Basty bet

Қазақ халқы құшақ жая қарсы алған

Алғыс айту күні – бұл, ең алдымен, елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Президенттің бейбітшілік пен келісім саясатының салтанатты күні.

Бұл – тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына деген терең тағзымның белгісі.
Қазақ халқы қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді. Бұл бүгінгі таңда еліміздің түрлі ұлт өкілдерінің арасында адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды.
Осыған орай бүгін біз шешен ұлтының өкілі, қазақ келіні Банати Ибрагимова туралы әңгімелейтін боламыз. Ол 1958 жылы ауданымызға қарасты Қошқарата ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Отбасының ең кенжесі, яғни 13-ші перзенті. Осы ауылдағы сегіз кластық орыс мектебін және Көлтоған ауылындағы мектеп-интернатында 9-10 сыныпты оқып тамамдаған.
Жамбыл кооперативтік училищесінде және Шымкент қаласындағы Шымкент кооперативтік техникумында тауартанушы мамандықтарын игерген.
Банати Ибрагимованың айтуынша, ата-анасы қазақ жеріне 1944 жылы 23 ақпанда көшіп келген. Қазақ халқының қонақжайлығы мен жанашырлығын, ақкөңілділігі мен ашықтығын ерекше ұнататынын айтады. Тіпті болашақта қазақ жігітіне тұрмысқа шығуды армандағанын да жасырмады. Себебі, қазақ жігіттерінің салмақтылығы мен намысшылдығы ерекше назарын аударған екен.
Сөйтіп Банати Ибрагимова 1985 жылы Б.Момышұлының азаматы Ғабит Тұрысбековке тұрмысқа шығады.
– Менің ата-бабам Сталин саясатының ызғарымен Қазақстанға қоныс аударған. Қоныс аударды деген тым жеңіл естілетін шығар. Оларды қайда бағыт алғанын айтпай, вагондарға тиеп, қыстың қақаған аязында қазақ даласына әкеліп тастаған. Сол бір қиын шақта ел-жұртынан, туған жерінен көз жазып қалған шешендердің арасында менің де ата-анам бар еді. Анамның сөзінше, сол тұста біздің отбасыны қазақ халқы құшақ жая қарсы алған. Жол жиегіне лақтырып кеткен мүлде бөтен адамдарды жатсынбай, қазақ халқы үйлеріне кіргізіп, бір үзім нанын бөліп беріп, бір шаңырақтың астын паналатқан. Сондықтан да, қазақ халқына деген ризашылығымды, алғысымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.
Мен қазақ жігітіне тұрмысқа шығамын деген кезде, ата-анам біраз қарсы болғаны жасырын емес. Бірақ, мен айтқанымнан қайтпадым. Ақырында ата-анам ақ батасын беріп, шығарып салған жайы бар.
Ата-енем де керемет жақсы кісілер болатын. Мені өз қыздарынан кем көрмеді. Шешен ұлты мен қазақтың салт-дәстүрі, тағамдарынан да айтарлықтай айырмашылық жоқ. Сондықтан қазақ отбасына келін болу маған қиынға соққан жоқ – дейді Банати Исрайылқызы.
Қазіргі таңда Банати Ибрагимованың аудан орталығындағы «Райхан» мейрамханасының ісін жандандырып отырғанына 18 жылдан асты. Ол аудандағы белді кәсіпкерлердің бірі. Мұнда жалдамалы 18 жұмысшы жұмыс істейді. Кәсіпкер мейрамхананың «Райхан» аталуының себебін де түсіндірді. Оның айтуынша, Райхан есімді қазақ қызы өте жақын құрбысы, сырласы болған. Сондықтан мейрамхананың атын құрбысының есімімен атаған. Мұның өзі Банати ханымның бауырмалдығы мен адалдығының белгісі.
Отағасы Ғабит Тұрысбеков ішкі істер саласының ардагері, зейнеткер. Екеуінің Гүлмира және Элита есімді қыздары бар. Екеуі де Алматы қаласында тұрады. Гүлмира тұрмыс құрған. Ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқытушы болса, екінші қызы Элита Алматы қаласындағы құрылыс коммерциялық компаниясының директоры болып қызмет атқарады.
Ата-ананың ендігі арманы – кіші қызы Элитаны тұрмысқа беріп, құтты ұясына қондыру болып отыр.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close