Basty bet

Әлеуметтік көмек ұдайы жүргізіле береді

Әр балаға қолайлы жағдай тудыру, әртүрлі әлеуметтік категориядағы отбасындағы балалармен жұмыс жасау, әлеуметтік көмекті ұйымдастыру, тек көмек күтуші емес мәселені шешу үшін өздігінен жол табуына көмектесу, рухани жан дүниесін танып білу, қатарға қосу жұмыстарын ұйымдастыру – мектептегі әлеуметтік педагог қызметкерлерінің негізгі міндеті.
Одан бөлек, әлеуметтік педагогтың негізгі міндеттері мен бағыттарына аз қамтылған жағдайы төмен, жетім, жартылай жетім және көпбалалы отбасындағы балалардың тізімін жасау, осындай санаттағы отбасының балаларын тегін оқулықпен қамтамасыз ету, сонымен қатар, бір мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз ету мақсатында оқушылардың құжаттарын рәсімдеу, тағы басқа жұмыстар жатады.
Әрине, бес саусақтың да бірдей еместігі сияқты, ел ішіндегі жанұялардың барлығының тұрмыс-тіршілігінің бірдей емес екені белгілі.
Бала – біздің болашағымыз, көзіміздің ағы мен қарасы, өміріміздің жалғасы дейтін болсақ, олардың бәрін жалпыға бірдей тәрбие-біліммен қамтамасыз ету ісіне мемлекетіміз барлық қажетті жағдайларды жасап отыр.
Ал балалардың негізгі міндеті – мектептерге келіп, тәрбие мен білім алу, сол арқылы жақсы азамат болып қалыптасып, қоғамға өз пайдасын тигізу. Бес саусақтың бірдей емес екенін жоғарыда айтқанымыздай, біздің ауылда да аз қамтылған отбасылар ішінара болса да кездеседі.
2021-2022 жаңа оқу жылының қарсаңында Алатау орта мектебінде оқитын аз қамтылған, тұрмысы төмен әлеуметтік-педагогикалық көмекті және қолдауды қажет ететін отбасылар мен оқушылар анықталып, оларға уақтылы көмектер ұйымдастырылып, дер кезінде көрсетілуде.
Оқулықтармен қамтылмаған немесе аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасылардан шыққан, қолдау көрсетуге байланысты және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке келмеуінің алдын алу мақсатында жаңа оқу жылының бас кезінде «Мектепке барар жол» атты акциясы ұйымдастырылды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдын ала жасалған жоспар бойынша атқарылды.
Акция кезінде жыл сайын мұндай жекелеген санаттағы оқушыларға әкімшілік тарапынан және аудан активтері мен ауданның белсенді азаматтары көмек көрсетуде. Атап айтсақ, жаңа оқу жылында аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Р.Құниязов, №1 Балалар өнер мектебінің директоры Қ.Мұратаев, аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры, аудандық мәслихаттың депутаты З.Бүрлібаев, өңірге белгілі кәсіпкер, аудандық мәслихаттың депутаты З.Сұлтанмұратов және жергілікті жердегі жеке кәсіпкерлер С.Әлімқұлов, Н.Исақов сияқты «қолы ашық, жаны жомарт» азаматтар көмекке мұқтаж отбасылардан шыққан бірқатар оқушыларға көмек қолын созып, демеушілік жасағанын қуанышпен айтқымыз келеді. Мұндай жаны жомарт, қайырымды азаматтардың ісі оңға бассын дегіміз келеді.
Сынып жетекшілерден оқушылардың әлеуметтік тұрмыс жағдайын зерделеу жөнінде мәліметтер жинақталып, бұл жұмыс барысында сынып жетекшілерімен аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың жағдайларын анықтау мақсатында үйлер араланып, мәліметтер жинақталады.
Тұрмыс-жағдайы төмен және көпбалалы жанұядан шыққан балаларды оқулықтармен қамту үшін, мектеп кітапханашысы оларды қажетті оқулықтар санымен жабдықтап, қамтамасыз етілгеніне қадағалау жұмыстары жүргізіледі. Биылғы 2021-2022 оқу жылында білім алушылар оқулықтармен түгел қамтылды. Жалпы мектеп бойынша оқушылардың әлеуметтік жағдайлары зерделеніп, аз қамтылған отбасы, жартылай жетім, мүгедек, көпбалалы отбасынан шыққан оқушылардың тізімі жасалып, бекітіледі.
Сонымен қатар, мектеп бойынша оқушыларды, ата-аналарды әртүрлі категорияға бөлу арқылы мәліметтер жинақталып, тізімдер жасалады. Осы ретте оқушыларды бір мезгіл ыстық тамақпен қамту мәселесіне келсек, мектептің асханасын «Ырыс» жеке кәсіпкерлігі келісім-шартпен жалға алып отыр. Жеке кәсіпкерліктің иесі жалға алушы есебінен көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды мектеп асханасынан тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етуде.
Мектепте «Тамақты ұйымдастырудың бағдарламасы және жеткізушілермен келісім-шарттарының орындалуын бақылау» үшін мектепте бракераждық комиссия құрылып, іс-шараларының жоспары жасалып, бекітілген. Жоспарда бір мезгіл ыстық тамақпен қамтудың мерзімі, оған жауаптылар, қорытындысы, қаралуы сияқты міндеттер қарастырылған. Бақылау жұмыстары ай сайын жүргізілуде.
Алатау орта мектебінде өтілген «Қамқорлық» дәстүрлі қайырымдылық акциясы аясында мектеп әкімшілігі және мұғалімдер тарапынан аз қамтылған, көпбалалы отбасынан шыққан оқушылар демеушілер есебінен қыстық киім-кешекпен үнемі қамтамасыз етіліп отырады. Былтыр жыл соңында облыс орталығында өткен Президенттің дәстүрлі Жаңа жылдық шыршасына мектебіміздің бір оқушысы қатысып, қаржылай және заттай сыйлықтар алды. Сонымен қатар, мектебіміздің әлеуметтік педагогтарының демеушілігімен 12 оқушыға Жаңа жылдық сыйлық жасалып, таратылды. Оқушылар оған дән риза.
«Оқу – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» демекші, балаларға мектепте тәрбие-білім беру үдерісімен қатар, олардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсету жұмыстарын ұйымдастыру, ең бастысы, балалардың көңіліне қаяу салмауға тиіспіз. Өйткені, балалар – біздің болашағымыз. Ертеңгі жаңа қоғамды қалыптастырушы да балалар.
Жалпы мектеп оқушыларының сабақ үлгерімімен қатар, өнер, білімдегі жеткен жетістіктері жетерлік. Мектебімізден «Жұлдыз-ай» облыстық фестиваліне қатысқан 9 сынып оқушысы Маржан Сыдығалы екінші дәрежелі дипломмен марапатталып, сыйлыққа ие болды. Сонымен қатар, жақында мектебіміздің озат оқушысы, болашағанын зор үміт күттіретін талантты түлегіміздің бірі – Жанель Пашыралы «Инабатты ару» облыстық байқауында Бас жүлдені қанжығалап, мектеп мерейін бір өсіріп тастады. Мұның бәрі әрине, алтын ұя мектебіміздегі педагогикалық ұжым мүшелерінің ынтымақ-бірлігінің және жүйелі жұмыс пен бірлескен еселі еңбектің нәтижесі деп білеміз.

Елмира БАЙБОЛАТОВА,
Гүлмира ОРЫНҒАЛИЕВА,
№23 Алатау орта мектебінің әлеуметтік педагогтары.
Алатау ауылы

Таңдаулы материалдар

Close