Basty bet
Өз саласының білгірі
Бүгінде мемлекет алдындағы экономикалық міндеттерді жүзеге асыруда қаржы секторының алар орны ерекше. Сондықтан болар, еліміздің экономикалық қуатын еселеп, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын арттыру қаржы саласындағы жемісті еңбекпен тікелей байланысты. Ендеше, ұжымның мақтанышына айналған қаржы саласының майталманы, 30 жылдан аса осы қаржы саласында қызмет еткен, өз ісінің білікті, білімді маманы Рита Сағатділдәқызы бүгінгі біздің мақаламызға арқау болмақ.
Рита Үйсінбаева 1970 жылы Жамбыл ауданына қарасты Аса ауылында дүниеге келген. 1985 жылы Талас ауданы Бөлтірік шешен ауылындағы Шоқан Уәлиханов атындағы орта-мектепті аяқтап, Жамбыл есеп-стат техникумына «есепші» мамандығына құжат тапсырады. Кейіннен сырттай М.Х.Дулати атындағы жоғарғы оқу орнына түсіп, «Қаржы» мамандығын игеріп шығады.
1993 жылы Бақытжан Мадимаровпен танысып, шаңырақ көтереді. Халқымызда «Бақыт дегеніміз – еңбек пен баланың қызығын көру» деген тәлімді сөз бар. Сонау албырт шағында жүрекпен ұғысып, нық сеніммен қол ұстасқан Бақытжан ағай мен Рита апай екеуі 30 жылдай тату-тәтті тірлік кешіп келеді. Есеп-қисапқа жүйрік, жұмыста жауапкершілігі жоғары маман иесі өмірлік серігі Бақытжан Сейсенұлы екеуі отбасында үш қыз, бір ұлды дүниеге әкеліп, бес немере сүйіп отырған бақытты жандар.
Тұңғышы мен екінші қызы тұрмыста. Тараз қаласында тұрады. Үлкен қызы Аида анасының жолын қуып, қаржы саласында еңбек етсе, екінші қызы Малика биология пәнінен ұстаздық қызмет атқарады. Ұлы Сағынғали мен кенже қызы Диана аудан орталығындағы №1 Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназияда білім алуда. Жолдасы Бақытжан ағаның өз иелігінде «Сағынғали» атты шағын шаруа қожалығы бар. Жер-Ана еңбек еткен адамнан несібесін аясын ба?! Бүгінгі таңда, қолда бар шағын ғана жерден табысқа кенеліп, мол өнім алып отыр.
– Еңбек жолымды 1988 жылы Орал қаласындағы «Клара Цеткин» атындағы тігін фабрикасында есепші болып бастадым. Осы салада қызмет ете жүріп, біраз тәжірибе жинақтадым. 1997 жылы Қаратау қаласындағы «Halyk Bankіне» заңды тұлғаларға қызмет көрсететін менеджер болып жұмысқа қабылдандым. Осы бөлімшеде біраз еңбегі сіңген қаржы саласы майталмандарының алдынан өтіп, білімімді одан әрі ұштастырып, тәжірибе жинақтадым. 2017 жылға дейін аталған банкте қызмет ете отырып, басшы сатысына көтерілдім. Аталған жылы ротациямен Жуалы ауданына «Halyk Bank» бөлімшесіне басшылық қызметке тағайындалдым. Қазіргі таңда сол мекемеде несие менеджері болып жұмыс атқарамын,– дейді Рита Үйсінбаева.
«Тірлігі тындырымды» деген тіркес бәрімізге таныс. Көңілімізге жазылып қалған қазақ халқының бұл түйіні ақкөңіл, жайдарлы мінезімен ерекшеленіп тұратын Рита Сағатділдәқызына қаратып айтылған сияқты. Себебі, ол кісі қай қырынан алып қараса да ағайын-туыс, көрші-қолаң, ұжымға үлгілі, өнегелі. Ал, бұл сала қажырлы, қаржы саласына төселген мықты мамандардың мекені.
Айтса, айтқандай. Қызығы да қиыншылығы бірдей жүретін бұл мамандықтың жүгі ауыр.
«Жақсы — жанға тыныс» демекші, Рита Үйсінбаева өз қызметін мінсіз атқарып, жетістіктерге жетіп келеді. Осы еңбегі бағаланып, аудандық мәслихаттың Алғысхатына және өзге де Алғысхаттарға ие болды.
Кейіпкеріміз «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында халыққа тиімді «Homebank» мобильді қосымшасын ұялы телефонға жүктеп, қалай пайдалану керектігі жайлы тұрғындар арасында түсіндірме жұмысы жүріп тұратынын тілге тиек етті. Сонымен қатар, адам белгілі бір ақша сомасын жинаған кезде, оны үйден аулақ ұстау үшін не тиімдірек екенін ойлайды. Депозит ашу туралы ой келеді, тіпті пайызбен. Сонда ақша, олар айтқандай, өз иесіне жұмыс істейді. Ең алдымен банктің тиімді пайызын іздей бастайды. «Halyk Bankінде» тұрғындар ақшасын депозитке жинақтай отырып, банктің белгілі бір үстеме пайызын, өз ақшаларына қосып алады. Сондықтан ақшаны шыны банкі де емес, депозит ашып банкте жинаған дұрыс,- дейді банк қызметкері Рита апай өз сөзінде. Өзінің қалаған кәсібіне адалдықпен қарап, бүкіл ғұмырының қазығы еткен, сол ұстанымы арқылы кейінгі ұрпаққа, жас буынға жақсы жол көрсетіп келе жатқан кейіпкерімізге қанаты талмасын дегіміз келеді.
Анар Тіленшиева,
«Жаңа өмір»