасы Бабырхан Абуев бірқатар маңызды мәселелерге тоқталды.
-Билер кеңесі – қоғамда үлкен абырой-беделге ие қоғамдық институт болып саналады. Кеңес мүшелерінің белсенділігін арттыру мақсатында соңғы жылдары өңірде жүйелі жұмыстардың атқарылып жатқанын жақсы білеміз. Бұл салада жақсы нәтижелер де, облыс көлемінде біршама жақсы жетістіктер бар. Ендігі кезекте жеткен жетістікке тоқмейілсімей, Билер кеңесінің мүшелерімен бірлесіп атқарылатын жұмыстарды жетілдіре түсуіміз қажет. Сондықтан, алдымызда атқаратын шаруалар өте көп.
Атап айтатын болсам, алдағы уақытта кәмелетке толмағандардың арасында қылмыстық құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында мектеп оқушыларына азаматтық қоғамда құқықтық мәдениетті дамытуды қалыптастыру, құқықтық тәрбиені сақтау бағытында түсіндірме сабақтарын жүргізу қажет. Қылмыс жасағаны үшін заңнамаларда жауапкершіліктің қарастырылатынын және жастардың болашақта мемлекеттік қызметтерге орналасуына кедергі келтіретіні туралы жоғарғы сынып оқушыларына лекциялар өткізу де өте маңызды деп білемін.
Ауылдық округтердегі билер кеңесі мүшелерінің белсенділігін арттыра отырып, олардың қатысуымен ағайын-туыс және көршілер арасындағы даулар, ауыл тұрғындары арасындағы бұзақылық, балағаттау және т.б. қылмыстық құқықбұзушылықтарды болдырмау мақсатында ауыл әкімшіліктерінде ауыл тұрғындарының қатысуын қамтамасыз ете отырып жиналыстарды өткізу қажет.
Тағы бір айтарым, билер кеңесі мүшелерінің тарапынан осы тұрғыда атқарылған жұмыстарды бұқаралық ақпарат құралдарында жиі насихаттау керек. Сондай-ақ аудандық соттың «Бастау» жұмыс тобымен өзара тығыз қарым- қатынасты орнатуға қолайлы жағдай туғызу қажет.
Билер кеңесінің мүшелері неке бұзу ісі бойынша «Бастау» жұмыс тобына ресурстық көмек көрсету, дауласып жатқан азаматтарды бітімгершілікке келтіріп, ең бастысы, отбасын сақтап қалу, тағы басқа дауларды шешу мақсатында барлық құралдарды қолдануды жалғастыруға дайын.
Сонымен қатар, ағымдағы жылы Билер кеңесінің жұмысын ілгерілетуде билер кеңесінің мүшесі Шора Искаковтың алатын орны бір төбе. Шора Мәжінұлы 2022 жылдың қорытындысымен «Жамбыл облысының үздік биі» атағына ие болды. Ал аудандық билер кеңесінің мүшесі Сейітқазы қажы Медетбеков ағымдағы жылы бата беру байқауында ауданда, одан кейін облыстық байқауда Бас жүлдені жеңіп алып, республикалық ақтық сынға жолдама алды. Бұл біздің аудан үшін зор мәртебе және Билер арасында үлкен абырой болды. Жүйелі жұмыстарды ары қарай ынтымақпен жалғастыра беретіндеріңізге сенім білдіремін, – деді Бабырхан Бекболатұлы.
Екінші кезекте аудандық билер кеңесінің төрағасы Мұратқали Рахметов сөз алып, ол бірінші кезекте ағымдағы жылы аудан билерінің жұмысына жоғары баға берілгендігін атап өтті.
-Бүгінгі таңда сот процесінде қаралған азаматтық істер бойынша – 59 азаматтық, 5 әкімшілік, 1 қылмыстық іс қаралды. Сотқа дейінгі даулар бойынша – 38 азаматтық, 6 әкімшілік дау бітімгершілікпен шешілген.
2022 жылдың 6 айында сот процесінде қаралған азаматтық істер бойынша 47 азаматтық, 1 әкімшілік, 3 қылмыстық іс қаралды. Сотқа дейінгі даулар бойынша – 22 азаматтық, 6 әкімшілік 2 қылмыстық дау бітімгершілікпен шешілген.
Өткен жылдың алты айымен салыстырғанда, сот процесінде қаралған азаматтық істер бойынша 12 азаматтық іске, әкімшілік істер бойынша төрт іске көбейген, ал қылмыстық істер бойынша екі іске кеміген.
Сотқа дейінгі даулар бойынша, азаматтық даулар бойынша 12-ге көбейген, әкімшілік даулар бойынша теңбе-тең болып тұр. Аталған көрсеткішті жақсы деп айтуға болады. Осы бағытта тоқтамай әрі қарай жалғастырып көрсеткішті көтеруге дайынбыз,- деп атап өтті М.Рахметов.
Ағымдағы жылдың алты айынының қорытындысына арналған жиында Б.Момышұлы ауылдық билер кеңесінің төрағасы, “Үздік би-2022” атағының иегері Шора Искаков сөз сөйлеп, ол аудандық сот маманына сотқа дейінгі даулар бойынша мәліметтерді беріп отыратынын айтып, отбасы-тұрмыстық қатынастар бойынша учаскелік полиция қызметкерлерімен бірлесе қарым-қатынаста жұмыс жасап, нәтижесінде, ерлі-зайыптылар арасындағы дауларды, сонымен қатар, ажырасу мәселесінде «Бастау» жұмыс тобымен тікелей қарым-қатынаста жұмыс жасап жатқанын тілге тиек етті.
Ал аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Әбуғали Ералиев: «Ауданда ардагерлер кеңесінің жанындағы Билер кеңесі ауыл тұрғындарының арасындағы дауларға үлкен мән беріп, татуластыру үрдісіне әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Қазіргі таңда отбасы-тұрмыстық даулардың көбеюіне байланысты, осы тұрғыда ауыл тұрғындарымен түрлі форматта кездесулер жүргізілуде.
Ардагерлер кеңесі аудан билерінің атқарып отырған игі істеріне үнемі қолдау көрсетіп отырады. Бітімгершілік жұмыстары өзінің жемісін беруде. Билердің қоғамдық қызметі облыста бірінші орында тұр. Жүйелі жұмыстардың ары қарай да жалғасатынына сенім білдіреміз»,- деді Ә.Ералиев.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»