Basty bet

Мәжіліс пен мәслихаттар жаңа үлгі бойынша жасақталады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын өткізуге қатысты мәлімдеме жасады. Бұл шешім – конституциялық реформаның жалғасы.
“Өздеріңізге мәлім, мен былтыр күздегі Жолдауымда Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы осы жылдың бірінші жартысында болатынын жарияладым. Яғни, бұл бастама айтылған сәттен сайлауға дейін жарты жылдан астам уақыт өтеді. Тәуелсіздік жылдарында сайлауға дайындалу үшін кандидаттар мен саяси партияларға осыншама көп уақыт берілген емес” деп атап өтті Президент.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, енді Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім арқылы, ал қалған 30 пайызы бір мандатты округтерден сайланады. Ал, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихат депутаттары да аралас жүйе бойынша сайланады. Депутаттардың 50 пайызы бір мандаттық жүйе арқылы, 50 пайызы партиялық тізім бойынша өтеді. Ал, аудан және облыстық маңызы бар қалалардағы мәслихат сайлауында азаматтар бір мандатты округтерден шыққан кандидаттарға дауыс береді.
Қысқасы, биылғы сайлауда Мәжіліс пен мәслихаттар жаңа үлгі бойынша жасақталады. Сайлаушылардың мүддесі жалпыұлттық және аймақтық деңгейде қорғалады. Осылайша, өкілді билікке түрлі көзқарастағы азаматтардың келуіне мүмкіндік туып, азаматтық қоғамның одан әрі дамуына айтарлықтай жағдай жасалады.
Халық жаңа жүйенің жаңашылдығынан үмітті. Бұл сайлаудан кейін биік мінберге халық танитын азаматтар көтеріліп, тұрғындардың мұң-мұқтажын құзіретті органдарға батыл үнмен жеткізеді деген сенім мол.

Перизат Шымыртайқызы,
аудандық “Жаңа өмір” газетінің бас редакторы

Таңдаулы материалдар

Close