Basty bet
“БАЛ-болашақ” дамыту орталығы
“БАЛ-Болашақ” дамыту орталығы өткен жылдың желтоқсан айынан бастап тұрғындарға қызмет көрсетіп келеді.
Орталықта бүгінде психолог, дефектолог, логопед, АВА терапист мамандар жұмыс істейді. Орталық 20 балаға арналып ашылған. Орталыққа балалар негізінен психикалық дамудың тежелуі, сөйлеу дамуының кешігуі, зейін жеткіліксіздік және гиперактивтілік синдромы, жалпы сөйлеудің дамымауы, т.б. диагноздары бойынша қабылданады.
Орталықта балалармен жеке дамыту жұмыстары жүргізіледі. Мамандар түрлі құралдармен дамыту ойындары арқылы жұмыс жасайды, тілдің сөйлеуіне, дененің дамуына, сүйек, буын ауруларына массаж жасайды. Сонымен бірге иппотерапия жасалады. Яғни баланы атқа жайдақ мінгізіп, серуендету арқылы ем жасайды.
Мамандар иппотерапияның денсаулыққа пайдасы туралы жиі айтып жатады. Мәселен, “Жылқының дене температурасы адамдікінен ыстық. Шамамен, бір жарым градус жоғары. Жылқыға мінген адамның қан айналымы жақсаратыны содан. Қан бармай, жүрмей тұрған дене мүшелеріне қан жүреді. ДЦП, аутизм, неврологиялық және психологиялық ауруларды сауықтыруға болады. Жылқыға отырған баланың омыртқасы мен арқасы түзеледі. Координациясы жақсарады. Шағын моторикасы дамиды. Күйзелістен арылып, тактильді сезімі реттеледі”,- дейді мамандар.
Орталықтың меңгерушісі Балнұр Үсеннің мамандығы – психолог-АВА терапист. Балнұр Серғалиқызы бұған дейін Тараз қаласында түзету орталығында жұмыс жасаған. Орталыққа Жуалы ауданынан көптеген ата-аналар балаларын алып барып емдетіп жүргенін байқаған Балнұр дамыту орталығын өзінің туған ауылынан ашуды жоспарлайды.
-Жалпы бұл салада жұмыс істеу оңай емес. Балалармен жұмыс жасау барысында алғашқыда қиналып, жүрегім ауыратын. Алайда мамандығым психолог-АВА терапист болғандықтан білімімді жетілдіру арқылы балаларға көмектесуді басты мақсат еттім. Астана мен Мәскеуден тәжірибелі мамандардан онлайн дәріс тыңдап, қосымша білім алдым.
Таразда жұмыс істеп жүргенде Жуалыдан қыс-жаз демей ата-аналардың орталыққа балаларын алып келіп жүргенін көрген соң, сондай ата-аналарға жеңіл болсын деп екі есе арзан бағамен ауданнан ашуды жоспарладым. Себебі, ауданда жалпы дамуы кеш диагнозымен шамамен 400-ден аса бала ауырады. Олардың көбінің ата-анасының баласын қалаға алып барып ем қабылдауына мүмкіндіктері жоқ. Оның үстіне, кеш емдеткен бала кеш сөйлеп, кеш дамиды. Сондықтан баланы ерте жастан емдеткен жөн.
Көп ата-ана баласының диагнозын кішкентай кезінде білмейді. Бұл диагноздың көбеюінің себебін мамандар қозғалыстың аздығы, нашар экология, смартфонды шамадан тыс пайдалану, түрлі зиянды тағамдардың көбеюімен байланыстырады. Сонымен бірге әйелдің аяғы ауыр кездегі психикалық жағдайы, тері ауруларымен, тұмаумен ауруының салдары болуы мүмкін. Баланы назардан тыс қалдыру немесе тым қатты еркелетудің де өзіндік кері әсерлері бар.
Бізде орталыққа келгелі жақсы нәтижелер көрсеткен балалар көп. Олардың ата-аналары орталыққа баласын уақтылы алып келіп, балаға үйге берген тапсырманы уақыт бөліп орындатады. Кеш сөйлеу диагнозында нәтиже 30 пайыз дефектолог маманға байланысты болса, 70 пайыз ата-анаға байланысты. Себебі, ата-ана үйде баламен жүйелі түрде жұмыс жасап, тапсырманы орындату керек.
Бұл жерде балалар үш мезгіл тамақ ішеді, түсте бір мезгіл тынығады, түрлі жаттығулар жасайды, ойнайды.
Енді орталыққа бассейн жасап жатырмыз. Себебі, суға шомылудың да денсаулыққа пайдасы зор. Сонымен бірге кешенді қызмет көрсететін аппарат, яғни ТМС мидың дамуын іске қосатын аппарат алу да жоспарда бар.
Орталыққа сағатпен келетін де балалар бар. Мамандардың қабылдау уақыты бір сағат. Алайда мүмкіндігінше уақытты шектемеуге тырысамыз.
Менің мақсатым – балаларға көмектесіп, дамуына өз үлесімді қосу. Қолымнан келгенінше балаларды қатарға қосқым келеді. Мұндай балаларға сырттай қарасаңыз, дені сау балалардан еш айырмашылығы жоқ. Бірақ, маман болғандықтан қайда жүрсем де, ойнап жүрген балаларды көріп, дамуында тежеуі бар балаларды бірден байқаймын.
Алдағы уақытта орталықты кеңейтіп, жеңіл, қиын диагноздарды бөліп, жеке-жеке қызмет көрсетуді жоспарлап отырмыз.
Бүгінде орталыққа ауданнан ғана емес, Шымкент қаласынан да келіп ем алып жүрген балалар бар.
Баласының денсаулығындағы кінәратты кеш біліп, жан-жаққа ем қабылдауға алып барып жүрген ата-аналар да көп. Олар кейде уақытты жоғалтып алады. Жалпы, дәл диагноз бен нақты емнің ғана нәтижесі болады,- дейді Балнұр Серғалиқызы.
Иә, бала – болашағымыз. Барлық бала бақытты болуға лайықты. Балаларымыз ауырмасын! Алла дерттеріне шипа беріп, сауығып кетулеріне тілектеспіз!
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»